Маңғыстау облысында аталған байқау зор ұйымшылдықпен өткізіледі - әке тағылымы, ана тәрбиесі, ұрпақтар ұлағаты сарапқа салынып, өзгелерге үлгі ретінде ұсынылар, өздерінің мерейін арттырар шараға қатысуға ынта білдірушілер саны аз емес. Белгілі ұстаз-музыкант, Маңғыстау мәдениетінің танымал өкілі, 77 жасында студент атанған, бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан Орын Құлсариевтің отбасы 2015 жылы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып қана қоймай, республикалық байқаудың Гран при жүлдесін жеңіп алған болатын. 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған Құлсариевтер отбасына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы естелік мүсін, «Мерейлi отбасы» ұлттық байқауы жеңімпазының дипломы мен Қазақстанда шығарылған IVECO шағын автобусының кілтін табыстаған еді.
Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнер, кәсіпкерлік салаларынан құралған 67 отбасы өтінім берді. Байқауға көп балалы отбасылар мен жас отбасылар белсенді қатысуда.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Маңғыстау ауданының үлгілі отбасы Нұрсебеповтер отбасына, екінші орын қарақиялық Торлановтар отбасына, үшінші орын Бейнеу ауданынан қатысқан Қидасовтар отбасына берілді.
Ел арасында «ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді.