24 Сәуір, 2013

Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды

Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:27

Қазір екінің бірінің аузында мемлекеттің зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы  әңгіме жүр. Әйелдердің зейнет жасын  ерлермен теңестіріп, 63-ке дейін ұлғайту туралы жоба өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдерді ойландырып тастағаны рас. 

Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:27

Қазір екінің бірінің аузында мемлекеттің зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы  әңгіме жүр. Әйелдердің зейнет жасын  ерлермен теңестіріп, 63-ке дейін ұлғайту туралы жоба өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдерді ойландырып тастағаны рас. 

Жақында зейнетақы  жүйесін жаңғыртуға байланысты облыста өткен мәжіліс осы сұрақтардың біразына жауап бергендей болды. Оған  аудан, қала әкімдерімен қатар, еңбек ұжымдарының  жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының  өкілдері қатысты.

– Қазақстанды дамытудың қазіргі заманғы сатысында біз әдістер мен түрлі шаралардың қажеттігін және оны  қабылдау керек екенін түсінуге тиіспіз. Бұл үшін біздің қызметімізде анықтық, айғақтық, сенімді мәлімет және ақпараттар болуы керек, –деп мәлімдеді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов.

Ал облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов осы  тақырыпқа баяндама жасап, зейнетақы жүйесін жаңғырту үдерісінен кері шегінбейтінімізді белгілі айғақтарды мысалға ала отырып, түсіндірді. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту  зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бір кепілі болмақ. Мұндай шара барлық дамыған елдерде жүргізіліп жатқан үдеріс.

– Қазір ынтымақты зейнет­ақы­ның уақытын  кеміту жи­нақ­таушы емес, базалық зейнет­ақымен өтеліп отыр. 2040 жыл­дан бастап, әйелдер еңбек өті­лімен есептелетін ынтымақты зейнетақы алмайды.  1980-1982 жылы өмірге келгендерден бас­тап әрі қарай әйелдер тек өзінің жинақтаған зейнетақысына  се­нетін болады. Мемлекеттің ең төменгі кепілі тағы бар. Де­генмен, қамсыз  қарттығын қам­тамасыз етемін дегендер­ тек еңбекпен жинақтаған қаржысына ғана арқа сүйейді, – деді Серік Шыңғысұлы.

Серік Бектұрғанов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның артықшылықтарын түсін­дір­ді. Әрине, көп балалы аналар, ауыр жұмыстағы,  базарда бір күндік нәпақасын тауып тұрған әйелдер, мүгедектер туралы  сауалдар да жетерлік. Осы орайда  негізінен әйелдерден тұратын ұжым – «Алпамыс» аяқ киім  фабрикасының директоры Алмагүл Сәуденованың  пікірін білгенбіз.

– Зейнетақы жүйесін жаң­ғыр­тудан  еңбек еткен, жұмысы бар әйелдер ұтылады деп ойламаймын.  Тек қазір бізде  әлеуметтік әртүрлі топтағы әйелдер бар. Осы жаңғырту кезінде солардың жағдайы ескерілсе деп ойлаймын. Ал ең бастысы, дүние жү­зіндегі дамыған елдер  тәжі­ри­беден өткізіп жатқан  бұл істі­ мемлекет бекер қолға алып отыр­ған жоқ. Мемлекетті дамытатын қаржыны инвестициялық қарымды жобаларға салмай,  пышақ үстінен зейнетақыға бө­ліп бере берсе, ол елдің қазы­на­сында қандай береке қалады? Бұл  – мемлекетті дамыту, сол­ арқылы адамдардың әл-ауқа­тын көтеру үшін барып отыр­ған шара. Сондықтан оны пат­риоттық сезіммен түсінуіміз керек. Мемлекет дамыса, ешкімді де  тағдыр тәлкегіне  тастамайды, – дейді  Алмагүл Қасымқызы.

Мәжілісте  сөйлегендер құжатқа ұсыныстар жасаумен қатар, адамдардың нарыққа  бейімделуі, менталитетімізге сыни қарауымыз  қажеттігін де әңгіме етті. «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе?  Масылдықтан біржолата арылып, әркім өз өмірін жастан ойлауға, жоспарлай білуге  тәрбиелейтін уақытқа жетелейтін шара болар деген ойды сөзге тартқандар айтып жатты. Көпшіліктің күдігі сенімге айналып келе жатқандай.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.