Сайлау • 03 Маусым, 2019

Сайлауға әзірлік барысы қорытындыланды

1370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының ашық отырысында төрт мәселе қаралды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алғашқы тақырып – «2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу кезеңіндегі сайлау комиссиялары мүшелері мен сайлау процесіне басқа да қатысушыларды оқытудың қорытындылары» бойынша баяндама жасау үшін сөзді ОСК хатшысы Сәбила Мұстафинаға берді.

Сайлауға әзірлік барысы қорытындыланды
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректеріне сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық шеңберінде сайлау науқанын жариялаған сәттен қазіргі уақыт­қа дейін барлық аумақтық сайлау комиссияларының 1 624 мүшесі оқытылған, бұл АСК жал­пы құрамының 100%-ын құрайды. Ал учаскелік сайлау комис­сияларының 65 мыңнан астам мүшесі оқытылған, бұл УСК жалпы құрамының 94%-ын құрайды деген сөз. Міне, ОСК хатшысы атап өткендей, республиканың сайлау комиссияларында сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту Орталық сайлау комиссиясының отырысында бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілген.

Учаскелік сайлау комиссияла­рының мүшелерін оқыту ОСК да­йындаған «Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің сайлауын әзірлеу кезіндегі сайлау про­цесінің құқықтық негіздері мен сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» атты оқу бағдарламасы және оқу-әдістемелік кешені бойынша жү­зеге асырылды. Электораттық оқыту алты бағыт бойынша, яғни Президент жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясының өңірлік филиалдары базасында сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту, жергілікті жер­лерде төмен тұрған сайлау комиссияларының мүшелерін каскадтық әдіспен оқыту, қашық­тықтан оқыту мен тестілеу, ОСК мүшелері мен аппарат қы­зметкерлері өңірлерде өткізген көшпелі оқыту семинарлары, оған қоса бейнеконференцбайланыс арқылы өңірлермен ұйымдастырылған семинарлар және сайлау процесінің басқа да қатысу­шы­ларына арналған оқыту іс-шаралары арқылы өткізілді. Сөй­тіп республика бойынша сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын электораттық оқыту 118 112 адамды қамты­ды. Бұған қоса, отырыста бейнекон­фе­­ренция арқылы Ақтөбе, Жам­был облыстарының және Ал­маты қаласы аумақтық сайлау комиссияларының басшылары өңірлерде оқытуды ұйымдастыру мен өткізу тәжірибелерімен бө­лісті.

Ал «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің кезектен тыс сайлауында жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге кестесін айқындау туралы» мәселеде бейнеконференция арқылы аумақтық сайлау комиссиялары кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру уақытын таңғы сағат 6.00-ден бас­тап белгілеу туралы заңнамаға сәйкес қабылданған шешімдер туралы баяндады. Мәселен, әскери бөлiмдерде, демалыс үй­лерiнде, санаторийлерде, тұ­рақты емдеу-профилактикалық меке­мелерде, тергеу изолятор­лары мен уақытша ұстау изоляторларында құрылған сайлау учаскелерінде егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комис­сиясы дауыс берудi кез кел­ген уақытта аяқталды деп жариялай алады.

Отырыстағы үшінші, яғни «2019 жылғы 9 маусымға тағайын­далған Қазақстан Республикасы президен­тінің кезектен тыс сай­лауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеудің күшін жою» туралы баяндаған ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина Сыртқы істер министрлігінің 2019 жылғы 23 мамырдағы №14-3/1918 ұсынымының негі­зінде Түркі тілдес мемлекет­тер ынтымақтастық кеңесінің бай­қаушысы Джейхун Шахвер­диевті аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы мәселе қойылғанын айтты. Осыған орай «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қа­зақ­стан Республикасы Прези­дентінің кезектен тыс сайлауы­на халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 21 мамырдағы № 35/270 қау­лысына тиісті өзгеріс енгізілген. Атап айт­қанда, осы қаулымен бе­кітілген, яғни 2019 жылғы 9 мау­­­сымға таға­йындалған Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Прези­дентінің кезектен тыс сайлауына Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдар байқаушыларының тізіміндегі «3. Түркі тілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық ке­­ңе­сі» бөлімінде көрсетілген рет­тік нөмірі 41 «5. Jeyhun Shahverdiyev» деген жол алынып тас­­талған.

Одан әрі Зәуреш Хамитқызы «2019 жылғы 9 маусымға та­ғайындалған Қазақстан Респуб­ли­касы президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» айта келіп, бүгінде Сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар түске­нін де атап өтті. Мәселен, 23 жә­не 30 мамырда Сыртқы істер ми­нистрлігінен түскен ұсы­ныс­тарда 323 байқаушы – Тә­уелсіз Мемлекеттер Дос­тас­­тығы Байқаушылар миссия­сы­ның құрамынан, 15 бай­қаушы – Тәуелсіз Мемле­кет­тер Достастығына қатысу­шы мем­лекеттердің Парламен­та­ралық Ассамблеясынан, 263 бай­қаушы – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқық­тары бюросы миссия­сы құра­мынан, 18 байқаушы – Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассам­блеясынан, 9 байқаушы – Түр­кі тілдес мемлекеттер ынты­мақ­­тас­тығы кеңесінен және 1 бай­қаушы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы байқаушылар мис­сиясының құрамынан болған.

Сонымен қатар 31 шет мем­лекеттен 91 байқаушы ұсыны­лып отыр, олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Қыр­ғыз­­­стан, Румыния, Тәжікстан, Тү­рікменстан және Өзбекс­тан­­­­ның орталық сайлау орган­да­рының өкілдері бар, деді З.Бай­молдина. Осылайша б­үгінде аккредиттеу­ге бар­­лығы 720 байқаушы ен­гізіл­ген. Шет мемлекеттер мен ха­­­лықаралық ұйымдардың бай­қау­шыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2019 жылғы 3 мау­сым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асы­рады. Жалпы ха­лық­аралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден тіркелген байқаушылар саны 31 мамырға 967 адамды құраған көрінеді. Аталған отырысқа саяси партия­лар мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссияларының өкілдері қаты­сып отырды.