17 Наурыз, 2010

ТАМЫРЫН ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТУЫСТЫҚ

771 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстан халықаралық қатынас­тар­дың жаңа архитектурасын және әлемдік сауда-қаржы жүйесінің сұлбасын қа­лыптастыру кезінде жаһандық шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысу ниетінде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше кешкісін екі күндік ресми сапармен Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласына келді. Қазақстан Президентін Ташкент халықаралық әуежайында Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Шафкат Межеев бастаған өзбекстандық жоғары лауазымды тұлғалар салтанатты жағдайда қарсы алды. Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қатынастары Орталық Азия аумағында саяси тұрақтылықты қам­тамасыз етуде ерекше маңызды рөл атқарады. Өйткені, көршілес ор­наласқан екі мемлекет те өздері­нің жер көлемі мен тұрғын халқы, экономикасы мен табиғи ресурс­та­ры, сондай-ақ сыртқы саясаттағы алатын орны жағынан осы өңірдегі жетекші мемлекеттер болып табы­лады. Оның үстіне Қазақстан да, Өзбекстан да өз аумақтарында ішкі тұрақтылықты қамтамасыз еткен ірі елдердің қатарында тұр. Қазақстан мен Өзбекстан ын­ты­мақтастығы Кеңестер Одағының кезінде де ойдағыдай дамыған болатын. Өзара қарым-қатынас екі елдің тәуелсіздіктерін алғаннан кейінгі кезеңдерде жаңаша дамып, белсенді түрде жүргізіле бастады. Бұған мемлекеттер басшыларының әр жылдардағы жоғары деңгейдегі ресми кездесулерінде қол қойылған құжаттар негіз қалады. Бүгінде екі ел арасында 100-ден астам мем­ле­кет­аралық және үкіметаралық құ­жат бар. Бұл құжаттар екіжақты қа­ты­настардың барлық саласын қамтиды. Екі мемлекет ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған құжаттар­дың ішінде Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың 1998 жылғы 30-31 қа­занда Өзбекстанға жасаған ресми сапарының барысында қол қойыл­ған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасын­да­ғы Мәңгілік достық туралы шартты ерекше атаған жөн. Аталған құжат Орталық Азия аймағындағы халық­ара­лық қатынастардағы ғана емес, әлемдік дипломатиялық тәжірибе­де­гі бірегей құжат ретінде ерек­ше­ле­неді, әрі тарихи құжат болып та­бы­лады. Себебі, бұл шарт Қазақ­стан­ның Өзбекстанмен ұзақ мер­зімді ынтымақтастығының құқық­тық тұрғыдан берік іргетасын қалады. Осы Мәңгілік достық туралы тарихи шарттың негізінде, сондай-ақ тату көршілік қатынастардың дә­лелі ретінде Қазақстан мен Өз­бекстан ТМД елдерінің арасында ал­ғашқылардың бірі болып Мем­ле­кеттік шекараларды делимита­ция­лау туралы шартқа қол қойды. Қа­зақстан мен Өзбекстанның мем­ле­кеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия 2000 жылдың ақпанынан бері жемісті жұмыс істеп, қазіргі кезде тараптар мемлекеттік шекараны демарка­ция­лаудың соңғы кезеңіне таяп қалды. Қазақстан да, Өзбекстан да екі мемлекет арасындағы шекараның достық пен тату көршілік шекарасы болатынына зор сенім артып отыр. Бүгінде көршілес Қазақстан мен Өзбекстан көпжақты ынтымақтас­тық­тың аясында өзара іс-қимыл жасап келеді. Өйткені, мемлекеттер ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ТМД, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға қатысушылар болып табылады. Жалпылай алған­да, екі елдің сауда-экономикалық бай­ланыстарында да ілгері басу­шы­лық бар. Мысалы, жаһандық эко­но­микалық дағдарыс сауда айна­лымына қаншалықты кері әсер ет­кенімен, өткен жылы ол 1 мил­лиард 196,3 миллион АҚШ дол­ла­рын құрады. Өзара сауда айналы­мында Қазақстанның үлес салмағы едәуір басым екенін айта кеткен жөн. Қазіргі кезде байқалып отыр­ғанындай, Қазақстан мен Өзбек­стан бір-біріне бағыттаған инвес­ти­циясы бұрынғыға қарағанда бір­ша­ма өсе түскен. Айталық, Өзбекстан­ның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 3,7 миллион АҚШ доллары болса, ал Қазақстанның Өзбекстан экономикасына салған тікелей инвестициясы 134,4 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте де еліміздің үлесі басым екені анық аңғарылады. Қазіргі кезде де, болашақта да екі мемлекеттің мұнай-газ, көлік-коммуникациялар салалары бойын­ша ынтымақтастығы ерекше ма­ңыз­ды болып табылады. Өйткені, бүгінде Қазақстан еліміздің оң­түс­тік өңірлерін табиғи газбен қам­та­ма­сыз ету үшін жыл сайын Өзбек­станнан 3,5 миллиард текше метр газ сатып алады. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінде өндірілген “көгілдір отынды” әлемдік рынок­қа шығару мақсатында тараптар өзара келісім тұрғысында саясат жүргізіп келеді. Мысалы, бүгінде осы өңірден Қытай мен Еуропа рыногына газ жеткізу үшін жаңа желілер салу жөніндегі мәселелер қарастырылуда. Бұл қазірдің өзінде басталды деп айтуға болады. Оған Түркіменстан – Өзбекстан – Қа­зақстан – Қытай газ құбырының ашы­луы нақты дәлел. Осы құбыр арқылы Түркіменстан газы Қытайға тасымалданады. Бұдан құбыр өтетін мемлекеттер өз үлестерін алатыны белгілі. Орталық Азия елдерінің аумақ­тары арқылы ағатын трансше­ка­ра­лық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану осы өңірдегі елдер үшін де, Қазақстан үшін де өзекті мәселенің бірі болып табылады. Себебі, өңірлердегі азық-түлік мәселесін шешу трансшекара­лық өзендерге тікелей байланысты. Ал Қазақстанға да, Өзбекстанға да ортақ өзен – Сырдария. Екі ел ара­сында осы Сырдария өзенінің су ресурстарын пайдалануда шамалы келіспеушілік бар. Бұл мәселеде біздің еліміздің ұстанымы айқын. Егер таратып айтар болсақ, Қазақ­стан Сырдария өзенінің су ресурс­тарын Мемлекетаралық су көздерін пайдалану мен қорғауды бірлесіп бас­қару саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісім және 1988 жылғы Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы көпжақты келісім негізінде шешкен жөн деп санайды. Сонымен қатар, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайда­лану мен қорғауды реттеудің әмбебап тетігін жасап, өңірлік консорциум құруды жақтайды. Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Өзбекстанға ресми сапары әрі қарай жалғасады. Ал кеше кешкісін Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Респуб­ликасының Президенті Ислам Каримовпен кезде­сті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ташкенттен.