Қазір диқандарда дамыл жоқ. Қырдағы қызу қарбалас облыс аумағында кең қанат жайып, негізгі күш-жігер жауапты науқанды дер кезінде аяқтауға жұмылдырылған. Биыл 4,2 миллион гектар алқапқа дән сіңіру белгіленген. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуандық Шакубаев берген мәліметтерге қарағанда, көктемгі дала жұмыстарын атқаруға 540 мың тонна тұқым, 70 мың тонна жанар-жағармай әзірленген. 12,5 миллиард теңгеге әртүрлі маркалы 776 техника бірлігі сатып алынған. Өсімдік шаруашылығын дамытуға жергілікті қазынадан 13,4 миллиард теңге бағытталған. Минералдық тыңайтқыштарды субсидиялауға 5,4 миллиард теңге бөлінген.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ғ.Мүсірепов ауданында болып, науқан барысымен танысты. Аграршылармен кездесуде Үкімет тарапынан көрсетілетін қаржылық көмектің артқанын, ауа райы қолайлы, топырақ құнары жеткілікті екінін, мүмкіндіктерді тиімді пайдалану тиістігін атап көрсетті. – Биыл алғаш рет 15 мың гектар алқапқа соя егіп жатырмыз. Тұқым жеткілікті. Арнайы техникалар әкелінді. 2020 жылға таман оның мөлшері 150 мың гектарға жеткізіледі. Соя топырақты байытады. Соядан кейін бидай жақсы өседі. Бағасы да жоғары. Диқандарымыз агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және егіншілікке дәлме-дәл технологияны енгізу бойынша астық шығымдылығын көбейту жолдарын тынбай қарастырып келеді. Мәселен, Анатолий Рафальский басқаратын «Астық-Тайынша» ЖШС ғарыштан немесе квадрокоптерлерден егістіктерді бақылау тәжірибесін енгізген. Аграрлық саланы цифрландыру заман талабы екенін өзгелер де ұғынғаны жөн, деген Құмар Іргебайұлы орташа ерте пісетін, ауруларға, татқа төзімді бидай сұрыптарын аудандастырудың маңызына тоқталды.
Аудан 500 мың гектарға бидай, 160 мың гектарға майлы дақыл, 8 мың гектарға картоп, 1 мың гектарға көкөніс егуді жоспарласа, Бақыт Құсайынов жетекшілік ететін «Әділ» басқарушы компаниясы кестеден алда келеді. 16 мың алқаптың 14 мыңына дән сіңіріп, қалғанын парға дайындапты. Аққайың ауданы «Токуши Grain» шаруашылығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қолдауын ерекше сезініп отыр. Одан 400 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдеп, шетелден су жаңа егіс кешендерін алдырыпты. Солардың бірін, атап айтқанда, «Massey Ferguson» тракторын 15 жылдық жұмыс өтілі бар Виталий Кащенко ұршықша үйіріп жүр. Ол үшін бір ауысымда 200 гектар жерге дән сіңіру қалыпты норма саналады. Тапсырманы артығымен орындағандарға қосымша ақы төлеу тетіктері ойластырылған.
Экологиялық таза өнім өсіруге ден қойып жүрген шаруашылықтардың бірі Шал ақын ауданындағы «Нива-Крещенка» ЖШС. «Органикалық өсімдік шаруашылығының қыр-сырын үйреткен семинарға қатысқанымда Германия тұрғындары жалпы құны 10 миллиард тұратын органикалық өнімді тұтынатыны мысалға келтірілген еді. Осы тауарлардың бестен бірі өздерінде шығарылатын көрінеді. Осы әдіс көңіліме қонды. Биылдан бастап біртіндеп экологиялық таза астық өндіруге көшіп отырмыз. Енді дәрілеуден гөрі органикалық өнім өсіруге пайдаланылатын биологиялық препараттарды пайдалануға басымдық береміз», дейді жаңашылдыққа жаны құмар Николай Синенко. Қызылжар ауданында «Шағала-Агро» шаруашылығы былтыр 200 гектар жерге дәлме-дәл егіншілік элементтерін қолданып, гектар берекесін 44 центнерге жеткізіп, әр гектардан 15 мың теңге табыс түсірген. Биылғы меже –1 0 мың гектар жерге осы технологияны енгізіп, кемі 30 центнерден өнім алу.
Сол сияқты Аққайың ауданында теріскейдің климатына шыдамды, өнімділігі жоғары, қысқа мерзімде пісетін «Семеновка» деп аталатын бидайдың жаңа сұрпы аудандастырыла бастапты. Бұл 7 бірдей жаңа сұрыптың шығуына белсене қатысқан жергілікті селекционер ғалым Ольга Семеновнаның құрметіне аталған. М. Жұмабаев ауданында жауапты науқанға тартылған 62 серіктестік пен 269 шаруа қожалығы жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, 376 мың гектар алқапқа дән сіңіруге 51 егіс кешені, 2 мыңнан астам тұқымсепкіш тартылған.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары аустриялық әріптестерімен бірігіп, Қазақстанның табиғаты мен жер жағдайына бейімделген жаңа егіс кешенін шығарып, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында» сынақтан өткен болатын. Петтингер фирмасында құрастырылған кешеннің көп артықшылығының бірі, цифрлы бағдарлама арқылы тыңайтқыш себу мөлшерін реттеп отырады. Электронды басқару блогымен жабдықталған. Станса директоры Белгібай Қанафиннің айтуынша, басқару өте жеңіл. Жер жырту, топырақ қопсыту, тырмалау, дән, тыңайтқыш сіңіру секілді операциялар бір мезгілде атқарылады. Жанармай көп үнемделеді. Қазір 800 гектар аумаққа дәнді және майлы дақылдарды егуге қолданылуда.
Міне уақыт талабымен үндес жаңашылдықтар агроөнеркәсіп тірегі екенін жақсы түсінген теріскейлік диқандар «ақылды технологияларды» көктемгі, күзгі дала жұмыстарына да кеңінен енгізуді басты бағдар еткен.
Солтүстік Қазақстан облысы