Аймақтар • 28 Мамыр, 2019

«Ралли Қазақстан 2019»: алғашқы күні катарлық Әл-Аттия көш бастады

956 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстау даласында өтіп жатқан FIA Халықаралық Автомобиль Федерациясының «Ралли Қазақстан 2019» ралли-рейдінің бірінші күні аяқталды. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша ең үздік уақытты катарлық Нассер Салех Аль-Аттия көрсетті, өткен жылғы қазақстандық кезеңнің жеңімпазы Сауд Арабиясының автошабандозы Язид Аль-Раджи екінші нәтижеге қол жеткізсе, польшалық экипаждың шабандозы Якуб Пшигонски үздік үштікті тәмамдады. «Ралли Қазақстан 2019» алғашқы учаскесінің қашықтығы 280 шақырымды құрады. Бұл туралы Автомотоспорт федерациясы баспасөз қызметі хабарлады.

«Ралли Қазақстан 2019»: алғашқы күні катарлық Әл-Аттия көш бастады

Бірінші кезеңде ралли Ақтау қаласынан оңтүстікке қарай, облыс орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 210 шақырым жерде орналасқан Кендірлі курортына бет алды. Бірінші жарыс күні қызу қарқынмен өтті. Әлемнің үздік раллишылары бірден алға ден қойып, мәреге дейін тайталасты. Қолайлы ауа райында автошабандоздар жылдамдықты бірден арттыра түсті. Барлық автожарысшылар мәре сызығын еш қиындықсыз және техникалық инциденттерсіз сәтті кесіп өтті.

Қазақстандық кезеңнің фавориттерінің бірі, «Дакар» ралли-жарысының қазіргі чемпионы катарлық Нассер Салех Әл-Аттия (Nasser Al-Attiya Team) штурманы Матье Бомельмен бірге, көшбасшылықты бірден өз қолына алып, қашықтықты 2 сағат 22 минут және 3 секундта бағындырып көш бастады. Көшбасшыға лайықты бәсекені «Ралли Қазақстан 2018» жеңімпазы Язид Әл-Раджи (Overdrive Racing) экипажы көрсете білді, Toyota Hilux автокөлігінде Сауд Арабиясынан шыққан автожарысшы катарлықтан небәрі екі секундқа артта қалды.

Көлік дөңгелегін ауыстыруға жоғалтқан уақытқа қарамастан, Насер Салех әл-Аттия бірінші орыннан көріне білді. Катардың шабандозы жарыстың бірінші күнінен алған өз әсерімен бөлісті.

- Командалық жұмыс пен ұйымшылдықтың арқасында біз қарсыластарға қарағанда әр бұрылысты жылдам өтіп, бағалы секундтарды үнемдедік. Егер есіңізде болса, өткен жылы бірінші учаскеде біздің автокөлігімізге айтарлықтай зақым келіп, біз жарысқа қатысуымызды тоқтатқан болатынбыз. Әзірге барлығы жоспар бойынша жүруде және біз өте оптимистік көзқарастамыз. Қазіргі міндет - барынша сақ болу және келесі жарыс күнінде де көшбасшылықты сақтап қалу, деді Катардың тәжірибелі раллишысы Нассер Салех Әл-Аттия.

Язид Әл-Раджидің экипажы жарысты төртінші болып бастады және оның штурманы Дирк фон Цитцицтің айтуы бойынша, доданың орта тұсында олар Стефан Петеренсельдің (X-raid MINI JCW Team) экипажын қуып жеткен, одан кейін Владимир Васильевтің (VRT Team) командасымен ашық айқасқа түскен. Нәтижесінде, Язид Әл-Раджи ресейлік ұжымды мәре сызығына дейін артқа тастай алды.

- Біз бастапқы күннің қорытындысы бойынша өз нәтижемізге ризамыз. Ақтаудан Кендірліге дейінгі трассадан бәсекелестіктің нағыз рухы мен драйвын сезіндік. Алда әлі көп күн жарыс, бір минутқа да мұқияттылықты жоғалтпау маңызды. Біз таңдаған стратегияны ұстанамыз және көшбасшыдан осылайша қалыс қалуды қысқарта түсеміз, деді Язид әл-Раджи.

Ралли-рейд бойынша Әлем Кубогының қазіргі чемпионы Якуб Пшигонски (Orlen X-raid Team) Mini John Cooper Works Rally автокөлігімен мәреге үшінші болып жетті, польшалық автошабандоз экипажы бірінші күннің жеңімпазынан 3 минут және 1 секундқа артта қалды.

- Бүгінгі жарыс күні әдемі табиғи пейзаждармен есте қалды. Біз жетінші болып жарысты бастадық,  ал мәре сызығын үшінші болып кестік. Күшімізді дұрыс жұмсай отырып, тұрақтылықты сақтап, өз нәтижемізді біртіндеп жақсартуымыз қажет, - деді поляк пилоты Якуб Пшигонски.

Осы жылғы Әлем Кубогының жалпы есебі бойынша көшбасшылардың бірі Стефан Петерансель (X-raid MINI JCW Team) өзінің штурманы, әрі жұбайымен бірге сегізінші орынға жайғасты. Одан кейінгі орынға тәжірибелі қазақстандық автожарысшы, «OFF ROAD Kazakhstan» командасының өкілі Андрей Чередников өзінің штурманы Игнат Фальковпен бірге орналасты. Қазақстандық команданың көшбасшыдан 26 минутқа артта қалғанына қарамастан, жарысты жоғары қарқынмен жалғастыруға дайын.

Стефан Петерансель үшін бірінші күн сәтсіз болды. Аты аңызға айналған француз автошабандозы жылдамдықты үдете түсіп, Mini John Cooper Works Rally автокөлігінің дөңгелегін жарып алды. Дөңгелекті ауыстыру көп уақыт алғандықтан, ол көшбасшы шабандоздардан айтарлықтай артта қалды. Француз «Ралли Қазақстанға» алғаш рет қатысуда және оған әлі де Маңғыстаудағы жолсыз жердің ерекшелігіне үйренуге тура келеді.

Т2 санатында ең жақсы уақытты 3 сағат 9 минут және 9 секунд нәтижесімен тағы бір Катардың автожарысшысы Мохаммед Әл-Миир (Mohammed Nasser Almeer) көрсетті. Екінші және үшінші орындарды түрікмендік шабандоздар, Түркменстанның автоспорт федерациясының өкілдері иеленді. Бразилияның автошабандозы Рейналдо Варела (MONSTER Energy Can-Am) Т3 санатында бірінші болып, 3 сағат 4 минутта мәреге жетті. Жүк көліктері санатында ресейлік «Камаз-мастер» командасынан Дмитрий Сотниковқа тең келер ешкім болмады, оның экипажы бірінші күннің қашықтығын 3 сағат 2 минут және 59 секундта жүріп өтті.

Сейсенбі, 28 мамыр күні шабандоздарды құмды алқап арқылы ең қашық 414 километрге созылған айналма учаске күтіп тұр. Екінші күн Сенек елді мекенінің шығысына қарай орналасқан шөл арқылы Кендірлі бивуакында басталып, сол жерде өз межесіне жетеді.

Маңғыстау облысы