Спорт • 30 Мамыр, 2019

36 балуан Нұр-Сұлтанда бақ сынайды

968 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып жатқан қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 8 маусымда Нұр-Сұлтандағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өткізілетін айтулы доданың жүлде коры биыл да комақты.

36 балуан Нұр-Сұлтанда бақ сынайды
Кеше Орталық коммуникациялар қыз­метінде Қазақ күресі федерациясының пре­­зиденті Ар­ман Шораев, Мә­дениет және спорт ми­нистр­­лігі­нің Спорт және де­не шынықтыру істері коми­­тетінің төрағасы Серік Сә­пиев, «ORDA INVEST» корпорациясының Бас­қарма төрағасы Шалқарбек Талипов және Ұлт­тық Олимпиада коми­тетінің Спорт дирек­ция­­сының директоры Елсияр Қана­ғатов қа­тыс­қан баспасөз жиы­ны өтті. 

Арман Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұл­тан, Алматы, Шымкент қа­ла­ла­рынан және күштік құ­рылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. «Қа­зақстан барысы» тур­­нирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жере­бе тарту рәсімінен басталмақ. Тар­тыс­ты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспар­ланған. 

«Биылғы турнирдің жүл­де қорына 41 млн теңге бө­лініп отыр. «Қазақстан бары­сы» атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» және 25 млн теңге қар­жылай сыйақы беріледі. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен ма­рапатталады. Сонымен қа­тар әр белдесудегі жеңіске жет­кен балуанға 100 мың тең­геден беріледі. Жалпы жүл­де қомақты болғаны жақсы, бірақ «Қазақстан барысы» атағы одан да жоғары тұрады деп ойлаймын. Бұл атақты алу бүгінгі таңда әр балуанның арманы», дейді ол.

Биылғы турнир жылдағы ереже бойынша іріктеліп, сол дәстүр бойынша өтеді. Ал келесі жылдан бастап әр об­лыстан тек бір ғана балуан қатысатын болады. Оны ұпай, рейтинг арқылы анықтамақ. «Кей облыстарда қазақ күресі жақсы дамыған. Кейбір об­лыстардың деңгейі онша емес. Биыл Қостанай облысын­да «Қазақстан барысына» ба­луандарды ірік­теу төмен дең­гейде ұйымдастырылған. Ал Қы­­зыл­орда, Түркістан, Ал­маты, Шығыс Қа­зақ­­стан облыстарында «сен тұр, мен атайын»­ деген балуандар көп. Рейтинг бойынша олар­ға жарысқа қатысуға мүм­кіндік береміз деп ойлаймын. Рейтингте жоғары ұпай жинау үшін күнтізбеміздегі сайыстарға қатысу керек», деп сөзін түйін­деді Арман Шораев.

Ұлттық Олимпиада комитетінің Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Қазақ күресіне ерекше көңіл бөліп, «Қазақстан барысы» жобасын да қолдайтындарын жет­кізді. Мұның дәлелі ретінде жуырда ғана Ұлт­тық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев Лозаннада Халықаралық күрес феде­рациясының басшысымен кездесіп, Халық­аралық қазақ күресі федерациясын мүшелікке енгізу мәселесін қозғап, сол жақтан қолдау тапқанын атап өтті. 

«Қазақстан барысы» турнирі «Нұр-Отан»­ партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлт­­­тық әл-ауқат қоры, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда.
Соңғы жаңалықтар