Аймақтар • 30 Мамыр, 2019

Алматыда ХV халықаралық PR форумы өтіп жатыр

1088 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның PR саласының мамандары Алматыда алыс-жақын елдердегі әріптестерін шақырып, «сағаттарын бір теңестіріп алуды» дәстүрге айналдырғанына - 15 жыл. Биылғы тақырып – ақпарат майданында қандай бағыттар басымдыққа ие бола бастады, аудиторияға қажетті ақпаратты жеткізген кезде қандай ақпараттық құралдардың көмегіне сүйену қажеттігін талқылады. Алғашқы сессияның нүктесі – «блогерлердің мүмкіндігін қалай пайдалану қажет, оларды елдің болашағын айқындайтын кезеңде қалай пайдаланамыз» деген сауалдардың жауабын майдан қыл суырғандай етіп талдап-жіліктеп берді.

Алматыда ХV халықаралық PR форумы өтіп жатыр

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес  конференция екі күн бойы өтеді: Алғашқы күнді  теориялық және өзекті мәселелерге арнаса, екінші күн тәжірибелік дағдыларды дамытуды пікір-талас өзегіне айналдырмақ. Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген БАҚ басшылары, журналистер мен блогерлер коммуникациялар индустриясындағы дағдарысқа қарсы тұру, digital-трендтер, өткен жылдың ең қызықты кейстері сияқты өзекті тақырыптарды талқылып жатыр. «Біз сіздермен Алматы қаласында қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Біздің жыл сайынғы конференциямыз тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағының коммуникация саласының басты оқиғасына айналады деп үміттенемін. Осы жылдар ішінде форум тек кәсіби мамандардың ортасы емес, отандық мамандарға өз тәжірибесімен бөлісіп, нарықтағы жаһандық трендтер жайлы ақпарат алуға, кәсібіміздің беделін көтеруге мүмкіндік береді» деді Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Карауылова.

Осымен он бесінші рет өткізіліп отырған форум қазіргі уақыттағы ең өзекті трендтерді анықтауды дәстүрге айналдырған. Биылғы форум «Транзиттік коммуникация – Аламан бәйге» тақырыбына айналып отыр. «Сайлау қарсаңында» деп аталатын пленарлы сессия кезінде сарапшылар мен спикерлер үміткерлердің сайлауалды тұғырнамасына талдау жүргізді: Халықпен жұмыс жасау, ақпараттық коммуникацияларды пайдалану деңгейіне де көңіл бөлді. «Қазақстан блог саласындағы «Тақтар таласы»: Әлеуметтік желінің темір тағына кім отырмақ» тақырыбына арналған сессияда инфлюенсер мен халықаралық трендттер және Қазақстан нарығына ықпалы жөнінде сөз қозғады.  


АЛМАТЫ