Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

«Ұлы Дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүрді

1125 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласынан шыққан «Ұлы Дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүріп, Ресей Федерациясының Астрахань, Пятигорск өңірлерін аралап, Қырым түбегіндегі Ялта және Бақшасарай қалаларында болды. Саяхатшылар Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханға қатысты тың мәліметтер тапқан.

«Ұлы Дала мұрагерлері» экспедициясы 5 мың шақырым жол жүрді

Экспедиция жетекшісі, тарих магистрі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, жолсапар 12 күнге созылып, бас-аяғы 5 мың шақырым артта қалған. Экспедиция құрамында суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бекжан Жұмабаев, домбыра жасаушы шебер Жанпейіл Сейтақ және саратовтық қандасымыз, «Легкий казахский» кітабының авторы Артур Нұрмұхамбет болыпты.

- Бөкей ордасы тарихында ақтаңдақ кезеңдер өте көп, біз солардың кейбіреуіне жарық түсіруге тырыстық. Мәселен, Жәңгір хан балалық шағында Астрахань губернаторы Степан Андреевскийдің үйінде тәрбиеленген. Біз осы сапарымызда Астрахань қаласынан дәл осы Жәңгір ханның жасөспірім шағы өткен үйді іздеп таптық. Әрине, біз «Жәңгір хан дәл осы үйде тұрды» деген архив құжатын қолымызға ұстаған жоқпыз. Бірақ жергілікті тарихшылармен, өлкетанушылармен кездесіп, осындай болжам айтып отырмыз. Ал бұл болжамды құжатпен нақтылау алдыға күннің еншісінде, - дейді Айболат Шамұратұлы.

Тарихта Жәңгір ханның әйелі Фатима тоташ ауырып, 1840 жылы хан Пятигорск қаласында емделгені, сол жолы генерал жесірі Е.Мерлини үйінде тоқтағаны белгілі. Өз заманында Бестау өңірінде белгілі тұлға болған, өз үйінде А.Пушкин, М.Лермонтовтарды да қонақ еткен Екатерина Мерлини Фатима ханыммен де жақын дос-құрбы болған. Бұған Фатима ханыммен үш жыл бойы жазысқан хаттары дәлел. Бір қызығы, осы хаттардың бірінде құмық графы туралы сөз болады, ал ол әйгілі Михаил Лермонтовтың «Герой нашего времени» романындағы Белланың әкесі екен.

Пятигорск шипажайларында қазақтың талай марғасқалары демалып, фотосуретке түскен. Сондай суреттің бірі – алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлына қатысты. Зерттеушілер бұған дейін бұл суретті «Қырымда түсірілген» деп келген еді. Айболат Құрымбаев бастаған саяхатшылар оны қате екендігін дәлелдеді. Яғни, Жаһанша Досмұхамедұлының әйелімен бірге тау арасында, қанатын жайған бүркіт ескерткіші жанында бейнеленген суреті түсірілген орынды Пятигорскіден тапты.

Бұдан кейін саяхатшылар Қырым түбегіне жол тартып, Ялта қаласына маңдай тіреген. Өйткені Жәңгір ханның Ғұбайдолла және Ахметкерей деген ұлдары дәл осы жерде өмір кешкен еді. Жәңгір хан 1845 жылы дүниеден өткен соң оның ұлдарының тағдыры қазақ топырағынан тыс жерде өтті. Бұл жерде патша үкіметі Жәңгір ханның ұлдары Бөкейлік билігінен қайта дәметуінен сақтанса керек. Сөйтіп Санкт-Петербург паж корпусын бітірген Ахметкерей – полковник дәрежесінде, ал Ғұбайдолла – инфантерия генералы шенінде Ялтада ғұмыр кешті. 1901 жылы Ахметкерей Шаповалов деген сәулетшінің жобасымен Ялтада екі қабатты үй тұрғызған. Бір қызығы, сол үй әлі бар болып шықты.

- Боткин көшесіндегі осы ғимаратты «Шыңғыс кінәздің үйі» деп атайды екен. «Князь Чингиз» - әу баста Жәңгір ханның ұлы Ыбырайымның есіміне қосылған атақ, мағынасы – оның асыл текті Шыңғыс хан әулетінен екендігін білдірген. «Чингисхан» кейін генерал Ғұбайдолланың да есімсойына жалғанған. Осы Ялта қаласында Ғұбайдолла – 1909 жылы, Ахметкерей – 1914 жылы, Ахметкерейдің әйелі Зағира Бақыткерейқызы – 1919 жылы қайтыс болған. Өкініштісі, олардың зираты сақталмаған, Дерикодағы мұсылмандар зираты кейін жойылып, орнына құрылыс салынып кеткен екен, - дейді Айболат Құрымбаев.

Жәңгір ұлдарының модерн стилінде салынып, готика мен мавритан нақыштары жарыса сәулеттеген бұл ғимаратының маңдайында Жәңгір әулетінің рәмізі – Ахметкерей мен Ғұбайдолланың гербі ілулі тұрған екен. Совет жылдарында ол гербі жойылғанымен, терезе жақтауларындағы төре таңба сақталып қалыпты. Ғимараттың көне суреттері мен қазіргі бейнесін салыстыра суреттеген Айболат Құрымбаев «бұл таңбалардың жойылмай сақталып қалғаны – әшекей оюға ұқсастығынан болар» деген болжамын айтты.

Оралдық саяхатшылар бұдан кейін Бақшасарай қаласына жол тартып, ондағы музейде сақталған ерекше жәдігер – Бөкей хан мен Жәңгір ханға І Александр патшаның тарту еткен алтын зерлі қайқы қылышын көріп, суретке түсірген.

- Жәңгір хан 1828 жылы Жасқұстағы хан сарайында қару-жарақ палатасын жасақтаған. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы музейдің бірі болған. Бірақ Жәңгір қайтыс болған соң ондағы қару-жарақтар жан-жаққа тарап, олардың кейінгі тағдыры белгісіз болып жүрген еді. Біздің анықтауымызша, жоғарыда айтылғаннан бөлек, Бақшасарай музейіндегі Пірәлі ханның қылышы, тағы да екі қылыш, - барлығы 5 қару Ордадағы Жәңгір ханның сарайынан келген, - дейді Айболат.

Мұндағы Бөкей ханның қылышында «Бүкіл ресей билеушісі І Александр императордың қырғыз-қазақ кіші орда хан тағына отыруына байланысты Бөкей сұлтанға сыйлығы. 1810» деп жазылған. Ал Жәңгірдің қылышында да «Божіею Милостію Александръ Первый Императоръ и Самодержец Всероссійскій жалуетъ сею саблею подданнаго своего султана Джангира при утвержденіи его Ханское достоинство, 1820 года» деген жазу алтынмен бедерленген.  

- Бұл қылыштар Бөкей хан мен Жәңгір ханға Орал қаласында, Хан тоғайында ақ киізге отырып хан көтерілген кезінде табыс етілген болуы керек, - дейді Айболат Шамұратұлы. Музей қызметкерлерімен алдын ала жасалған келісім бойынша бұл жәдігерлердің нақты көшірмесін алу осы жылдың күзіне жсопарланып отыр екен.

Экспедиция құрамында суретші Бекжан Жұмабаев та болғанын айтқан едік. Осы сапар барысында Бекжан түрлі тарихи орындардың көрінісінен 30-ға жуық этюд жазып алып келіпті. Одан бөлек, елге түрлі тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар да әкелінген.

- Әрине, алда әлі көп жұмыс бар. Осы сапар барысында көріп-білген кейбір жәйттерге байланысты енді Астрахань, Ставрополь, Симферополь және Грузия архивтерінен құжаттар іздеуіміз керек. Болашақта экспедициямыздың нәтижесін жеке еңбек етіп шығару жоспарымызда бар, - дейді Айболат Құрымбаев.