Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Шардара СЭС-і қайта жаңғыртылуда

962 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында электр энергиясымен өңірді қамтамасыз ету мен өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие жоба жүзеге асырылуда.

Шардара СЭС-і  қайта жаңғыртылуда

Нақтырақ айтсақ, Шардара ­СЭС-ін түбегейлі жаңғырту бағ­дар­ламасы ­ая­сында 2020 жылғы наурыз­ға дейін стан­са­дағы 4 су агре­гатының ­бәрін де ауысты­ру жос­парланып отыр. Жобаның жалпы құны 38 млрд тең­ге, қаржыландыру 32% өз қа­ража­ты есебінен, 68% не­сие есе­бінен. ­Жоба мердігері – аус­триялық-гер­мания­лық «Andtitz Hidro GmbX» компаниясы.

Мамандардың есебінше, қайта құру СЭС-тің қуатын 26 пайызға – қазіргі 100 МВт-тан 126 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жыл сайын қосымша 57 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілетін болады. Жаңа жабдық су стансасының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартып, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырады және апат қаупінің деңгейін төмендетеді. Жоспарланған 4 су агрегатының екіншісі жуырда пайдалануға берілді. СЭС-те технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталып, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

 Пайдалануға 1967 жылы берілген Шардара СЭС-тің норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, технологиялық жабдығы 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Мамандардың айтуынша, жаңғырту жобасының басталуына қарай жабдықтың тозуы шамамен 100%-ға жеткен. Су стансасында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар қазір шығармайды және оны өндірістен алып тастаған. Үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалған. Алғашқы екі су агрегатын пайдалануға тапсырумен бірге, үшінші агрегат бойынша құрылыс жұмыстары қатарласа жүруде. Сонымен бір мезгілде төртіншісі орнынан алынады. Бекітілген кестеге сай, бұл уақытта осыған дейін іске қосылғандары жұмыс істеп тұрады. «Шардара СЭС» АҚ-ның басқарма төрағасы Б.Жаңабаевтың айтуынша, 4 су агрегатының бәрін де жаңарту көзделуде.


Түркістан облысы