Руханият • 28 Мамыр, 2019

Қайжы

1478 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қайжы
1980 жылдың көктемі. Ол кезде біз ҚазМУ-дің журналистика факуль­те­тінің үшінші курсында оқитынбыз. Әдет­­тегідей сабақтан шығып, сту­дент­­тер қалашығындағы жіңішке тро­туардың бойымен ұбап-шұбап жатақ­ха­наға қарай келе жатқан бетіміз. Кенет дәл жанымыздан жүгіре басып, сы­қылықтап күліп өте шыққан бір топ қыздың арасынан біреуі бөлініп қалып:

– Кешіріңіздер, сіздер болашақ журналистерсіздер ме? – деп сұрады тап-таза орыс тілінде.

– Иә.

– Ендеше, мен қателеспеген екен­мін.
Осы сәтте:

– Қарындас, – деп жымиды біздің ара­мыздағы орысшаға шорқақтау бір досымыз, – өз тілімізде сөй­ле­се берсек қайтеді, а?!

Қараторы өңді сүйкімді қыз сәл мүдіріп қалды да:

– Егер, мен өз ана тілімде сөйлесем, сіздер түсінбей қалуларыңыз мүмкін, – деді.

– Қалайша?!

Енді біз таңданып, бір-бірімізге қара­дық. Сөйтсек, өзімізше қазақ қызы деп тұрғанымыз – қазақ емес, хакас қызы екен.

Оның бізбен, яки болашақ журналистермен неге танысқысы келіп кідіргенін де кейін түсіндік. 

Бір қарағанда, өте қарапайым, ашық мінезді, кейде тіпті, тым-тым аңғал болып көрінетін сол бір қыздың жаны өте нәзік, пейілі ақ еді. Есімі... ұмыт­­пасам, Надежда болатын. 

Ол өзінің туған елі – Хакасия ту­­ра­­лы жиі айтушы еді. «Шіркі-і-ін, сендер барып көрсеңдер ғой! Қан­­дай тамаша жер! – дейтін тамса­нып. – Мен сендерді Хакасияға қо­­наққа шақырамын. Келесіңдер ме? Біздің елдің адамдары да тура қа­зақ­тар сияқты қонақжай. Түріміз де, тір­ші­лігі­міз де сіздерге қатты ұқ­сай­ды. Тіпті тілімізде де ұқсас сөз­дер өте көп! Біл­мей­тін жұрт бізді кіш­кен­тай ғана ұлт деп ойлайды. Ал шын­дығында, тари­хи тамырымыз өте тереңде жатыр. Менің тарих факуль­тетін таңдағаным да сон­дық­тан...».

Ол бізден ылғи да: «Хакасия туралы жазыңдаршы», деп өтінуші еді.

Сөйтіп жүріп, бізге географиялық картадан ғана таныс Хакасия деген елге қызығушылығымызды қалай оятқанын тіпті аңдамай да қалыппыз. 

*  *  *

Хакастар халық ауыз әдебиетінің ірі өкілдері болып саналатын жыршыларды қайжы деп атайды. Олар да біздің жыршы-жыраулар секілді батырлар жырын, ғашықтық дастандарды бірнеше күн бойы жатқа айтады. Тек, бір ерекшелігі, қайжылар – дыбысты тамақтан шығарады. Былайша айтқанда, қырылдап отырып жырлайды. Бұл әрине, сібір халықтарына ежелден тән қасиет. 

Бүгінгі біздің әңгімеміздің өзе­гі­не айна­лып отырған қайжы Семён Кады­шев өз ұлтының бай мұ­расын көзінің қара­шығындай сақ­тап, елінің рухын сөндірмей, өле-өлгенше жырлап өткен тұлға.

Қайжыны қадірлеп, айрықша құр­мет тұтатын жұрт өзінің той-тома­ла­ғын онсыз өткізбейтін болған. Жан-жағы­нан қаумалап ортаға алып: «Ал қане, бізге енді бір жыр айтып бер», деп қолқа салады екен үнемі. Сонда Семён Прокопьевич мұртын бір сипап қойып, екі езуі екі құлағына қарай жайы­лып: «Әй, мен бүгін тойға «жаяу» кел­дім ғой!» дейтін көрінеді.

Мұның сыры – «менің қолымда чатханым жоқ қой,» дегенді білдіреді. Ал «чатхан» дегеніңіз – алты-жеті шекті, кәдімгі «жетіген» сияқты музыкалық аспап.

Қайжының сөзін естіген үй иесі: «Біз саған ең жүйрік тұлпарымызды әзірлеп отырмыз. Жолаушыға – ат, жыршыға – чатхан ауадай қажет екенін білеміз», дейді жымиып.

Сөйтіп олар өз аулындағы ең жақсы чатханды алып келеді. 

Ал Семён Кадышев болса, әлгі чатханның құлақ бұрауын өз даусына келтіріп алып, «Албынжы» жырын бастайды. Содан соң рет-ретімен «Алтын арыгты», «Хан Кичигейді», «Ай Хучыны», «Кумус хапаттыг Кок пора аттыг Кун Тонысты» жырлауға көшеді.

Өз елінің тарихын, қаһарман батырларын еске алып, көңілі толқып отырған жұрттың көзіне жас үйіріледі. Атам замандағы небір қиын да қызықты оқиғаларға өздері куә болғандай ой-қиялдары көкке самғап, ту-у сонау биікке шырқап шығады.

«Шыңда өскен шынар ағашының тамыры тау құйқасына қалай жабысып, тастай қатып, тырмысып жататынын көргендеріңіз бар ма? Міне, қайжы толғаған жырлардағы бейнелер де тап солай, тыңдаған жанның жадында өмір бақи сақталып қалады, – деп жазады ол туралы хакас жазушысы Михаил Кильчичаков. – Көкорай көктем мезгі­лі­нің адам көңілін ешқашан мезі етпейтіні секілді Семён Прокопьевич Кады­шевтің поэзиясы да мені ешқашан жалық­тырған емес».

*  *  *

С.П.Кадышев 1885 жылы Хака­сия­ның Шырын ауданындағы Таршы ұлысында дүниеге келген. Жас­тай­ынан әкесімен бірге аңға шығып, табиғатты тамашалап, айна­ла­дағы адам­дармен бірге аң-құстардың да тіршілігін көріп- біліп, көңіліне тоқып өскен.

Ақ Уыс, Қара Уыс өзендерінің жоғар­ғы сағасындағы қалың тайганы кезіп, күн қатып, түн қатып жүріп аң аула­ған шақтарында өз елінің мұңы мен қайғысын тереңнен түсініп, ендігі ру­хын сөндірмеуге белін бекем буған жан.

Ол кездегі аңшылық, расында да, ауыр азап пен зор михнатқа толы бейнет болатын. Апталап-айлап үй бетін көрмей, тайганы кезіп, табанынан то­­зып жинаған бағалы аң терілерін аңшы­­лар шет жақтан келген байшыкештерге болмашы ғана арзан бағаға сатуға мәж­бүр болушы еді.

Күнкөріс қамымен ол кейін алтын кенішінде де жұмыс істеді. Мұнда да таң атқаннан күн батқанға дейін белі бүгіліп құм таситын жігіттердің уақыт өткен сайын мүжіліп, күш-қайраты тау­сылып, жігері жаситынын көрді. Сон­дық­тан жас жыршының сол бір кез­дегі толғаған жырлары да көбінесе мұңды, қайғылы болып келетін-ді...

«Біздің таныстығымыз 1945 жылы, соғыс аяқталған кезде қайта ашылған облыстық ғылыми-зерттеу институты ел ішіне шығатын фольклорлық экспе­ди­­­цияларды ұйымдастырып жат­­қан шақ­та басталды», деп жа­за­­ды белгілі музыка зерттеушісі А.А.Кенель. – Жалпы Хакасия халық таланттары­на өте бай ел. Ондаған жылдар бойы Абакан қала­сын­да жыршылар мен әншілердің жиыны өтіп келді. Соның ішінде, әсіресе, 1959 жыл­дың көктемінде өткен өнер сайысына қатысқан өнерпаздар өте көп еді. Бұл сайыстың басты мақсаты – ақын-жыршыларды бір-бірімен таныстыру, шығармашылық тәжірибе алмасу болатын».

Міне, сол топтың ішінде ерекше көзге түсіп, халық жырларымен бірге өз жырларын да көктемгі ақ нөсердей сел­­де­­тіп ел ықыласына айрықша бө­лен­­­ген Семён Кадышев еді.

Осыдан кейін үкімет қайжы шығар­машылығына ерекше көңіл бөліп, кеңінен насихаттауға жол ашты. Есе­сі­не ол да үкіметтің қаулы-қарар­ла­рын насихаттап, үгіт жүргізіп отыруға мәж­бүр болды.

Әйтсе де, ел ақынды өзінше құр­мет­теді. Өзгеше қадірледі. Оны Халық қай­­жысы деп атады.

Жасы сексенге толған шағында қарт қайжы Михаил Кильчичаковтың үйіне қонаққа келіп отырып:

– Миша, – дейді ол өз көңіліндегі бір сырды тарқатып, – менің даусым ылғи да осындай бәсең, әлсіз болды деп ойлайсың ба?! Шіркін, жас кезімде қалай жырлағанымды көрсең ғой! Мен әу деп бастағаннан-ақ қыздар көзін төңкеріп, сықылықтап күліп, ал жас келіншектер болса, көзінің жасын сүр­тіп отырып тыңдайтын-ды!.. Міне қара­шы, құлақ салшы жырыма!..

Ақ үйрек жүзген

Асау ағынға

Қараймын көз сап,
Ата аламын ба?
Қара бұрымды, 
бейкүнә құсты,
Білмеймін, мүмкін
Ұнатамын ба?..
Қызға да өстіп,
Сыр айта алмай,
Жүректі үнсіз
Жылатамын ба?..
Көк үйрек жүзген
Көгілдір айдын.
Қараймын, бірақ,
Атпаймын.
Қалқаға сол бір,
Қоспады тағдыр,
Сонда да есте 

Сақтаймын...

Иә-ә, жан-дүниеңізбен беріліп, ұйып тыңдай отырып: «Қайран, қайжы, мына өмір ақынның да, батырдың да басынан өтіп, баққа да, байлыққа да қарамай, желдей зулап кетерін айтқан екенсің-ау!» дейсіз еріксіз.

Менің ойыма баяғы-ы, студент кездегі хакас қызы оралады. Ол өзінің туған елін, өскен жерін сағынғанда бізге алыстағы Саян таулары, Абакан даласы туралы айтушы еді.

Нәркес қара көзіне жас үйіріліп, Алатаудың биік шыңдарына қарап:

«Былтыр Қостанайға картоп теруге барғанымызда қазақ даласының сондай ке-е-е-ең екенін көріп, қатты таңғалдым», дейтін.

Бірде ол Абаканнан «Хакас хал­қы­ның мақал-мәтелдері» деп аталатын ала­қандай кітап алып келді. Сонда біз: «Апыр-ай, түріміз ғана емес, тіліміз де ұқсас екен ғой», деп шынында да қай­ран қалдық.

*  *  *

Расында да, хакастар іргеміздегі қырғыздар секілді бізге туыс, рухани жақын халық. Олардың «Албынжы» жы­рындағы Құлатай батыр, зұлым си­қыр­шы Юзут-Арх (Жүзіқара), қарақат көз сұлу қыз Жарық-Көк, «Хан-Кіші­гей» жырындағы Кішігей секілді кейіпкерлердің аты, Кем-су (Енисей), Ағбансу (Абакан), Үйбата, Қамысты, Ақ және Қара иіс, Сарала сияқты жер-су атаулары біздің тілімізбен бірге тарихымыздың да тамыры, түбі бір екен­дігін анық аңғартып тұрады.

Өз ұлтының рухын өшірмей, ауыз әдебие­тінің асыл қазыналарын сақтап, бүгін­гі күнге жеткізген қайжы 1977 жылы шілде айының 30-ында дүние салды. Түркітілдес туысқан елдердің мәдени байланысы мен ынтымақтастығын нығайту жолында қызмет етіп келе жатқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2015 жылы С.П.Кадышевтің 100 жылдығын кең көлемде атап өтті.