16 Сәуір, 2013

Қазақстан халқы Ассамблеясы: этносаралық үнқатысудың ұтымды ұйымы

754 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы: этносаралық үнқатысудың ұтымды ұйымы

Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:06

Тәуелсіздіктің алғашқы күрделі жылдары мемлекеттің барлық саласында реформалар терең жүріп жатты. Елдің саясат майданындағы түйінді проблемалар және күр­делі қоғамдық-әлеуметтік мәсе­ле­лер­мен қатар, сыртқы саясатта да келелі мәселелер күн тәрті­бінен түскен жоқ. Шешімін уақытында қабылдауды талап етті. Қазақстан қоғамы өзінің құн­дылықтарын қайта бағалау мен ұлттық бірегейлігін іздеудің қиын жолын өткерді. Өмірдің күрделі кезеңдерінде халықтың даналығы мен ұлттың рухы бақылаушы әрі бағдарлаушы қызмет атқарды.

Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:06

Тәуелсіздіктің алғашқы күрделі жылдары мемлекеттің барлық саласында реформалар терең жүріп жатты. Елдің саясат майданындағы түйінді проблемалар және күр­делі қоғамдық-әлеуметтік мәсе­ле­лер­мен қатар, сыртқы саясатта да келелі мәселелер күн тәрті­бінен түскен жоқ. Шешімін уақытында қабылдауды талап етті. Қазақстан қоғамы өзінің құн­дылықтарын қайта бағалау мен ұлттық бірегейлігін іздеудің қиын жолын өткерді. Өмірдің күрделі кезеңдерінде халықтың даналығы мен ұлттың рухы бақылаушы әрі бағдарлаушы қызмет атқарды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев сабыр­лы­лық пен шыдамдылыққа ба­сым­дық беріп, елдің барлық азамат­тарының мүдделерін, тәуелсіз мемлекеттің стратегия­сы мен әдістерін негізге ала оты­рып, еліміздегі, әлемдегі бала­масыз ұйым – Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құрды. Мем­лекет басшысы осыдан аттай 18 жыл бұрын мақсатын ай­қын­­дап, даму траекториясын белгілеп, іргесін қалаған Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы қазір­гі таңда ауызбіршілік пен келі­сімнің түпнегізі, тұрақтылық пен тыныштықтың мызғымас шаңы­рағы іспетті. Ассамблея өз дамуында, айшықты жолдан өтті, байыпты, пайымды да пара­сат­ты тәжірибе жинақтады. Ол еліміздегі этносаралық және кон­фессияаралық қатынастарды дамы­тудың іргелі де зерделі инсти­тутына, толеранттылық пен келісімнің берекелі бекетіне айналды.
Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қалыптасу мен даму жолының алғашқы кезеңінде-ақ аталған маңызды да нәзік салаға ғылыми қауымдастық өкілдерінің қатысуына көңіл бөлген Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессия­сында ғылыми қауымдастық өкілдеріне, тарихшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушыларға үндей отырып: «Қоғамымызда аталған сала бойынша елімізде ғана емес, сонымен қатар, әлемде болып жатқан үдерістерге нақты сипаттама беру, этносаралық қа­тынастар қалыптасуының бола­шағын тану, білу, ұғу, зерделеу қажеттіліктері туындап отыр», – деп атап өткен болатын.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындау, сондай-ақ еліміздегі этносаралық қатынастар саласы мен мемлекеттік сая­сат­ты тиімді жүзеге асыруда ғылы­ми негізделген бағыттар мен са­ли­қалы саяси шешімдерді айқын­дауды талап еткен қоғамдық сұранысты қамтамасыз ету және елімізде бейбітшілік пен келісім, тәуелсіздік пен ұлттық бірлік идеясын дамытуда мемлекеттік және азаматтық құрылымдардың күшін бір арнаға тоғыстырып, қуатты институтқа айналып отырған Ассамблея қызметін ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу мақсатында 2009 жылы құрамына 25 доктор, 11 ғылым кандидаты, 6 қоғам қайраткері енген Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі құрылды.
Облыстар, Астана және Алматы қалалары Қазақстан халқы ассамблеялары жанынан ғылыми-сарапшылық топтары жұмыс істеуде. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, этно­мә­дени бірлестіктердің жетек­шілері, этносаралық және конфес­сияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын мемлекеттік қыз­метшілер арасынан 52 ғылым док­торы, 73 ғылым кандидаты, бар­лығы 183 адам тартылған.
ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңестің міндетіне еліміздегі этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму үдеріс­терін кешенді сараптамалық ба­­ға­лау, аталған үдерістердің ел­де­гі және әлемдегі дамуына бол­жам жасау, Ассамблея қыз­ме­тін этносаралық және кон­фес­сия­аралық қатынастар сала­сын­­дағы мемлекеттік этносая­сат­тың өзекті бағыттары бойын­ша ғылыми сараптамалық сүйе­мел­­деу, этносаралық және кон­фес­­сияаралық қатынастар сала­сын­дағы ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын үйлестіру, Ассам­блеяның демократияны дамы­туда, қазақстандық қоғамның тұтастығын нығайтуда, жалпы­ұлттық келісімге қол жеткізуде саяси және азаматтық институт ретіндегі рөлін күшейтуге жәр­демдесу және т.б. кірді.
Кеңестің қызметі ғылыми-зерттеу, талдау және білім беру сынды негізгі үш бағытта жүзеге асуда. Қазіргі таңда, кеңес қо­ғам­дық келісім, тұрақтылық, толеранттылық пен ұлттық бір­лік, этносаралық және конфес­сияаралық қатынастар саласын­дағы өткір мәселелерді ғылыми алаң­дарда ашық талқылап, сара­­ланған, зерделенген шешім қабыл­дауға мүмкіндік тудырып отыр. Кеңес жұмысына мем­лекетіміздің ұлағатты істеріне атсалысып жүр­ген еліміздегі беделді ғылыми-зерт­теу институттары мен отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктер өкіл­дері тартылып, ауқымды жұмыстар атқаруда.
Ғылыми-сарапшылық ке­ңес құрылған сәттен бастап, оның негізгі қызметінің мән-мағы­на­сы мәдениетаралық үнқа­тысу мен этносаралық қаты­нас­тар қырларының барлық жиын­тық­тарын жүйелеу мен үлгілеуді тео­риялық тұрғыдан әзірлеу болды. Бұл, өз кезегінде, нормативтік-құқықтық және қоғамдық-саяси өзгерістер мен толықтырулардың ғылыми мәнін ұғынуды және жүйелеуді қажет етті. Ол үшін Қазақстандағы этносаралық қаты­настардың ерекшеліктері, Қазақ­стан халқын нығайту жөніндегі ұлттық бірліктің бірегей тәжі­ри­бесі қосымша тарихи, әлеуметтік-саяси тұрғыдан қайта зерделеніп, қайталанбас үлгінің әдістері, үде­рістері және оның даму бағыттары әзірленді.
Осындай тынымсыз да қажыр­лы еңбектің нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің тікелей бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Нұрсұлтан Назарбаев. Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» монографиясы жарыққа шығып, оның тұсаукесер рәсімі М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де, Ресей мем­лекеттік гуманитарлық уни­вер­ситетінде, Ыстамбұл уни­вер­ситетінің Еуразия институты мен өзге отандық және шетелдік ғылыми қауымдастықтар алаң­дарында өткізілді. Бүгінгі уа­қыт­та аталған еңбек отандық және шетелдік ғалымдар, дипло­мат­тар, қоғам қайраткерлері мен студенттердің ғылыми еңбек­терінің негізгі арқауына айналып отыр.
Қазақстан халқының рухани ахуалын, шығармашылық әлеуетін, оның жаңа мақсаттар мен идеяларға ұмтылысын дамыта отырып, «Бір ел – бір тағдыр», «Тегі басқа – теңдігі бір», «Ұлт рухының дамуы» сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық бірліктің өзекті қағидаттарын азаматтардың санасына орнықтыруды мақсат тұтқан «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы» жарыққа шықты. Аталған еңбек әр азаматтың тағдыры мен Отанының – Қазақ­стан Республикасының тағ­дыры ортақ екенін ұғынуға, эт­нос­тық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай тең мүмкіндіктерін сезінуге, жұ­ды­рықтай жұмылған қазақстандық ұлт болып дамуына негіз бола біл­ді.
Елімізде тұратын барлық ұлыс­тардың, жалпы қоғамның санасына сәуле құятын дәйекті мұрағат материалдары мен құжаттарға негіз­делген, Қазақстанда тұратын әр­түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері туралы сыр шертетін «Қазақстан хал­қы Ассамблеясы: тарихи очерк» атты ғылыми еңбек жарық көрді. Сондай-ақ, өткен ғасырдың бірінші жартысында елімізге мәжбүрлеп қоныс аударылған және қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы, олардың кеңпейілді, дархан мінезді қазақ халқы жөніндегі пікірлерінен тұратын «Қазақстан бізді біріктірді» атты ғылыми-ағартушылық еңбегі қоғамдық жағымды пікір тудырып, көпшілік іздеп оқитын кітапқа айналды.
Қазіргі таңда, этносаралық са­ладағы үдерістерді тиімді түсінуге бірегей көзқарас қалып­тастыру мақсатында мемлекеттік орган­дарға арналған талдау материалдары мен әдістемелік ұсы­ным­дардан түзілген этно­сая­саттың императивтері мен олардың қа­зақ­стандық ерекшеліктері негіз­делген «Мемлекеттік этно­сая­саттың им­пе­ративтері» атты ауқымды еңбек жарық көрді.
Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жұбайы Бәдрисафаның (Александра Ивановна) тағдыры туралы нақты оқиғаларға негізделіп, сол дәуірдің дауылды жылдары мен өмір шындығынан алыс кетпеген «Ақ келіннің махаббаты мен ажалы» атты театрлық қойылымы Қостанай облыстық орыс драма театрында алғаш рет қойылды. Орыс драма театры қойған бұл қойылым алдына жалпы қоғамның санасына сәуле құйып, тарихты зерттеу, өткеннен тағылым алу, ұлт болып жұмыла түсуге серпіліс жасау мақсатын қойды.
Сонымен қатар, Ассамблеяның тікелей қолдауымен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым», «Қазақ диаспорасы арасында Алаш Орда философиясының қазіргі заманғы түсіндірмесі: жағдайы, баға беру, сабақтары (әлеуметтік-тарихи талдау)» сынды бірқатар маңызды халықаралық жобалар, әлеуметтік зерттеулер ұйымдастырылып, олардың негізінде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) ғылыми-ағартушылық фильм түсіріліп, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Сөнбесін от алауы» атты монография жарық көрді.
Аталған ғылыми еңбектер мен жобалардың негізгі мәні, мазмұны Н.Ә.Назарбаевтың Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің теориялық және құрылымдық негізін қалап, бірегей үлгінің нақты жүйеленген нұсқасы мен электронды тұсаукесерін жарыққа шығаруға мүмкіндік берді. Н.Ә.Назарбаевтың Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімінің қазақстандық үлгісінің тұсаукесері әлемнің 11 мемлекетінде, оның ішінде ЕҚЫҰ-да (Вена), БҰҰ-да (БҰҰ-ның Нью-Йорктегі және Женевадағы штаб-пәтерлерінде) өткізіліп, отандық және шетелдік сарапшы мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақ­стандық үлгісінің әдістемесі әлем­нің бірнеше тіліне аудары­лып, ЕҚЫҰ-ның барлық тілдерінде жарық көрді. Бүгінгі таңда, М.В.Ломоносов атындағы ММУ және РМГУ-де (Мәскеу) «Этнос­аралық толеранттылықтың қазақ­стан­дық үлгісі» тақырыбында қа­зақ және орыс тілдерінде 36 сағат­тық арнайы курс енгізіліп, оқы­тылған. Аталған курсты еліміз­ге белгілі этносаралық және кон­фессияаралық қатынастар, толе­рант­тылық, қоғамдық келісімді сақ­тау саласындағы ғалымдар, же­текші сарапшы мамандар жүргіз­ген.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің үйлестіруі нәтижесінде 2009 жылдан бері Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық академиялық кітапханасында толеранттылық, қоғамдық келісім, тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы баспа және электронды нұсқадағы 1000-нан аса ғылыми ақпараттарды құрайтын Ассамблея депозитарийі жұмыс істеуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы депозитарийінің ғаламтордағы порталын 2012 жылы әлемнің (Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ, Австралия және басқа) 73 мемлекетінен 135 161 адам тұрақты қолданған.
Қазақстан Республикасы – азаматтық бірлікке негізделген, этностық, өңірлік, аумақтық бірегейліктен азаматтық біре­гейлікке басымдық берген ұлт­тық мемлекет. Қазақстан Рес­публикасының Конституциясы «Біз, Қазақстан халқы…» формуласы негізінде барлық азаматтардың бірлігін бекітеді. Халықаралық аренадағы елдің берік тұғыры, сенімді экономикалық негізі, тиімді саяси құрылымы және ұлттың ынтымақтасу идеясы – Қазақстан халқының бірлігі мен әл-ауқатының іргетасы. Ал тәуелсіздік идеясы қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік топтарының бір бағытта қозғалуына мүмкіндік беретін орасан зор біріктіруші функцияға ие.
Мәлік ШЕГЕБАЙ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды  зерттеу орталығының ғылыми қызметкері.