Қоғам • 29 Мамыр, 2019

Александрдың жеңісі

971 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейіпкерімізбен кездейсоқ кездескенбіз. Автобус аялдамасында. Жол тосқан жолаушының қарасы аз еді. Сонадайда студенттер болар, төрт-бес бозбала өзара сөйлесіп тұрған. Бәрі қазақтың балалары болғанымен, тілдері орысша. Мән бермегенбіз. Біздің өлкедегі көз үйренген көрініс. Әлден уақытта сәнді киінген, сұңғақ бойлы жас жігіт келіп ескерту жасады.

Александрдың жеңісі

– Жігіттер, бұларың ұят қой, өз тілдеріңде неге сөйлемейсіңдер?! – деді көлденеңнен киліккен әлгі жігіт.

Көңіл аударатын-ақ көрініс еді. Себебі ошарылып тұрып орғыған орыс тілінде сөйлесіп тұрған жастарға ескерту жасаған адам орыс болатын. Қатырып тұрып қазақ тілінде айтты. Қазақтың өзі сөйлегісі келмей тұрған тілдерінде. Жүрегіміз жылып кетті. Жөнін білмекке ұмтылдық. Осы облыс орталығындағы жоғары медицина кол­­­лед­­жінің оқытушысы екен. Аты-жөнін айтып еді, аялдама басындағы у-шудан дұрыс ұқпай қал­­дық. Қайыра сұрауға ыңғайсыз. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі тіл жанашырын әдейілеп іздеп бардық. Сөйтсем, қазақты қазақша сөйлеуге шақырып жүрген Александр Беляев Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ақжар ауылының тумасы екен. Сол ауылдағы №1 орта мектепті біті­ріпті. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің филология факуль­тетін тәмамдаған. Орыс тілі мен әде­биетінің мұға­лімі. Александр Александрович әнші екен. Тағы бір ғажабы, репертуарында – кілең қазақ әндері.

– Қазір Ақжар аталатын, бұрынғы Ленинград селосында жергілікті ұлт өкілдері аз тұрды ғой. Бала кезімізде аудан орталығындағы мә­де­ниет үйінде өтетін іс-шараларға төңіректегі ауылдардың көркемөнерпаздар үйірмелері көп келетін. Қазақтың «құлақтан кіріп, бойды алатын» ғажап әндерін  аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Әнге құмарлығым сол кезден басталды. Біздің мектепте Алпысбай Малтазин есімді қазақ тілі пәнінің мұғалімі болды. Алғаш тіл ұстартқан ұстазым сол кісі. Әр ұлттың тілі өзіне қымбат қой. Бірақ мен қазақ тілінің жұм­сақтығын, құлаққа жағымды естілетінін, ән болып есіп тұрғандай әуезділігін сол кезден бас­тап ұқтым, – дейді Александр Александрович. – Мектепте жүргенде өлең жазатынмын. Қазақ тіліндегі сөздік қорым аздау болған соң орыс тілінде жазып, жан сырымды жеткізгім келетін. Іштен шыққан сол лебізді қазақтар да оқысын деп жергілікті ақын Степан Бақтыбаев ағамызға аудартып та алдым.

Әнші әсіресе Шәмшінің әндерін, халық әндерін сүйіп айтады екен. Елде жүргенде сахнаны босатпапты. Бір аңғарғаны, халықтың жылы қабылдайтыны, әлде орыс баласының қазақ тілінде ән шырқап тұрғандығына разы болып, сыйлағаны ма екен.

– Тіл үйренуге ешуақытта кеш болмайды, – дейді әнші жігіт. – Мен өзім күнде қазақ тіліндегі газет-журналдарды шолып шығамын. Бұрын беймағлұм болған жаңа бір тіркестер, мен біле қоймайтын сөздер кездеседі. Тіл білемін деген адамнан сұрап алсаң, ешқандай айып-шамы жоқ. Сабақ өткізгенде де колледждің білім алушыларына қазақ тілін міндетті түрде үйрену керектігін ескертіп отырамын. Ескертіп қана емес, үйретуге тырысамын. Олар ертеңгі медицина қызметкерлері ғой. Бәлкім, шалғайдағы қазақ ауылына барып қалар. Сонда аталар мен әжелерге қызмет көрсету керек емес пе?..

Ал ән айтуына қарағанда, өзгеше бір ғажайып әлем. Ол сыбызғыдай сызылған сұлу әндердің мазмұнын да жап-жақсы түсінеді екен. Айтар ойды, лүпілдеген сезімді. Ән әлеміне бойлап еніп кеткенінде салтанатты, шаттықты ән болса, көңілі марқайып, мұң шарпыған ән болса, жас жүрегі жабырқап қалатын көрінеді. Сан мәрте ән бәйгесінде топ жарған. Әрине өзі бала жасынан ғашық жергілікті жұрттың ғажайып әндерін нәшіне келтіре айтып. Облыс төңірегі тұрмақ, Шымкент қаласында өткен «Қазақстан Республикасы медициналық колледждерінің үздік оқытушысы – 2016» байқауында екінші орын алыпты. Байқаудың үш кезеңінің алғашқысы алпыс сұрақтан тұратын тест екен. Мүдірмей өткен. Екіншісі – өзін өзі таныстыру. Қазақтың көркем тілінде жеріне жеткізіп айтып-ақ берген. Ал ән – жан серігі ғой.

– Жап-жақсы дайындалып бардым. Шынын айтқанда, бірінші орыннан дәмелі едім, – дейді өзі.

– Жассың ғой, әлі талай бәйге аласың, – деп көңілін демдедік біз. – Ең басты жеңісің, өзің отын оттап, суын ішкен жерін сыйлап, тілін үйренгенің, тілін ғана емес, әнін салғаның – ең үлкен жеңісің.

Шынында да солай емес пе?!.

 

Көкшетау