Сұхбат • 03 Маусым, 2019

Талас Омарбеков: Жер бетінде қазақ сияқты қасірет көрген халық жоқ

3094 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Өткен тарихыңды таразыламай, болашағыңның кемел болуы неғайбіл. Қазақ тарихында да ақтаңдақтар жеткілікті, оның ішінде кеңестік дәуір тарихи бағасы берілмеген қасіретті кезеңге толы. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековпен болған сұхбат осы тақырып төңірегінде өрбіді.

Талас Омарбеков: Жер бетінде қазақ сияқты қасірет көрген халық жоқ

 – Сіз шаң басқан архив құжаттарын ақ­та­рып, қазақ халқының кеңестік ке­­зең­дегі қасіретті тарихын терең зерт­теген ғалымсыз. Архивтегі ащы шындық туралы құжаттармен алғаш танысқан кезде қандай күйде бол­ды­ңыз? 

– Біздің қазіргі Президент архиві бұ­рын партияның Орталық Комитетінің архиві болған. Зерттеуді алғаш содан баста­дық. Артынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің архив­тері секілді ведомстволық мұра­ғат­тармен таныстым. Қазақстанның же­ті облысының архивін ақтардым. Со­лар­ды ақтарып отырып жағамды ұста­­дым. Қатты таңданғаным және қат­ты ашын­ғаным сол, ашаршылық кезін­де­гі босқын­шылыққа қарсы деректер аяқ алып жүргісіз. Қазақтың қалай босқыншылыққа ұшы­рағаны, әр аудан, облыстардағы бос­қын­шылық, басқа өлкеге барғандағы жағ­дай­лары туралы адам естісе нанғысыз мәлі­меттерді кезіктірдім. 

Қатты қынжылғаным, біздің оқып, жазып жүрген тарихымыз мүлде басқа тарих болып шықты. Шын мәніндегі тарих адамдардың аштықтың зардабынан жыланның, тасбақаның етін жегені, босып кеткені, көмусіз қалғаны туралы бұрын­ғылар ауызша айтқан тарих екенін білдік. Десе де олар ауызекі ғана айтылып, ресми дерек болмағандықтан онша мән бермегеніміз рас. Ал қол қойылып, мөр басылған қасіретті құжаттарды көзбен көргенде жүрегім ауырды. Осыншама қасіретті жасырудың не қажеті болды екен деген ойға келдім. Көзі көрген адамдардың тірі болса да жасырып отырғаны қалай деп қапаландым. Міне, осы әсерден әлі күнге дейін айыға алмай келемін. 

Коммунизм құрушыларының мораль­дық кодексінің алғашқы бабында: «Адам адамға дос, жолдас және бауыр» деп айты­лады. Ал мына мұрағаттардағы құ­жат­тарды қарасаң, адам адамға қас, дұшпан деген тезис шығады. Өйткені большевиктер қазақты біріне бірін айдап салған, бай мен кедей деп әлеуметтік тапқа бөлген. Осылайша қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамын іштен ірітіп жіберген.

 – Архив деректеріне үңіліп, ақтаң­дақ­тар ақиқатына көз жеткізген са­йын «Неге?» дегеннен басталатын са­на­­мызда сансыз сауал туындайды. Боль­­шевиктердің бассыздығынан неге қазақ халқы соншалықты зардап шек­ті? Неге нәубет қазақ халқының басына төнді? 

– Ленин бастаған большевиктер 1917 жылы қазанда билікті басып алғанда, большевиктік партия мүшелерінің саны 24 мың адам болған екен. Жиырма төрт мың адам билікті басып алады десе сенер ме едіңіз? Сенбейсіз. Олар бүкіл Ресейдегі билікті бір күннің ішінде басып алды. Халық оларды қа­лай қолдады, неге қарсы болмады? Бы­лай қарасаңыз ап-анық террористік әре­кет. Ал басып алған себебі олар ма­ңыз­ды үш құжат қабылдады. Кейіннен бұл большевиктердің екіжүзділігін әшке­ре­ле­ген жалған құжаттар болып шықты. Бірінші дүниежүзілік соғысты кадеттер мен эсерлер тоқтата алмады, тоқтатқысы да келмеді. Ең үлкен қателіктің бірі міне осы болды. Большевиктер партиясы билікті басып алған сәтте Бітім туралы декрет қабылдады. Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Польша, Балтық бойы елдерінің барлығын Антанта одағы елдеріне беріп жіберді. Сөйтті де соғысты тоқта­тайық деп, Бітім туралы декрет қабыл­дады. Осылайша окоптағы бүкіл солдаттар, теңіздегі барлық теңізшілер бір күнде большевиктер жағына шығып кетті. Осылайша тұтас армияны ешқандай күштемей-ақ өздеріне қаратып алды.

 Екінші декрет жер туралы. Жердің ма­ңызды мәселе екенін түсінген Ленин осыған басымдық берді. Жерді шаруа­ларға жекеменшікке береміз деген шешім қабылдады. Осыдан кейін шаруа­лар мемлекеті саналған бүкіл Ресей боль­ше­вик­терді қолдады. Бірақ большевиктер айт­қан сөздерін орындамай, азғантай уақыт­тан кейін жердің бәрін тартып алып колхоз, совхоздарға таратып берді. Міне, екі­жүзділік. Үшінші құжат Қаналған, езілген еңбекші халықтардың декларациясы деп аталды. Қаналған, езілген деп, қазақ, өзбек, Кавказ халықтары сияқты­лар­ды айтып отыр. Солардың бәрі өзінің жеке мемлекетін құрып, тәуелсіздігін алу құқығын мойындаймыз деп соқты. Осылай азаттыққа ұмтылған ұлттардың бәрі де әп-сәтте большевиктердің жағына шыға келді. 

– Қазақстанда Кеңес өкіметіне қар­сы алғашқы көтеріліс 1929 жылдың күзінде Тақтакөпір ауда­нынан бастау алып­­ты. Егер осы көтерілістен кеңес би­лігі дер кезінде сабақ алған болса, қазақ халқы соншалықты қырғынға ұшы­рамас па еді, қалай ойлайсыз?

– Кеңестік билік көтеріліс тұрмақ қарсы пікір айтқан адамдардың өзін жау деп санады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан бастаған алашордашылар 1916 жылы халыққа көтеріліске шықпаңдар, қырылып қаласыңдар деп ескертті. Үкіметке қазақты атты әскерге алыңдар деді. 1929-1931 жылғы көтерілістерді де алаш қайраткерлері қолдаған жоқ. Өйткені олар реформаторлар. Күштеп емес, бейбіт, парламенттік жол­мен билікке жетуге болады деп ойлады. Алғашқы көтеріліс расында 1929 жылы қыркүйекте Тақтакөпірде бол­ды. Сол қыркүйекте Батпаққарада жал­ға­сып, Бостандық ауданында да белең алды. Алғашқы көтерілістер осылар. Бұл дүмпулерді Мәскеу о бастан бандиттік, контр­революциялық деп бағалады. Билік оларды бірден ұясында жоюға тырысып, бәрін қырып салды. Үш жылда болған 372 көтеріліске 80 мың адам қатысты. 80 мың адам деп отырғанымыз тек қырылғандары. Одан басқа өлгендері қаншама, құдай білсін. Бұл көтерілістер Кеңес өкіметіне жаулық мақсатта, құлату мақсатында жасалған деп қабылданды. Голощекин де осылай баяндады. Міне, сондықтан бұл көтерілістерден билік ешқандай тағылым алған жоқ. 

Бұл кездері қазақтардың өзі больше­вик­терді жақтайтындар және алашорданы қолдайтындар болып өзара екіге бөлініп кет­кен болатын. Тіпті Алашорданы жақ­тай­тындардың қатары сиреп, кеңестік билікті қолдайтындардың қарасы арта түскен-ді. 1928 жылы қазақтың ірі байлары түгел кәмпескеленіп, қазақ ауылдары басшысыз қалды. Алашорданың түбіне бұған дейін-ақ жетіп тынды. Осындай жағдайда бұл көтеріліс әділетті көтеріліс деп айтатын адам шыға ма? Шыққан жоқ. Қазақтың өз арасынан да мұндай адам табылмады. Бертінге дейін бұл антисоветтік көтеріліс деп айтылып келді.

– Тарихи деректерге сүйенсек, тек 1929 жылдың 15 желтоқсанында ғана астық да­йындау науқанына бай­ла­ныс­ты 30 мың 800 адам қуғын-сүр­гінге ұшыраған көрінеді. 1928 жыл­дың 1 қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқ­са­­нына дейін осы науқанға байланысты 125 адам атылған. Мәскеуге хат жолдаған халық шаруашылық есебінің бастығы Саматовтың мәлі­ме­тіне қарасақ, 1930-33 жылғы ашар­шы­лықта Қазақстандағы халықтың саны 3 мл­н 397,5 адамға кеміген. Оның көбі қуғынға ұшырап, 1 миллионы босып кеткен. Сонда 2 млн адам қырылған болып есептеледі. Мұны қазақ халқына жасалған геноцид демегенде не дейміз?

– Алдымен геноцид деген не? Соны анықтап алайық. Геноцид туралы 1948 жылы БҰҰ конвенция қабылдады. Қысқартып айтар болсам, мұнда «Белгілі бір руды, тайпаны, ұлтты немесе халықты жойып жіберу үшін билік тарапынан қасақана жасалған қастандық. Соның нәти­жесінде халықтың қырылуына алып келген шаралар геноцид деп баға­ла­на­ды» деп жазылған. 1931-1933 жылғы ашар­шы­лықтағы қазақтың қасіреті тікелей билік­тің тарапынан жасалды. Сондықтан геноцид деп айтуымызға тура келіп-ақ тұр. Осының салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі комиссиясының 1992 жылғы ресми шешімі бойынша қазақ халқының 49 пайызы қырылды деп жариялаған болатынбыз. Бұл геноцид болмағанда не? Кезінде мен 1989 жылы қазақ әдебиеті газетіне «Голощекин геноциді» деген көлемді мақала жаздым. Коммунистік партияның кезі. Қоғам біржақты қабылдаған жоқ, қарсы болды, түрлі пікірлер толқыны қайшыласты. Біздің Қайдар Алдажұманов, Жұлдызбек Әбілғожин сынды тарихшыларымыз бұл қасіретті «этноцид» (этносты құртып жіберу) деп жазды. Қалай десек те геноцид термині ауқымдырақ. Айталық Украина БҰҰ-ға өздеріндегі ашаршылықтың геноцид екенін мо­йындатты. Украина билі­гі, Парламенті мұны мо­йындады. Украинадағы аштықтың себебі де басқа­ша­лау. Оларда қарулы отрядтар баса көк­теп келіп хуторларды тінткен. Сөйтіп үйдегі, қамбадағы бар астықты жинап алып, өздерін тырп еткізбестен үйлерінде қалдырып, сыртынан әскерлермен қоршап тұрған. Соның салдарынан әрбір хутор халқы аштан қырылған. Сондықтан олар «голодомор» деп жазады. Ал біздегі жағдай қалай? Бізде халықтың бар малын сыпырып алды да, қазақты халық деп менсінбейтіндіктен, шаруасы болған жоқ. Осылайша қазақ аштан қырылды. 

Біздің геноцидті мойындата алмай отыр­ғанымыз 1948 жылы қабылданған конвенциядан шығады. Біріншіден, қазақты әдейі қырғанын дәлелдей алмаймыз. Қолымызда құжат жоқ. Екіншіден, біз қазақтың қырғыны туралы әлі күнге дейін айтысып келеміз. Америкалық Сара Кэмерон ашаршылықтың салдарынан 1 миллион 600 мың қазақ қырылған десе, одан бұрын өткен Роберт Конквест деген Гарвард университетінің тарихшысы ашаршылық зұлматынан 1 миллион азамат көз жұмған дейді. 1997 жылы шыққан «Социс» журналының жетінші санында Ресейдің Жиромская, Поляков сынды зерттеушілері тіпті одан да аз қырылған дейді. Қазақтың 1 миллионы Қытайға өтіп кеткен дегенді сөздеріне дәйек еткісі келеді. Мен Қытайға өткен қазақтың саны жүз мыңнан аспайтынын айтып, оларға қарсы мақала жаздым. 

Қытайда отызыншы жылы паспорт жүйесін енгізген. Сол кезден бастап қытай тарапы өздеріне өткен қазақ санын санаған. Қытайлардың мәліметі бойынша 1931-1933 жылдардың аралығында 87 мың адам ғана өткен. Ал өзіміздің КГБ-ның мәліметі бо­йынша 77-78 мың адам. Қарап отырсақ екі мәлімет те бір-бірімен шамалас. Мен неге 100 мың деп айтып отырмын. Кезінде демогроф Мақаш Тәтімов те 100 мың адам өтті деген дерекке тоқтаған. Олай болатын себебі шекарадан өткенде талай қазақ, шамамен алсақ 20-25 мың адам түрлі себеппен қырылған. Осыны дөңгелектеп алғанда осы сандар шығады. 

Біздің Парламент БҰҰ-ға «Геноцид сияқты тұжырымдарыңыз қазақ сияқ­ты жартылай көшпелі өмір сүрген, өзін­дік ерекшелігі бар халықтардың қыр­­­ғынын сипаттауға келмейді. Бұл отырықшы, қала­лық жерлерде тұ­рып қарсылық білдірген халықтарға арнал­ған. Сондықтан геноцид­ке берілетін анық­та­ма­ны толықтыру керек. Тоталитарлық немесе авторитарлық жүйе өзінің қол астындағы халықтың мәдениетін, дәс­түр­лі шаруашылығын ес­кер­мей, соған сәйкес келмейтін күштеу реформаларын жүргізіп, соның нәтижесінде халық қырылатын болса бұл да геноцидке жатады» деп айтулары керек. Осындай қосымша болса ғана осынау зұлматты халықаралық тұрғыдан геноцид деп мо­йындата алар едік. 

– Голощекин басқарған ұжым­дас­ты­ру тұсында малдың басы 1931-1933 жылға дейін 40 млн бастан 4 млн басқа дейін ке­міп кеткен. 36 млн бастың 9 миллио­нын ғана Қазақстан тұтыныпты. Арғы жағындағы 15 миллионнан аста­мы Қазақ­станнан жан-жаққа пойыз­бен тасы­малданған. Басқалай айт­қан­да, Қазақстан Сол­түс­тік Кавказ, Сібір, Орталық Еуропа мен Орталық Азия қалаларын асыраған. Өзі аштан қыры­лып жатқан халықтың аузынан жы­рып, басқаларды азық-түлік­пен қам­та­­масыз етуге қазақ қай­рат­керлері неге қарсылық таныта алмады? Олар дәр­менсіз болды ма, әлде ынтымағы бол­мады ма?

– Керісінше сол кезде большевиктік билікте отырған басы Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов бастаған, соңы Із­мұ­қан Құрамысовтарға дейінгі қазақ басшы­ларының ауызбіршілігі мықты болды. Оларды алауыз болды деп мүлде айтуға келмейді. Ең алғаш Қазақстан үкіметінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылдың тамыз айында Сталинге хат жазды. Іле-шала қыркүйекте Рысқұлов Сталинге хат жолдады. Бірте-бірте осы деммен басқалар да халықтың үнін жоғарыға жеткізе бастады. 1933 жылдың басына дейін жазылған хаттардың бәрі бар. Мәселен, Рысқұлов пен Исаевтың алғашқы хаттарына тек мал шаруашылығындағы жағдай арқау болған. Хатта қазақ босып кетті, дәстүрлі шаруашылығынан айрылып, күйреп кетті деген мәселелер аракідік кездеседі. Менің мәліметім бо­йынша, Рысқұлов Исаевқа телефон шалып «Қырылып қалатын болдыңдар ғой, осылай жата береміз бе? Хат жазыңдар. Хатта күн тәртібіндегі бірінші мәселе етіп мал шаруашылығын алайық» деп үндеген. Неге мал шаруашылығын алғашқы орын­ға қойған. Біріншіден, қазақ басшылары малдан айрылса, қазақтың шаруасы бітетінін жақсы біліп отыр. Екіншіден, малдың қисапсыз қырылып жатқанын айтсақ, Голощекинді басқара алмайды деп Қазақстаннан алып кетеді, орнына қазақты қояды деп сенді. Бұл сөзіме дәлел, толассыз хаттар түсіп жатқан тұста мәселенің мәнісіне үңілмек болған Сталин Голощекиннен хат сұрайды. Сонда Голощекиннің жазған тоғыз беттік хатының көшірмесі Президент архивінде тұр. Онда Голощекин мал шаруашылығын айта келіп, өңшең бай-бағландарды жамандап, қазақты надан, бандит деп қаралап жер түбіне тығып жібере жаздаған. Сталин артынша 1932 жылы 17 қыркүйекте «Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы» деген қаулы қабылдаған. Сол қаулы бойынша қазаққа көмек ретінде 2 миллион пұт астық бөлінген. Қаулыда астық ашаршылыққа ұшырағандарға арналған деп емес, тұқымдық қорға деп жазылған. Бұл қаулыда қазақтың аштан қырылып жатқаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Бірақ қазақтың мал шаруашылығының күйреп кеткені туралы баса айтылған. 

Қазақтан шыққан большевик басшылар мал шаруашылығының күйзелісін алға тартып басшылықты ауыстырамыз деген ойда болды. Сталин бұдан дұрыс қорытынды шығарып, қазаққа көмек береді деп сенді. Әу бастан қазаққа көзқарасы дұрыс емес Сталин бұл үмітті ақтаған жоқ. 

– 1931 жылғы желтоқсан айындағы Голощекин­нің Сталинге жазған хатында Қазақстанда болған көте­рі­лістердің 15-і – ірі көтеріліс көрінеді. Осы 15 көтеріліске қатысқан 34 мыңға жуық адам айыпталған. 1 мыңнан аса адам айқас кезінде қаза тапқан екен. «Ке­дейге теңдік әперген» большевиктер мұн­дай қадамға не үшін барды?

– Жиырмасыншы жылы Мәскеуде басталған сот процестерінің айыптауларын қарап отырсақ бірі троцкийшілдерге, бірі зиновьевшілерге, енді бірі каменев­ші­лерге қарсы болды. Бухарин бастаған оңшылдарға қарсы үлкен террор деп аталған сот процесі, ұлтшылдарға қарсы түрікшіл, исламшыл деп, оларға қарсы іс қозғалды. Жалпы кеңестік жүйеде бөтен ойлайтындардың барлығы жаппай қуғынға ұшырады. Партия тұрмақ жеке адамның өзі қатаң жазаланды. Кей­бір жазалаудың соңы өлімге апарып соқтырды. Кеңестік жүйенің теңдік, адамгершілік, барлық халықтар, барлық тіл бірдей тең құқылы деген тақылеттес ұрандары әдемі болғанымен, шын мәнінде олар бөтен ойлайтындар мен өзіне қарсы келгендерді түгел жоюды қолға алды. Нәтижесінде, соғыстан кейінгі жылдары басқаша ойлайтын адам қалған жоқ. 

– Тарихи деректерге сүйенетін бол­сақ, кеңес билігіне қарсы көтерілістерді ұлт қайраткерлері емес, қалың бұқара ортасынан шыққан тұлғалар бастаған көрінеді. Әлде қазақтың зиялы қа­уы­мы Кеңес өкіметінің қитұрқы саясатын жет­­кілікті түсінбеді ме? Не үшін шара­сыз­дық танытты?

– Егер зиялы қауым деп Алаш қозға­лы­сына қатысқандарды айтатын болсақ, олар екі рет сот процесі болып айдалып кеткен болатын. Ал енді Рысқұлов, Нұрмақов тағы басқа нарком болған қайраткерлерді айтсақ, олар бұл кезде билікте отырғандықтан боль­шевиктік саясаттың ұрдажығына, ұртоқпағына айналды. Халықтан алыс болды. Жалпы аудандық биліктерден бас­тап большевиктік билік халықпен байланысын үзіп алды. Халықпен байланысы үдеп кеткендерді, халықтың арасында көп жүргендерді ұлтшылға айналдырып жіберді. Рушыл деп қаралады. Кеңестік жүйе халықтың емес жоғарыдағылардың айтқанын істеуге бейімдеді. Меніңше ол кезде билікте отырған қазақ зиялыларын айыптаудың еш қажеті жоқ.

–  ХХ ғасырдың басындағы 20 жылдың тарихына (1918-1938) әлі толық­қанды баға беріп, тұтас ұлттың апат­қа ұшыраған кезеңі ретінде тарихи тұр­ғыдан баға бере алмай келеміз. Неге?

– Бұл шынында да өте маңызды мәселе. Бізде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болғанымен, қасірет күні әлі күнге жоқ. Ұрпақ тарихты, халқымыз кешкен қиындықты ұмытпауы керек. 1938 жылға дейінгі тарихқа негізінде саяси тарих ретінде қарауымыз керек. Тарих ғылымдарының өзі де осы жылдары кеңестік биліктің жете­гін­де кетті. Авторитарлық биліктің айтқа­ны­мен жүрді. Бұл кезде көптеген жақ­сы­лық­тармен қатар халқымызға қасірет әкелген дүниелер өте көп болды. Осы кезеңде алфавитті үш рет ауыстырдық. Халықты мәңгүрттендіре, орыстандыра түсті. Сондықтан бұл кезеңнің тарихтағы ең қаралы кезең екенін ұмытпайық. Ең бас­тысы, ол кезеңдерде де жақсылықтар болды ғой, университеттер ашылып, теа­трлар салынды емес пе деген сынды қысыр әңгімелерді доғаруымыз керек. Кеңестік тоталитарлық жүйенің соғысқа дейінгі саясаты әдебиетте, мә­дениет­­те болсын қалай болса да қаралы саясат. Революция деп айту тым сыпайы. Біз большевиктік терроризмнің қасіретіне ұшырадық. Бізден басқа мынадай қасіретті көрген ел болса коммунистік партияға тыйым салар еді. 

–­ Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдас­ты­ру саясатының кесірінен қазақ хал­қының жартысына жуығы қырыл­ған­дығы тарихтан мәлім. Ендеше ашар­шы­лық құрбандарын еске алудың нақты бір күні белгіленіп, ол күн ұлт қасі­реті деп есептеліп, туымыз төмен түсірілетін кезең қашан туады деп ойлайсыз? 

– Жылына бірнеше мәрте Түркияға барамын. Түркияның қалаларында 30-40 метрлік биік темір діңгектерде түрік­тің қызыл жалауы желбіреп тұрады. Университеттерінің қай бөлмесіне кір­сең де Ататүріктің кішкентай ғана су­ре­ті бұрыштан қиғаш қарап тұрады. Түркияның халқы күрд, әзербайжаны бар, бәрі түгел өзін түрікпін деп түсінеді. Мұның себебі Ататүрік әрбір сөзін «Мен түрік болғанымды мақтаныш етемін» деген сөзбен аяқтаған. Сондықтан бәрі түрік болуға тырысты. Ал болмайсың ба, жолың ашық. Сөйтіп Түркияның көпұлтты халқы түріктің төңірегіне бірігіп, демократиялы елге айналды. Бізде солар сияқты барлық қазақстандықтың санасына қазақ осындай қырғынға ұшыраған, қазақ осылай сендерге жақсылық жасаған, қазақтың төңірегіне топтасыңдар, мына мемлекет қазақтың мемлекеті, қазақ қасірет кешіп қырылса да осы ұлан-байтақ жерді сақтап қалған, қазақты сыйлаңыздар деп сіңдіріп, айтып отыруымыз қажет. Жер бетінде дәл біздей қасірет көрген халық жоқ. Біз көрген қасіретті бәлкім, Американың үндістерімен ғана салыстыруға келетін шығар. Өзің айтқандай ұлт қасіреті деп есептелетін арнайы күн белгіленуі керек.