Руханият • 31 Мамыр, 2019

Екі кештің арасында

4564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн батып, көз байлана бас­таған шақ. Ауыл шетіндегі тоқал тамның іргесіне келіп, үш-төрт салт атты кісі тізгін тарт­ты. Іште отырған отағасы олардың «Кім бар-ау?» деген дау­сын есті­ген бойда қалбалақтап сырт­қа атып шықты. Семіз торы атқа мінген дөңгелек жүзді, мұрт­ты кісі есік алдына таяп келіп: «Шыршыққа баратын төте жол осы ма?» деді там артындағы қасқа жолды қамшысының сабымен нұсқап. «Иә, – деді отағасы тез басын шұлғып. – Осы жол». «Ә-ә, Алла разы болсын», деп әлгі кісі атының басын кері бұрды. Өзі сірә, атқосшы болса керек. Өйт­к­ені оның ар жағындағы ат басын іркіп тұрғандар қалалық қызметтегі кісілерге ұқсайды.

Екі кештің арасында

Отағасының жауабын естіген бойда жолаушылардың үзеңгісі сыңғыр ете түскен. Ай жарығымен әудем жерге шейін ағараңдап көрініп жатқан қасқа жол оларды Шыршық қаласына емес, басқа жаққа, тірі жанға бей­мәлім бір тылсым түнекке қарай жетелей жөнелгендей көрінді.

«Қап-әй, – деп өкінді отағасы басын шайқап. – Ішке кіріп, шай ішіңіздер дегенде болар ма еді? Әй, бірақ... Мынандай дөкей мырзалар біздің жаман тамға кірер деймісің?!».

Ал ертеңіне...

Түс әлетінде ОГПУ-дің екі қыз­меткері әлгі тоқал тамның есігін сындырып жіберердей серпіп ашып, ішке баса-көктеп кіріп келді де: «Тез жинал!» деп бұйырды отағасына. Сөйтіп ай мен күннің аманында не болғанын түсінбей, екеуіне жалтақ-жалтақ қараған әлгі байғұсты өздері мініп келген арбаның артқы жағына отырғызып, қалаға қарай алды да кетті.

Сол күні оған «Аса ірі халық жауларымен сыбайлас болып, жол көрсетті» деген ауыр айып тағы­­лып, табаны күректей он жылға ит жеккенге айдалып кете барды...

Бұл оқиға 1937 жылдың көкте­мінде, біздің ауылда болған екен. Оны естіген жұрт әлі күнге дейін: «Құдай-ау, сонда немене, екі кештің арасында танымайтын-білмейтін кісілерге жол сілтегені үшін бе?» деп сұрайды таңғалып. «Иә, – дейді оған біздің аталарымыз бен апаларымыздың біреуі ақырын ғана. – Сондай да заман өткен ғой бастан...».