Сайлау • 28 Мамыр, 2019

Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Шымкент жұртшылығымен кездесті

991 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Шымкент қаласына келді. Қала активімен, шаһар тұрғындарымен өткен алғашқы кездесуде штаб мүшелері Шымкент қаласының даму әлеуетіне тоқтала келе, ары қарай өркендеу бағытындағы Қ.Тоқаевтың бағдарламасындағы басымдықтар жайын сөз етті.

Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Шымкент жұртшылығымен кездесті

Үшінші мегаполистегі «Түркістан» сарайында өткен кездесуге республикалық қоғамдық штабтың штаб жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев бастаған республикалық қоғамдық штаб мүшелері, Шымкент қаласының активі, әкімдік өкілдері, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ұстаздар, студенттер, БАҚ өкілдері, жалпы саны 1500-ге жуық адам қатысты.

Алдымен баяндама жасаған қоғамдық штабтың төрағасы Мәулен Сағатханұлы Қ.Тоқаевты үміткер ретінде Елбасының өзі ұсынғанын айтты. Спикер Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан мен шетелдегі ең маңызды деген лауазымдарды атқарғанын айтып, елдің экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамуына сіңірген үлесіне тоқталды.

«Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің даму қарқыны жоғары болды. Енді араға бірнеше жыл салып, бұл шаһар өзінің дамыған инфрақұрылымымен, өмір сүруге қолайлы жағдайымен, тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азия мен ТМД аймағындағы ең ірі қалаға айналады деп сенеміз. Ол үшін кандидатымыздың бағдарламасында айтылғандай бір орында тұрмай өрлеу қажет. Ал өрлеу ауылды жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, үш ауысымды мектептерді заманауи білім ошақтарымен ауыстыру, апатты жағдайдағы мектептерді жабу сияқты нақты істерден басталады. Мұның барлығы Қ.Тоқаевтың бағдарламасында нақты көрсетілген» деді Штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Сағатханұлы ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының үш негізгі ұстанымы туралы баяндады. Сондай-ақ кездесуде Мәжіліс депутаты, Халық қаһарманы Б.Ертаев, тележүргізуші Д. Нұржігіт, белгілі қаламгер Н. Оразалин, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Д. Қыдырәлі, қоғам қайраткерлері Қ. Сұлтанов пен З. Тұрысбеков, «Достық» қауымдастығының төрағасы И. Хакимжанов сөз алып, кандидаттың бағдарламасындағы негізгі басымдықтар мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұстанымдарға назар аударды.

Сондай-ақ, Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Шымкент қаласының жастарымен кездесті. «Көрме» орталығында өткен Республикалық штабтың белсенді жастарынан құралған «Team Qazaqstan» форумына 3 мыңнан аса жас қатысты.

«Жастар – еліміздің болашағы. Жас буын мемлекеттің дамуында шешуші рөл атқарады. Оларға барлық жағдай жасалуы керек. Біздің жас азаматтарымыз – мақсатшыл, еңбекқор, бастамашыл. Сондықтан да Қазақстанымыздың болашағы зор!» - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында. Кандидатымыз сіздерге үлкен сенім артып отыр. Барлықтарыңызды 9 маусымда сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырамын!» деді Республикалық штаб жетекшісі М.Әшімбаев.

Форумға жиналған жастардың алдында сөз алып, елдің ертеңіне бейжай қарамай, сайлауға шақырғандардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары Мәдина Сәдуақасова, Айқын Төлепберген, «Алашұлы» тобының әншілері, белгілі тележурналист, блогерлер Асхат Садырбай, Ерғазы Әзімханұлы және танымал актриса Құралай Анарбекова, тележүргізуші Дәулет Бижанов сияқты белсенді жастар болды.
Шымкенттік жастар форумда айтылған бастамаларды қолдап, өз тараптарынан белсенділік танытты. 

Мұнан соң жетекші партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы бастаған Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Шымкенттегі ірі өндіріс орындарында болып, ондағы сайлаушылармен кездесті. Әрі, 9 маусымдағы саяси науқанға белсене қатысып, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.