Табиғаттың тамылжыған дидарына кіреуке түскелі, ат тұяғы жететін жердегі қоғалы көлдер қорысқа айналғалы қашан?.. Осыншама көлдің 328-інде ғана балық өрістейді. Қалғаны тайызданып, лайланған. Көпшілігі табиғатты аяуды білмейтін безбүйректіктен. Мәселен, облыс орталығынан таяқтастам жердегі Шағалалы су қоймасы жаз бойы қала тұрғындарының суға түсіп масайрап, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта жандары сая тауып шомылып, балық аулайтын жері. Негізінен бұл жерден облыс орталығының тұрғындары су ішіп отыр. Әйтсе де, ереже атаулыны есінен шығарып, көлік жуатындар да, иттерін шомылдыратындар да кездеседі.
Тазалықтың жөні осы болса, су қоймасындағы балыққа келетін қауіп-қатер де адам қолымен жасалып отыр. Мәселен, әуесқой балықшылар бақылаушылардың көздерін ала беріп, құлаш-құлаш қытай ауларымен сүзеді. Қорықшының көзіне түсіп қалып, қашып жүргенде ауларын да тастап кетеді екен. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдері осылай деп отыр.
Таяуда «Таза су қоймалары» акциясы басталды. Бұл шаруа бір ай бойы жүргізілмекші. Табиғат жанашырлары ең алдымен ізгілікті ісін Шағалалы су қоймасынан бастады.
– Мұндай акцияны жыл сайын жүргіземіз. Қала тұрғындарына да өздері игілігін көріп отырған табиғатты күте білуі керегін айтып жатырмыз,–дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің жетекшісі Мұрат Шалабай, – күзге дейін жағалау күл-қоқысқа, ыдыс-аяққа толып кетеді.
Жағалауға әр 500 метр сайын қоқыс жәшігін орнатқан. Айына екі рет тазартып тұрады. Суда қалған ауды жинастырудың да амалын тапқан. Моторлы қайыққа су ішіндегі ауларды іліп алатын арнайы құрылғы орнатылыпты. Ұзақ уақыт су ішінде тұрып іріп-шіріген ауларды жағалауға шығарып, өртеп жібереді екен.
Шағалалы су қоймасын тазартып болған соң Сілеті мен Астана су қоймаларында да дәл осындай акция қолға алынбақ.
Ақмола облысы