Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің Жетісай ауданына сапары барысында мәлім етілді. Жаңа шағынаудан жобасымен танысқан облыс басшысы Ынтымақ ауылында орналасқан «Жетісай» биофабрикасына аялдады. Фабрика жылына 50 мың гектар алқапты зиянкестерден қорғайтын жәндік өсірумен айналысады. Атап айтқанда, трихограмма (44кг), алтын көз (7 млн дана), бракон (9 млн дана) сынды өнімдерді өндіреді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 24 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биофабриканың мәжіліс залында аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев аймақтың даму жоспары жөнінде баяндады. Аудандағы индустриалды аймаққа орналасатын жобалар, инфрақұрылыммен қамту мәселелері мен өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жиынды қорытындылаған Өмірзақ Шөкеев жалпы облыстың оңтүстік аймақтарындағы аудандардың дамуы баяу жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды көбейтуді тапсырып, бұл мәселе өзінің жеке қадағалауында болатынын жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімі Ш.Уәлиханов жалпы орта мектебінің ғимаратында болып, аудан басшылығына тозығы жеткен нысанның орнына жаңа заманауи үлгідегі мектеп салуды тапсырды. Жылысу ауыл округінің Жылысу, Мырзашоқы, Байқоныс, Баққоныс, Әл-Фараби елді мекендерін сумен қамту жүйелерімен танысты.
Түркістан облысы