Бүгін аймақтағы 19 аудан мен 3 қаладан жиылған белсенді үш жүзге тарта студент Б.Римова атындағы драма театрда фестивальдің ашылу салтанатына қатысты. Фестивалді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев ашып, шараның маңыздылығы мен мәніне тоқталды. Белсенді жастарға сәттілік тілеп, фестиваль барысындағы байқауларда оза шабуға тілек білдірді.
- Жетісу жерінде алғаш ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты - жастардың қоғамдағы белсенділігін және мәдени әлеуетін арттыру, ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына ықпал ету, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, шығармашылық шеберлігін шыңдау, дарынды студенттерге қолдау көрсету, - деді университет ректоры өз сөзінде.
Фестивал 4 бағыттағы байқаумен жалғаспақ. Байқауда барысында студенттер «Отаным - Атамекенім!» патриоттық әндер байқауына қатысып, «Ұшқыр ойлы Жетісулық жастар» атты пікір-сайыс турнирінде біліктілік жарыстырады. Мұнан кейінгі шара «Жайдарлы жастар» көңілді тапқырлар клубының ойындарына жалғасып, «Спорт – өмір көркі» ұранымен өтетін шағын футбол жарысына ұласады..
Ал «Менің Қазақстаным: студент көктем-2019» атты облыстық студент-жастар фестивалі 30 мамыр күні қортындыланып, жеңімпаздарды марапаттау Талдықорғандағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағында өтетін эстрада жұлдыздарының гала концертіне жалғаспақ.
Алматы облысы