Қоғам • 30 Мамыр, 2019

Шаттыққа толы шаңырақ басқа үйелмендерге де отбасы бақытын тілейді

1484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шаттыққа толы шаңырақ басқа үйелмендерге де отбасы бақытын тілейді

Ақтөбеде өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушылар саны жыл са­йы­н өсіп келеді. Айталық, би­ыл оған қатысуға 500-ден ас­там өтініш түскен болса, іс-шара қорытындысы бойын­ша іріктелген 38 отбасы об­лыстық сынның марапаттау кезеңіне қатысты. Әрі оның алтауы облыстық байқаудың жүлдегері атанды. Соның ішінде ерлі-зайыпты Сайлаубек пен Бибігүл Әбілдаевтар об­лыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, бас жүлдеге ие болды. Өнегелі отбасы иелері жеті перзент тәрбиелеп, өсіріп келеді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі және ө­з­ара сыйластығы отағасы Сай­­лаубектің қатерлі дертті же­ңіп, одан айығуына септігін ти­гізгені бөлек бір әңгіменің еншісі. 

Көп балалы отбасына тату-тәтті тірлік және береке мен бірлік көріністері тән. Соның бәрінің ұйытқысы мен алтын қазығы атанған «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбілдаева Ақ­төбе қаласында өткен жылы пайдалануға берілген «Ана­ға тағзым» орталығында медиа­торлық қызмет атқарады. Ол ажырасқандарды қайта қо­сып жүрген шапағаты мен мейі­рімі, жүрегінің жылуы мол жан. Соңғы 8-9 жылдың ара­лығында биік парасат иесі 400-ге тарта отбасының бұзылмай, сақталып қалуына көмегін тигізген екен. 

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезе­ңінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде Ақ­төбе облы­сы­ның әкімі Оң­да­сын Ора­залин өз сөзін заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қай­раткері Әбіш Кекілбаевтың «ұл­тымызға не тілейсіз» деген тілші сауалына орай «қа­зіргі жағдайда ұлтымыздың үш ұр­пағының өкілінің басы бір дастарқанда тоғысуын қалай­­мын» деген ғибратты тілегімен түйіндеді. 

АҚТӨБЕ