Сонымен бірге, оқушылардың түрлі үйірмелерге, мәдени іс-шараларға, спорт секцияларына қатысуларына жағдай жасалады. Балаларды жүзуге үйретуге және бассейндерді көбейтуге септігін тигізетін «Қауіпсіз су» жазғы акциясы өткізілмек. Бұл мәліметтер облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісінде келтірілді. Жиында облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев бала тәрбиесі, білім беру саласында кемшілік жіберген бірқатар жауапты басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды. «Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу. Бұл сала облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тікелей қадағалауында тұр. Сондықтан кәмелетке толмағандар жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары қайта қаралып, бекітілсін. Мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді өткізу бағытында жұмыстар жүргізілсін», - деді М.Отарбаев.
Облыста БАҚ және интернет-кеңістікте зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы ақпараттық науқан өткізіліп, қала, аудандардағы балаларды тасымалдайтын көліктердің қауіпсіз-техникалық ерекшеліктеріне талдау жүргізілетін болады. Сонымен қатар, сауықтыру лагерлерінің, аула клубтарының, өзге де мектептен тыс мекемелердің желісін арттыру, үйірмелерге қатысушылардың санын көбейту бағытында жұмыс күшеймек. Ойын алаңдары мен аттракциондарына мониторинг жасалады.