Спорт • 27 Мамыр, 2019

Белдесуде Дәурен дара шықты

838 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде қазақ күресінің бір тармағы – белдесуден республикалық турнир өтті. Аталған спорт түрінен бақ сынауға Қазақстанның барлық аймағынан 1000-ға жуық балуан келді.

Белдесуде Дәурен дара шықты

Екінші рет өткен турнир «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз «белдесу» спорт түрін қайта жаңғырту, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттау және спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылды.   

Халық арасынан ең мықты балуанды анықтау шарасын  Мәдениет және спорт министрлігі, қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізді.

Күрес мерекесіне Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Диханбай Биткөзов, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев сынды мырзалар қатысты. Сондай-ақ, шара барысында «Алашұлы», «Ұлытау», «Тұран», «Алдаспан» топтары өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтар мен атрибуттар насихатталатын театрландырылған шоу және акробатикалық көрсетілімдер, ат үстіндегі ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктері, семсерлесу сахналары ұйымдастырылды.

Белдесуге келген 1000-ға жуық балуан жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңінен өтті. Ал турнирдің екінші күні 32 балуан өзара күш сынасып, нәтижесінде:

Бас жүлде иегері Нұралинов Дәуренге (Алматы қаласы) 9 000 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Жатықтырушысы Қиқымов Мақсатқа 1 000 000 теңге табысталды.

ІІ орынды иеленген Жиентаев Талғатқа  (Қостанай облысы) 4 500 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Жатықтырушысы  Жиентаев Тоқтарға  500 000 теңге табысталды. ІІІ орынды еншілеген Қырықбаев Ғалымжанға (Жамбыл облысы) 2 700 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Жатықтырушысы Ақбергенов Бахтиярға  300 000 теңге табысталды. ІV орынға табан тіреген Мағауинов Ернар (Алматы қаласы) 1 800 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды. Жатықтырушысы Насиев Ермекке 200 000 теңге табысталды.