Тарих • 30 Мамыр, 2019

Тараз тарихын танытудың тың жолы

1356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көне Тараз қаласы туралы византиялық елші Земарх, Қытай саяхатшысы Сю-ань-Цзан, араб географы Әл-Мақдиси сияқты саяхатшылар кезінде құнды деректер жазып қалдырған. Одан бергі кезеңде де тарихи Тараз топырағы туралы талай туындылар туған.

Тараз тарихын танытудың тың жолы
Жуырда тарихи кезеңдерді жаң­ғыр­ту мақсатында көкейінде көне тарих күмбірлеген тарихы терең Әулиеата өңірінде «Nomad Explorer» компаниясының ұйытқы болуымен және Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы, сонымен қатар Жуалы ауданы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет «Оңтүстік аңыздары» экспедициялық фестивалі өтті. Турис­тік экспедицияға еліміздің және шетел­дер­дің мыңнан астам саяхатшылары қатысты. 

 Бірнеше жылдан бері еліміздің тарихи маңызы бар әрі көрікті жерлеріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген «Nomad Explorer» тобы биылғы шараға Жамбыл облысын тұңғыш рет қосып отыр екен. Белгілі саяхатшы Марғұлан Сейсенбай бастаған сапардың алғашқы бағыты екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласынан басталды. Жоспар бойынша экспедициялық топ Тараз қаласынан шығып, Алатаудың етегіндегі ортағасырлық Ақыртас тарихи нысанына барды. Сонымен қатар саяхатшылар Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан Тектұрмас кесенесіне келіп, одан кейін Қарахан, Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелерінің тарихымен де танысты. 

Бұдан кейін Жуалы ауданының Берікқара шатқалында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай «Қызғалдақ – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Аталған шара еліміздегі Грейг, Кауфман, Зинаида, Борщов, Колпаковский қызғалдақтары сияқты эндемиялық өсімдіктерге жас­тарды ұқыпты қарауға шақыру болып табылады. Сонымен қатар мұн­да­ғы Грейг және Кауфман қызғал­дақтары Қазақстанның Қызыл кіта­бы­на енгізілген. Іс-шараның негізгі мақ­саты – Жамбыл облысының тари­хи жерлерімен қоса, табиғат кереметін де туристерге таныстыру және оны сақтаудың маңыздылығына мән беру», дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова. 

Аталған ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Ақсу-Жабағылы» мем­лекеттік табиғи қорығы» рес­пуб­ликалық мемлекеттік мекемесі, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институты, Қазақстанның биоалуан­түр­лілігін сақтау қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, Жамбыл облысы туристік фирмасының өкілдері, бұқаралық ақпарат құрал­да­ры, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, блогерлер мен фототілшілер қатысты. Конференцияға қатысушылар Берік­қара шатқалындағы көктемгі әртүрлі өсім­діктерді тамашалап, жабайы қыз­ғал­­­дақтар аясында фотосессиялар ұйым­­­дастырды. Сонымен қатар мұнда көк­пар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойын түрлерінен де фес­тиваль өтті. 


Жамбыл облысы