Аймақтар • 01 Маусым, 2019

Түркістан: Мамыр айында екі үшем өмірге келді

1348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Түркістанда мамыр айында екі үшемнің өмірге келуі алғаш рет тіркеліп отыр.

Түркістан: Мамыр айында екі үшем өмірге келді

Үшемдердің ата-аналары ме дәрігерлер «көз» бен «сөзден» сақтанған да болар 1-ші мамырда дүниеге келген үшем туралы ақпаратты жария етпепті. Облыстық №3 перинаталдық орталықта мерзімінен ерте босанған 27 жастағы Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. Нәрестелердің салмағы 1 820 гр, 1800 гр, 1730 гр болған. Алғашқы кезде сәбилердің жағдайы ауыр болған соң дәрігерлер жасанды тыныстану аппаратына қосып, бір ай көлемінде денсаулықтарына ерекше күтім жасаған. Қазір жағдайлары жақсарып, салмақтары екі келіден асқан. Жасанды ұрықтандыру жолымен жүкті болған келіншек балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран қойыпты. Бұған дейін бір қызы бар отбасының перзенттері осылайша төртеуге жетіп отыр. 

Ал, екінші үшемнің анасы Сайера Туклиева 29 жаста. Бірлік ауылында тұратын келіншек 27 мамыр күні босанған. Кесарь тілігі арқылы екі қыз бен бір ұлды өмірге әкелген жас ананың үйінде тағы үш перзенті бар. Нәрестелері де айы - күніне толып, өз үйлеріне жіберілді. «Үшемдерге жүкті екенімді бесінші аптада білдім. Үй-ішімізбен қуандық. Бастапқы жүктілік кезінде біраз қиналған кездерім болды. Бірақ ерекше күтім жасап, дәрігерлердің айтқанын орындадым. Перзенттерімді аман-есен босанып алдым. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді, бізге жақсы ем-дом жасап, жақсы қарады. Есімдерін Фатима, Исмайл, Зухра деп қойдық. Осылайша өмірге үш перзент әкеліп, батыр ана атандым. Алла тағалама осындай перзенттер бергені үшін ризамын»,- дейді Сайера Туклиева.

Үйлеріне шығарыларда қос ана мен нәрестелерге облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды. Әр нәрестеге араба мен керуеттер, киім-кешектер, ойыншықтар табыс етілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, сәбилер алдағы уақытта да ерекше күтімге алынады. «Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайы жақсы. Медициналық күтім жасап, үйлеріне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына медбике бөлінетін болады. Осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз»,- деді Мұқан Егізбаев.

Жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қаласында, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта босанған.