Президент • 03 Маусым, 2019

Жусан уақытында гүлдеді

919 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіндегі дерек­т­ерге қарағанда, бұл жолы құтқарылған балалардың саны – 171. Сөйтіп Ел­ба­сы­­ның тапсырмасы бойынша жүргізілген «Жусан» гуманитарлық опера­ция­­сы­­ның үш кезеңінде Қазақстанға бас-аяғы 357 бала қайтарылып отыр.

Жусан уақытында гүлдеді

Негізі «Жусан» операциясының басты мақсаты да алдымен балаларды құтқару болатын. Бұл жолы да таратылған бейнекадрларға көз жүгіртер болсақ, бейкүнә балалардың көбінің ұлты қазақ екендігін жүзінен аңғарсаң да, біразы сол қанды қыр­ғын аумағында дүниеге келген тәріз­ді. Тиісінше, тойып тамақ ішпек тү­гілі, ешқандай құжаттарының ресім­дел­геніне күмән келтіресің. Оның үстіне, ресми орындар балалардың бір­қатарының тұл жетім екендігін растады – ата-аналары Сирияда оққа ұшқан немесе жоғалып кеткен. 

Сол деректерге қарағанда, «Жусан-3» қорытынды опера­ция­сының аясында елге қайтарыл­ғандар­дың ішінде 67 әйел бар екен. 

Бота көздері жәудіреп, белгісіз жаққа асыққан бүлдіршіндердің бірқатары қазақ жауынгерлерінің құ­шағында ұшаққа жеткенше қал­ғып кетті. Олар елге жеткізілген соң дәрі­герлік тексерулерден кейін бейімдеу орталық­тарына орналастырылған.

Жалпы, соғыс ошағы аумағынан өз азаматтарын шығарып алуға әлемнің көптеген елі талпыныс жасап жатқанымен, біздің еліміз мемлекеттік органдардың ықпалдастығы мен әлемдік серіктестерінің көмегімен қазір­дің өзінде ауқымды жұмыстар ат­қарып үлгерді. Оның жарқын дәлелі қысқа уақытта құтқарылған – 357 бала. Олардың бейбіт аспан астында өмір сүру құқығын мемлекет абыроймен жүзеге асырды. 

Өсе келе сол 357 бала елге мін­сіз қызмет етіп, әрқайсысы бір-бір шаңы­рақ­тың түтінін түтетіп, ұлтымыздың ұпайын түгендей түссе екен деген тілек бар.
Міне, Елбасы бастамасымен былтыр қолға алынған «Жусан» гума­нитарлық операциясына әзірге осындай қалың нүкте қойыла тұрады. Жал­пы, бұл операцияның түйінді сәті де 1 маусым – Халықаралық бала­лар­ды қорғау күніне сәйкес келуі де кездейсоқтық емес шығар.