Францияда – 60, АҚШ-та – 65, Германияда – 67, Жапонияда – 70, ал бізде…
Жұма, 19 сәуір 2013 0:42
Иә, зейнетақы жүйесін жаңғырту жайы қоғамда қызу талқылануда. Астанада бас қосқан Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы да бұл мәселеге үн қосып, өздері жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесімен бөлісті.
Сауалнама барлық аймақтарда әртүрлі әлеуметтік топтар, соның ішінде дәрігер, оқытушы, фермер, зауыт, фабрика, мәдениет саласының жұмыскерлері, орта деңгейдегі менеджер, ауыр жұмыста істейтін әйелдер, кәсіпкер және тағы басқа да топтар арасында жүргізіліпті. Зерттеуге қатысқан тұрғындардың 93 пайызы зейнетақы жүйесін жаңғыртудан хабардар екенін жеткізген.
Жұма, 19 сәуір 2013 0:42
Иә, зейнетақы жүйесін жаңғырту жайы қоғамда қызу талқылануда. Астанада бас қосқан Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы да бұл мәселеге үн қосып, өздері жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесімен бөлісті.
Сауалнама барлық аймақтарда әртүрлі әлеуметтік топтар, соның ішінде дәрігер, оқытушы, фермер, зауыт, фабрика, мәдениет саласының жұмыскерлері, орта деңгейдегі менеджер, ауыр жұмыста істейтін әйелдер, кәсіпкер және тағы басқа да топтар арасында жүргізіліпті. Зерттеуге қатысқан тұрғындардың 93 пайызы зейнетақы жүйесін жаңғыртудан хабардар екенін жеткізген. Әйелдердің 54 пайызы Бірыңғай зейнетақы қорын құруды қолдайтындығын білдіріпті. Ал әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы 40 жастан кейін әйелдердің жұмысқа орналасу қиындығын және жұмысқа тұру кезінде кемсітушілік сақталатындығын уәж ретінде келтірген. 52,6 пайызы зейнетке шығу жасын ұлғайту бала туудың төмендеуіне әкеп соғады десе, 30 пайызы зейнетке шығуға қобалжитындығын, ал 13 пайызы зейнетке шығудан қорқатынын айтқан. Жалпы, 43 пайызының зейнетақы лайықты өмір деңгейін қамтамасыз етпейді деп күдіктенетіні анықталған.
Іскер әйелдер қауымдастығы мүшелері әлеуметтік зерттеулер нәтижелерін саралай келе, әйелдердің басым бөлігі зейнетақы жүйесін жаңғыртуға әлі де болса дайын еместігін айтып, ол үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын барынша жетілдіре түсу қажеттігін алға тартады. Осыған орай зейнетақы жүйесін жаңғыртуға ықпал етіп отырған себептерді тағы бір талқыға салды.
Негізінен елде зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бірден-бір себеп ретінде зейнетақы жинақтау қорларындағы жинақтардың аз болып отырғаны әсер еткені белгілі. Ал оған қазіргі жұмысшы қауымның басым бөлігі жинақтау қорларына ақша бөлмеуі ықпал еткен. Мәселен, бүгінде елімізде 8,5 млн. жұмыс істейтін адам бар болса, оның 3,5 миллионы, яғни 41 пайызы ғана тұрақты түрде отандық зейнетақы жинақтаушы қорларына ақша бөледі екен. Мұнымен қоса, 2,7 млн. өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандардың 932-сі, яғни 34,5 пайызы ғана зейнетақы қорларына ақша жіберген. Ал олардың бәрін қосқанда жиналған қор әрбір адамға шаққанда 400 теңгеден келіп отыр. Ал қалыпты жағдайда 1800 болуы керек екен. Яғни қажетті сомадан 4,5 пайызға аз. Ал жинақтаушы қорларда аз қаржы жинап отырғандардың 70 пайызы – әйелдер. Бұдан шығатыны, болашақтағы зейнетақы қорының жағдайы әйелдерге байланысты болады, дейді мамандар. Ал зейнетақы аз болған кезде төменгі тариф, төменгі баға, әлеуметтік қолдаулардың артуы талап етілетіні белгілі. Ендеше, зейнетақы жинақтау қорларында барынша мол ақша жинақтау кімнің болмасын қазірден бастап назарда ұстайтын басты міндеті болса керек.
2013 жылдан бастап Қазақстанда еңбекке жарамды адамдар саны азаяды, керісінше зейнет жасындағы адамдар көбейеді, дейді әлеуметтік зерттеулер. Бұл үрдіс 2025-2026 жылдарға дейін жалғаспақ. Бұл еліміздің өткен ғасырдағы демографиялық жағдайына тікелей байланысты екен. Оны мамандар былай түсіндіреді: мәселен, 2013 жылы еңбекке жарамды адамдар қатарына 1995 жылғы туылған жастар қосылады. Ал 1995 жылдар кезінде елде бала туу көрсеткіші төмендеген болатын. Ал биыл зейнет жасындағы еңбекке жарамсыздар қатарына сонау жылдары соғыстан кейінгі «бэби-бум» кезінде дүниеге келгендер қосылады. Яғни бұл – 1948 жылы туылған ерлер мен 1953 жылы туылған әйелдер. Осыған байланысты, 2012 жылы еңбекке жарамдылар саны 63,6 пайыз болса (оның 31,7 пайызы әйелдер), 2030 жылы бұл көрсеткіш 58,3 пайызға, 2050 жылы 55,5 пайызға (оның 26,5 пайызы әйелдер) төмендейді. Сонымен қатар, айта кетер тағы бір жәйт, зейнеткерлердің саны 2012 жылы барлық тұрғындардың 10 пайызын құраған, оның 7,2 пайызы әйелдер болған. Ал 2030 жылдарға қарай зейнеткерлер саны барлық тұрғындардың 13,6 пайызын, 2050 жылға дейін 15,3 пайызын құрайды деп күтілуде. Ал оның 10,7 пайызы әйелдер болмақ. Сондай-ақ, бүгінде әйелдердің зейнетақы жинақтау қорларындағы жинақтары ерлермен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептеулері бойынша, 2015 жылы бұл 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал 2018 жылға қарай мүлде азайып, теңгерімсіздікке әкеледі. Оның салдары әйелдердің мүлде төмен зейнетақы алуына әкеп соқтырады. Осыған орай Қазақстан әйелдердің зейнетке шығу жасын әр жыл сайын 6 ай қосып, 58-ден 63-ке көтеруді ойластырып отыр. Зейнетақы жүйесін жетілдіру бүгінде әлем елдерінің біразында орын алуда. Оған жаһан халқының жаппай өмір сүру жасы ұзарып, қарттар қатарының көбеюі, керісінше, соңғы кездері бала туудың азаюы бір себеп болса, сондай-ақ, Еуропаны тығырыққа тіреген қаржылық дағдарыс та барынша әсер етіп отыр. Мәселен, Германияда 2012-2019 жылдар аралығында зейнетке шығу межесін біртіндеп 65-тен 67 жасқа ұлғайту жүріп жатса, Нидерланды (63-тен 65 жасқа) мен Испанияда (65-тен 67 жасқа) бұл үдеріс 15 жылға созылмақ. Ал, Италия өткен жылдан бастап әйелдердің зейнеттік жасын бірден 60-тан 65-ке көтерді. Мұндай өзгеріс жасауды Грекия, Ұлыбритания, Австрия және Литва билігі де ойластырып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, АҚШ, Франция, Жапония, Венгрия, Польша, Чехия сынды елдерде де әйелдердің зейнетке шығу жасы жоғары.
Зейнетке шығу жасын ұлғайту, әрине, өте күрделі мәселе. Бұл ретте халықтың саны, жұмыспен қамтылуы және түрлі әлеуметтік топтардың әл-ауқаты ескерілуі тиіс. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі де елімізде бұл бағытта қолға алатын шаралар баршылық екендігін көрсетіп берді. Мәселен, жасы ұлғайған әйелдерді жұмысқа орналастыру жағдайларын қалыптастыру, ауыл-аймақтарда оларға арнап жұмыс орындарын ашу сияқты шаралар да өте маңызды. Себебі, әйелдердің жасын ұлғайту зейнетақы жинақтарындағы жиналымдарды ұлғайтуды көздеп отырса, бұл мақсатқа жету үшін олар сол зейнет жасына дейін жұмыс істеп, жинақ қорларына ақша аударып отыруы керек.
Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы отырыс соңында әлеуметтік зерттеу қорытындысын тиісті органдарға жіберетіндігін айтып, оны заң қабылдау кезінде назарға алса деген үмітпен тарқасты.
Елдер Әйелдердің зейнетке шығу жасы
Австрия 60 жас
Ұлыбритания 60 жас
Германия 67 жас
Италия 60 жас
Қазақстан 58 жас
Нидерланды 65 жас
Ресей 55 жас
АҚШ 65 жас
Франция 60 жас
Швеция 61 жас
Жапония 70 жас
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».