Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері жазғы оқу кезеңіне дайын

1064 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазғы оқу кезеңінің бастамасы алдында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияровтың нұсқауымен әскери қызметшілерге салтанатты түрде қару-жарақ пен әскери техника тапсырылып, қауіпсіздік шаралары бойынша кешендік сабақ өткізілді.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері жазғы оқу кезеңіне дайын

Әскери қызметшілер үшін әскери салттар ерекше мақтаныш туғызады. Осы күндері, әскери салттардың бірі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде өткізіліп, түрлі лауазымдағы жауынгерлерге жеке қару мен әскери техникалар сеніп тапсырылды. Бұл шара әскерилерді өз қаруын ұқыпты ұстауға, сүюге және жауапты болуға баулиды.

Қауіпсіздік ережелерін жеткізу бойынша кешендік сабаққа Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизондарының барлық әскери қызметшілері қатысты. Олар үшін арнайы 13 оқу орны әзірленді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жеке құрамға қауіпсіздік ережелерін жеткізіп, өрт жағдайлары мен күнделікті тіршіліктегі жарақаттану жағдайларын болдырмау, олар орын алған жағдайда қажетті іс-шараларды болдырмау, жауынгерлік даярлық, құрылыс, қызмет көрсету және парктік-шараушылық жұмыстары кезінде болуы мүмкін түрлі факторларды ескерту болып табылады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету орталығының штаб бастығы подполковник Руслан Кубашевтің айтуынша, бүгінгі күні өңірлік қолбасшылықтың барлық әскери бөлімдері жазғы оқу кезеңіне толықтай дайын. Барлық әскери техникалар жазғы пайдалану жағдайына келтірілді, құжаттама және оқу-материалдық база әзір, сондай-ақ әскери полигондар қауіпті жарылғыш заттардан тазартылып, кез-келген жиіліктегі оқу-жаттығуларды өткізуге дайын. Әскери бөлімнің қажет деңгейіндегі қорлары қалпына келтірілген.

2019 жыл Қарулы Күштерімізде «Рухани жаңғыру – жауынгерлік рух тірегі» ұранымен өтуде, ал жазғы оқу кезеңі 3 маусым күні басталатын болады.