Қазақстан • 28 Мамыр, 2019

БҰҰ-ның Бангкоктағы сессиясында Елбасы бастамаларының нәтижелері таныстырылды

845 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылғы 27-28 мамырда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Бангкок қаласында өтіп жатқан БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) 75-сессиясының жұмысына қатысуда. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

БҰҰ-ның Бангкоктағы сессиясында Елбасы бастамаларының нәтижелері таныстырылды

Іс-шараның министрлік сегменті шеңберінде Қазақстан делегация басшысы елдік мәлімдемесі барысында Қазақстанның ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлерде орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы ілгерілеуі туралы хабарлады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бастамаларды жүзеге асыру арқасында адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету саласындағы бірегей нәтижелер атап өтілді. Сонымен қатар, М.Тілеуберді аудиторияға транзиттік-көлік әлеуетін дамыту саласындағы, соның ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» Қытай бастамасының түйісу контекстінде елдің жетістіктері туралы ақпарат берді. Өңірлік контексте «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығы, Мемлекеттік қызметтің өңірлік хабының, Орталық Азия экономикаларына арналған БҰҰ арнайы бағдарламасының (СПЕКА) қызметі және Алматы қаласында Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ өңіраралық орталығын құру жөніндегі бастама баяндалды.

Іс-шара шеңберінде Таиландтағы Қазақстанның Елшілігі Қытай Халық Республикасының Тұрақты өкілдігі және АзТМЭӘК Хатшылығымен бірлесіп "Бір белдеу, бір жол" бастамасы мен Тұрақты даму саласындағы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібінің өзара байланысына арналған сайд ивент ұйымдастырды. Панельдік пікіралмасу барысында Елші Раушан Есбулатова инфрақұрылымдық байланыстарды дамытудың қазақстандық тәжірибесімен бөлісіп, Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөлін атап өтті.

Сессия аясында М.Тілеубердінің БҰҰ Бас хатшысының орынбасары-АзТМЭӘК Атқарушы хатшысы А.Алисджабана және ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ж.Цунмен екіжақты кездесулері өтті.