Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

Даниал Ахметов Қарағайлыда көп балалы аналарға пәтер кілттерін табыстады

974 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапары барысында Қарағайлы шағын ауданында болып, 45 көп балалы анаға жаңа тұрғын үйдің кілтін табыс етті.

Даниал Ахметов Қарағайлыда көп балалы аналарға пәтер кілттерін табыстады

Бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте 10 544 адам тұр екен. Оның 371-і көп балалы аналар. Қазақстан Республикасының 2019 жыл 6 мамырдағы Заңына сәйкес, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға арнайы категория беріліп, мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірдей дәрежеде тұрғын үймен қамтылуына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл топқа «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері жатады.  Әсіресе мүгедек балалары бар отбасыларға  бірінші қабат ұсынылған. Себебі арбада отыратындықтан, кіріп-шығуға қолайлы болсын деген мақсатта.  Аналардың көбі «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де болғандықтан, барлығы да пәтерге ие болып, қуаныштың көз жасы көл болып төгілді. Бәрі де облыс басшысына дән риза. Бұл пәтерлер өте аз төлемақысы бар сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлер.

– Халықтың әл-ауқаты әрқашан басты назарымызда, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов, - біз Елбасының және Президентіміздің тапсырмасына орай, маңызды шаруалар атқарып жатырмыз. Ең алдымен біз халықтың әл-ауқатын арттыруымыз қажет. Осы жұмыстар Семей қаласында ең алдымен атқарылып жатқанына қуаныштымын. Бұл шағын аудан мен үшін ерекше. Менің ойымша, Қарағайлы эталондық аудан болып, Семейдің алға қарай дамитын стандарттарын қалыптастырады.

Қарағайлыдағы №34,35,36 үйлер аймақтық тұрғын үй бағдарламасы бойынша «Фирма «Азия» ЖШС мен «Ертіс» ӘКК арқылы тұрғызылып жатыр. Кілттерді табыстаған облыс әкімі тұрғын үйлердің сапасына риза болды. Даниал  Ахметов көп балалы аналарды жаңа қоныстарымен құттықтап, барлығына денсаулық пен бақыт тіледі. Өз кезегінде көп балалы аналар әкімге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жалпы, аймақ басшысы Қарағайлы ауданында салынып жатқан тұрғын үйдің сапасын жоғары бағалады.

- Осындай ерекше сыйлық үшін Елбасына рахмет, - деді көп балалы ана Бибіжамал апа, - бізге құрметпен қарайтыны үшін қуаныштымын. Баршаңызға бейбіт аспан мен амандық тілеймін. Балаларымыз аман болсын. Осының бәрін сақтайық және көбейтейік. Даниал Кенжетайұлына Қарағайлы ауданын жаңадан салғаны үшін ерекше рахметімді айтамын.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,


Семей