Оның айтуынша, 450-ге тарта шара іске асырылады. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымға және 66-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесілі.
«Жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді. 4 662 жұмыс орны құрылып, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 12 абаттандыру жобасы іске асырылатын болады», деді вице-министр.
Сондай-ақ 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау, 136 шақырым газбен жабдықтау, 7 жылумен жабдықтау нысаны және оның 20 шақырымдық желісі салынып, жөнделеді.
«Осы жылы 700 мыңға жуық адам тұратын 52 ауылдық елді мекен іріктелді. Басты назар ірі ауылдық елді мекендерге, яғни халық саны көп аудан орталықтарына, сол жердегі өткір инфрақұрылымдық проблемаларды тез арада шешуге аударылды. 1 аудан орталығын қаржыландырудың көлемі орта есеппен 670 млн теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруға 4,5 млрд теңге немесе жалпы соманың 15,8%-ы бағытталды», деді Е.Алпысов.
Жергілікті бюджеттер мен басқа да көздерден болатын қоса қаржыландырудың айтарлықтай үлесі Атырау (84%), Қарағанды (32%), Ақтөбе (20%), Алматы (16%) облыстарында көзделген.
Бұдан басқа, аумақтарда жүйе құрайтын ірі кәсіпорындардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберіндегі бюджеттен тыс қаражаттары ауыл инфрақұрылымдарын жаңғыртуға тартылмақ.
2025 жылға қарай өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес барлық ауыл тұрғындарының 80%-ын қажетті игіліктер мен қызметтермен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Республиканың 6,5 мың ауылдық елді мекенінде 7,7 млн астам адам немесе елдің барлық халқының 42%-ы тұрады. Соңғы 7 жылдың ішінде қалалардағы тұрғындар саны шамамен 1,5 млн адамға артып, 10,7 млн адамға жетті, ал ауыл халқының үлесі 3,5%-ға қысқарды», деді вице-министр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын 2025 жылға дейін іске асыру даму әлеуеті жоғары және бүгінде 5,5 млн адам тұратын 1,8 мыңнан астам ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы, даму деңгейі әртүрлі ауылдық елді мекендер арасындағы көші-қон үдерісіне оң әсер етеді», деп атап өтті ол.
Сөйтіп алдағы 7 жыл ішінде ауыл халқын «басқарылатын урбанизация» үдерістерімен қамту және ондағы тұрғындар санын 600 мың адамға ұлғайтып, 2025 жылы 6,1 млн адамға жететін тірек ауылдарда өмір сүрудің неғұрлым қолайлы ортасын құру көзделуде.