Аймақтар • 03 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда республикалық арнайы жұмыс тобы болды

910 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов бастаған республикалық арнайы жұмыс тобы өңірде болып, жиын өткізді.

Солтүстік Қазақстанда республикалық арнайы жұмыс тобы болды

Отырысқа жергілікті атқарушы органдардың, тұрғын үй инспекциясы, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатысты. Облыс орталығындағы 1758 көпқабатты үйдің тек 35 процентінде ғана басқару формалары бар. Қалғандарында ие болмағандықтан күтім жұмыстары тыңғылықты жүргізілмейді. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында  168 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, бұл мақсатқа 2,7 млрд теңге жұмсалған.

«Бағдарламаның арқасында тозығы жеткен кондоминимум нысандарының саны 27 проценттен 17 процентке дейін төмендеді. Әкімдердің есептік кездесулерінде бұл мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп, бағдарламаны қайта қосуды сұрады. Олардың өтініштері ескеріледі деген үміттеміз» деді  аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Н. Сабильянов өз сөзінде қазіргі қолданыстағы заңнамалар тұрғын үй саласындағы барлық мәселелерді шеше алмайтындықтан, заң нормаларына бірқатар өзгеріс енгізу қажеттігі туындағанын, Үкімет Парламент ұсыныстарын қарап жатқанын жеткізді.

Индустрия және инфрақұрылымдарды дамыту министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев, Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов, тағы басқалары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемаларын тілге тиек етіп, шешім жолдарын ортаға салды.


Солтүстік Қазақстан облысы