Тарих • 31 Мамыр, 2019

Зұлмат жылдар қазақтың өсуін тежеген еді

973 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды.

Зұлмат жылдар қазақтың өсуін тежеген еді

Халық зиялылары жерленген мемориалды кешенде өткен шарада тағзым гүлі қойылды. ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы зұлмат құрбандарының рухына құран бағыштады. Жиналғандар Алаш ардақтыларын бір минут үнсіздікпен еске алды. Митингте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі.

– Бүгін – қазақ елі үшін, қазақстандықтар үшін қасіретті де азалы күн. Алтайдан Атырауға дейінгі атырапты алып жатқан кең байтақ жердің иесі болған халқымыздың басынан қаншама қасіретті жылдар өтсе де, дәл осындай ауыр да азаптысы болмаған шығар. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі Төралқасының комиссиясы «қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің ұдайы жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айырылды» деген қорытынды шығарды. Аштықтан, негізінен, жас балалар мен әйелдер қырылды. Осы себепті қазақтардың өсуі қатты тежелді. Кейін бұл аштық «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген атауға ие болды, – деді облыс әкімі.

Демограф-ғалымдардың зерттеуінше облыстың өзінде 4500 адам жазықсыз репрессияға ұшырап, сотталған екен. Олардың 1153-і ату жазасына кесілген. Қазақстанға өзге мемлекеттерден мыңдаған адам жер аударылған. Оларда зұлмат жылдардың азабын қазақтармен бірге тартты.

Митингте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, депортация құрбанының ұрпағы Валерий Пак сөз сөйлеп, кешегі сұрапыл күндерді жадыдан шығармауға, жазықсыз жазаланған жандарды ұмытпауға шақырды.