Аймақтар • 30 Мамыр, 2019

Қаланы абаттандыруға кәсіпкерлер көмек береді

883 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қызылорда қаласында 50-ге жуық көпқабатты үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір қуаныштысы, бұл үйлерді қалыпқа келтіруде бюджет қаржысы жұмсалып жатқан жоқ.

Қаланы абаттандыруға кәсіпкерлер көмек береді

Қала әкімі Нұрлыбек Мәш­бек­ұлы қаладағы көпқабатты үйлердің сыртқы тұрпатын сәулеттік және эстетикалық талап­тарға сай сәйкестендіруге көмектесу үшін жергілікті құ­ры­­лыс компаниялары басшы­лығына өтініш білдірген болатын.

Қала кәсіпкерлері бұл ұсы­ныс­ты қабыл алып, туған өлкесін абаттандыруға кірі­сіп кетті. Қайырымды азамат­тар­дың көмегімен былтыр да 100-ге жуық көпқабатты үй толық жөндеуден өткен еді.

Әсі­лінде, «Тұрғын үй қаты­нас­тары туралы» заңның 35-бабының 2-тармағына, 50-бабының 1-тармағына сәйкес «Тұрғын үйді қалыпты жағ­дай­да күтіп-ұстауға кететін шы­ғы­нын өзінің ортақ меншіктегі үле­сінің көлеміне қарай өтейді және пәтер иелері ортақ мү­лік­ті өздерінің үлестеріне тең мөлшерде күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жалпы шығыстарға қатысуға мін­дет­ті» делінген. Яғни, ортақ меншігі болып табылатын тұрғын үйді күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізу тіке­лей тұрғындардың өз мін­де­ті саналады.

Заң осылай дегенімен өздері тұрып жатқан үйдің әрлеу жұмыстарын жүргізуге тұр­ғындардың бәрі бірдей ықы­ласты емес. Белсенділері бол­ға­нымен көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін жағдайлар да болады. Өз үйінің машақатын Үкі­меттің мойнына іліп қой­ғысы келетін, түймедей нәр­се­ден түйедей дау туғызып, ақпарат құралдары арқылы елді улыған да шулыған қы­лып жатқандар да бар. Бұл жайт республикамыздың әр түкпірінде кездеседі. Анық­тай келгенде белгілі болаты­ны, әкімдік тарапынан үй иеле­ріне кондоминимум арқы­лы жөндеуге келісімшарт ұсынылған. Бірақ күрделі жөндеуден өтетін үйге ай сайын белгіленген несие сома­ны төлеуге тұрғындардың ықы­ласы аз. Ал әкімдікте жеке­меншік үйлерді тегін жөн­деп беретін қаржы жоқ. Үй сыртын әрлеу, маңайын абат­­тандыру мәселесі де осы­лай тығырыққа тіреле береді. Сондықтан қала әкімі қайы­рым­ды азаматтардың көмегіне ділгір. Осылайша бюджетке салмақ түсірмей көпқабатты үйлерді әрлеу, шатырларын жөндеу жұмыстары атқарылып келеді.

Биыл осы жұмыстардың жал­ғасы ретінде «Сыр-Ана» монументінің аумағы қай­та абаттандырылады және қаланың ең басты көшесі – Нұрсұлтан Назарбаев даң­ғы­лының бойы­нан қала тұр­ғын­дары мен қонақ­та­ры­ның серуендеуіне, жайлы демалуы­на ыңғайлы жағдай жасал­ған аллея салынатын бола­ды.
Жалпы, Қызылорда қала­сы­на ұзақ уақыттан кейін кел­ген қонақтар қаланың тез өске­ні­не, сәулетінің артқанына және тазалығына сүйінішін білдіреді.

Қызылорда облысы