Аймақтар • 30 Мамыр, 2019

«Ралли Қазақстан 2019»: тайталас толастар емес

1144 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтаудағы FIA Халықаралық Автомобиль Федерациясының «Ралли Қазақстан 2019» ралли-рейдтер бойынша Әлем Кубогы кезеңінің ақтық кезеңіне екі күн қалды. Бүгін қашықтығы 399 шақырымды құрайтын төртінші жарыс күні аяқталды. Бұл туралы ҚР Автомотоспорт федерациясы баспасөз қызметі хабарлады.

«Ралли Қазақстан 2019»: тайталас толастар емес

Төрт күннің қорытындысы бойынша ралли жалпы есепте бұрынғыдай автошабандоз Насер Әл-Аттия көш бастап келеді, катарлық төрт кезеңнің екеуінде топ жарды. Әл-Аттия мен Матье Бомель экипажының жалпы есепте Якуб Пшигонскиден 9 минут, ал Бернхард Тен Бринкеден 10 минут басымдығы бар. Әзірге екінші орын үшін осы нидерландтық және польшалық автожарысшылар арасында өткір бәсекелестік орын алуда. Төртінші орынға ерлі-зайыпты Стефан мен Андреа Петерансельдердің дуэті орналасқан.

Жарыстың төртінші күні тағы да Кендірліден басталды. Бұл кезеңде шабандоздар алдымен күрделі навигациясы бар құмды учаскелерді жүріп өтіп, жылдам дала жолдарына шықты. 58 километрде оларды тасты төбемен төмен бағытталатын жол күтіп тұрды. 120 километрден кейін раллистер жылдам тегіс жолдарды еңсеріп, мәре сызығының алдында кең грейдерге шықты.

Төртінші арнайы учаскеде ең үздік уақытты Сауд Арабиясының автошабандозы Әл-Раджи тіркеп, қашықтықты 3 сағат 45 минут және 53 секундта жүріп өтті. Өткен жылғы қазақстандық кезеңнің жеңімпазы кешегі апатты жағдай және көп уақыт жоғалтуына қарамастан, жарыстың соңынан дейін күресуді шешті. 

Алайда, Язид әл-Раджи мен Дирк фон Цицевицтің командасы «Ралли Қазақстан 2019» жарысында жеңіске жетудің мүмкіндігін жоғалтып алды, себебі экипаж үшінші кезеңнің мәре сызығын кесер алдында спорттық регламентті бұзғаны үшін 4 сағаттық пенализация алды.

-Кешегі оқиғадан кейін бізде барлығы дұрысталды. Көлік дөңгелегі дін-аман және ешқандай қиыншылыққа тап болмадық. Біз алтыншы болып жарысты бастадық, алдымен Заплеталды оздық, содан кейін мәре сызығына дейін Петерансельдің артынан жүріп отырдық, деді Әл-Раджи.

Бүгінгі жеңіске қарамастан, Әл-Раджи жарыс көшбасшысынан жалпы есепте 5 сағатқа артта тұр. 

«Дакар» ралли-марафонының 13 дүркін жеңімпазы француз автошабандозы Стефан Петерансель бүгін мәре сызығына екінші болып келді. Бұл - Қазақстандағы әлем Кубогы кезеңіндегі ерлі-зайыпты Стефан мен Андреа Петерансель дуэтінің үздік нәтижесі. «Ралли Қазақстан» дебютанттары Маңғыстау шөл жолдарының ерекшелігіне біртіндеп бой үйретіп келеді.   

-Бүгін біз жарысты төртінші кезекте бастадық. Алдымен Пшигонскиді қуып жеттік. Қазір ол және Тен Бринке алдыңғы орындарға таласуда. Ал бізден жеңістің ауылы алыстап кетті, сондықтан мен оны басып озуға тырыспаймын және кедергі жасамауға тырысамын. Жалпы, бүгін сәтті кезең болды, деді Стефан Петерансель.

Өзінің Mini John Cooper Works Rally автокөлігімен Якуб Пшигонски және оның штурманы Тимо Готтшалькпен мәре сызығын үшінші болып кесті. Польша елінің автошабандозы арнайы учаскені жылдам әрі сенімді жүріп өтіп, нәтижесінде Бернхард Тен Бринкеден бір жарым минутқа ерте келді.

-Үшінші позициядан жолға шықтық. Жолда көп  шалшық сулар кезікті. Біз барымызды салдық. Жоспар тек Бринкені басып озу болатын, ол біздің қолымыздан келді. Өткен жылмен салыстырғанда сөзсіз біз жылдам жүрудеміз. Ең маңыздысы - ақтық нәтиже, деді Якуб Пшигонски.

Владимир Васильевтің жарыстан шығып қалуы мен Язид Әл-Раджидің көп сағаттық пенализациясы Мирослав Заплетал мен Денис Кротовтың бесінші орынға таласуына жол ашты. Әзірге төрт кезеңнің қорытындысы бойынша чехиялық шабандоз ресейлік спортшыдан жалпы есепте бес минутқа алда келеді.

Қазақстандық Андрей Чередников пен Игнат Фальковтың экипажы жарыстың барлық кезеңдерінде бірқалыпты нәтиже көрсетіп келеді. Команда бүгін 4 сағат 48 минут пен 4 секундта қашықтықты еңсеріп, сегізінші болып мәреге жетті. Төрт күннің қорытындысы бойынша "OFF ROAD Kazakhstan" командасының өкілдері жалпы есепте жетінші орынға жайғасты.

Т2 жол талғамайтын көліктер санатында қазақстандық Кирилл Черненков пен Алексей Мунның экипажы қашықтықты 6 сағат 12 минут 30 секундта жүріп өтті. Дегенмен, бұл санатта жалпы есепте катарлық Моххамед Әл-Меердің экипажы көш бастап тұр. 

Т3 санатында Федор Воробьевтің экипажы ең жылдам уақытты көрсетті, олар 5 сағат 5 минут және 32 секунд нәтижесімен мәреге бірінші жетті.

Жүк көліктері сериясында төртінші кезеңде ресейлік «Камаз-мастер» командасының өкілі Дмитрий Сотников тағы да жеңіс тойын тойлады. Экипаждың көрсеткіші 5 сағат 39 минут 29 секунд.

Ралли-рейдтің бесінші күнінде автошабандоздар Ақтау қаласының солтүстігіндегі айналма жолға бет алып, 290 шақырымды жүріп өтеді. 

«Ралли Қазақстан 2019» ралли-рейдінен Әлем Кубогының кезеңі Маңғыстау облысының аумағында өтуде және ол 1 маусымда аяқталады.


Маңғыстау облысы