IT-блогер Ерлан Оспанның айтуынша, Трамптың «қара тізіміне» енген компаниямен жұмыс істеу кез келген компания үшін қауіпті. Сондықтан Американың санкциясына ұшырамау үшін бизнес әлемі әлдеқашан екі қадам алда жүруге әдеттенген. Демек, Huawei-дің смартфондарынан бастап, ноутбук пен желі жабдықтары өндірісі бизнесіне кәдімгідей қатер төнді дей беруге болады.
– Айталық, бұрын Huawei ноутбуктарына процессорды Intel-ден алатын. Ал оның смартфондарына Qualcomm процессор беретін еді. Енді екеуі де көмектеспейді, оған мүмкіндік жоқ. Бірақ соған қарамастан қытайлық hi-tech алпауыты берілмеуге тырысуда. Қалай болған күнде де Huawei-дің 2020 жылға қарай «әлемнің үздігі боламыз» деген ұранының орындалуы екіталай. Себебі HiSilicon-ның, жалпы Қытайдың ғылыми-технологиялық әлеуетін жаһандық жетістіктерден бөліп қарау қиын, – дейді ол.
– Ал Android жүйесінен айырылудың зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Меніңше, Huawei-дің SOS жүйесін өзіміз жасап алдық, сынақтан өткізіп жатырмыз деген мәлімдемелері шындықтан гөрі, «арығын білдірмей, сыртқа жүнін қампайтуға» көбірек ұқсайды. Иә, тіпті жүйені жасап алуға да болады. Бірақ оған қосымша жазатын миллиондаған бағдарламашыларды тез арада тәрбиелеп ала қою мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Android – кодерлер үшін «ауруы» әбден белгілі болған «атыспаққа жақсы ескі жау». Екіншіден, ешкім Америка нарығында сатылмауы мүмкін қосымша жасауды үйрене қоймайтын шығар, – дейді IT-блогер.
Сонымен Huawei смартфонын сатып алатын ағайын үшін енді Android-тың жаңғыртулары жабық. Googl Play дүкені мен Gmail электронды поштасын да қолдана алмайды.
Blumberg-тің хабарлауынша, қытайлық компания қанша жерден қуатты болса да, америкалық компанияларға тәуелді. Қазірдің өзінде үш-ақ айға жететін қосымша бөлшектері қалған Huawei одан кейін шығынға батуы әбден мүмкін. Соған қарамастан, компания басшысы ешқандай күрделі мәселе жоқ екенін айтудан танар емес. АҚШ үкіметінің шешімінен кейін іле-шала баспасөз мәслихатын өткізген компания басшысы:
– Сөз жоқ, біз клиенттерімізге лайықты қызмет көрсетуді жалғастыра береміз. Біздің сериялық өндірісте орасан зор күш-қуатымыз бар, дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілетті болып қала береміз. Өсім қарқыны төмендеуі мүмкін, бірақ бұл соншалықты жоғары болмайды. Биыл бірінші тоқсандағы біздің операциялық табыстарымыз былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға жоғарылады, сәуір айында 25 пайызға төмендеді. Бәлкім, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы да төмендейтін шығар, бірақ минусқа кірмейміз, – деді ол.