Аймақтар • 30 Мамыр, 2019

Толғақты мәселелер талқыға салынды

999 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мүшелері Орал қала­сын­да­ғы Достық үйінде бас қосып, білім беру сапасын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу, ҚХА құрылымдық бөлім­шелері құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелерді талқыға салды.

Толғақты мәселелер талқыға салынды
Облыс әкімі Алтай Көлгінов, Ассамблея кеңесінің мүшелері, этномәдени бір­лес­тік­тер­дің өкілдері қатысқан отырыста ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина «Мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға белгіленген тәсілдердің орындалуы туралы» баяндама жасады. Ол педагогтардың біліктілігі, білім беру жүйесіне жаңа технологияны енгізу, материалдық-техникалық базаны заманға сай жаңғырту мәселесінде олқылықтар бар екенін айтты. 

Өңір басшысы мектепте оқушыларды тамақ­тандыру мәселелеріне қатысты көп­те­­ген арыз-шағым түсетінін мәлімдеп, «Бала­лар­ды сапалы тамақтандыру үшін өңір бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер тиісті шешімін табуы тиіс» деді. Аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жұмыс сапасын арттыру бойынша атқарылатын жұмыстарға кешенді талдау жүргізу тапсырылды.

«Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген алғашқы медико-санитарлық жәрдемнің қолжетімділігі және медициналық қызмет сапасы мемлекеттің ең басты құндылығы – ұлт денсаулығына ықпал ететінін айтты. 

Өңірде дәрігер мамандардың жетіс­пеу­шілігі де бар, облыс орталығында меди­ци­налық мекемелер де қажет. А.Көлгінов Орал қаласындағы көпбейінді аурухана жанынан жаңа кардиоорталық салу мәселесі жоспарланып, қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Жаңа кардиоорталық құрылысы 2020 жылы басталмақ. Сондай-ақ Орал қаласында жаңа №7 емхана ашу қажеттілігі туындаған. Өңір басшысы қалалық аурухана жаңа ғимаратқа көшкен кезде босаған корпусты «Қарашығанақ» компаниясының қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіп, емханаға айналдыру жоспарымен бөлісті.

Батыс Қазақстан облысының агроөнер­кә­сіп кешені әлеуетін дамыту туралы баяндама жасаған өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңіс Сағидуллин салада еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, заманауи агротехнологияны қолдану, шетелдік білікті мамандардың тәжірибесін пайдалану туралы мәселелерді көтерді. Алдағы уақытта ауыл кәсіпкерлерін шаруашылық жүргізудің жаңа әдістеріне үйрететін курстарда жаппай оқыту жоспарланған.


Батыс Қазақстан облысы