Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

Шымкентте шомылу маусымына дайындық басталды

1236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты жазғы шомылу маусымы ашылды. Осыған орай қаладағы төтенше жағдайлар қызметкерлері жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын ескеруге шақырады.

Шымкентте шомылу маусымына дайындық басталды

Құтқарушылардың айтуынша, қала аумағындағы субұрқақтар мен өзен-көлдерге шомылуға тыйым салынған. Мұндай орындарда көпірлер мен дамбалардан, қайықтардан суға сүңгімеуге, балаларды қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді.

Сондай-ақ төтеншеліктер «Наурыз» алаңында ерікті жастардың қатысуымен флэшмоб ұйымдастырып, қала тұрғындарына суда шомылу ережелерін түсіндірді. Жедел құтқару жасағы су қоймаларындағы негізгі тәртіп ережелері және суда болған жағдайда не істеу қажет екенін ескертіп, алғашқы көмек көрсету тәртіптері туралы арнайы көрініс көрсетті.

«Қайғылы жағдайлардың негізгі себебі, суға масайған күйде түсу, сонымен қатар қауіпті орындарда шомылу. Салқындаймыз деген адамдар судағы қауіпсіздік ережелерін ұмытып, жақын маңдағы су айдындарына түсуде. Қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау керек»,  дейді Төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері Нұржан Қарагөзов.

Негізінде жазатайым оқиғалардың басты себептері көбінесе бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, балалардың су айдындарының қасында ересектердің қарауынсыз қалуынан туындауда.

Бүгінде жалпы қала бойынша 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орындары (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар. Алайда,  биылғы 4 айда қала аумағында судағы жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ, дейді сала жауаптылары.