03 Маусым, 2019

Атыраулық оқушылар Мемлекет басшысымен кездесті

1017 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күні еліміздің дарынды балалармен кездескен болатын. Олардың арасында Атырау облысынан келген оқушылар Нұрболат Маратұлы мен Аяна Жаңбырбаева да бар. Елорданың жаңа келбетімен танысқан оқушылар, «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясында қонақта болды.

Атыраулық оқушылар Мемлекет басшысымен кездесті

Еліміз үшін маңызды стратегиялық шешімдер қабылданатын осынау ғажап ғимарат туралы көптеген қызықты деректермен танысқанын айтады. Жылой ауданы, Тұрғызба ауылындағы №4 М.Әуезов атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрболат Маратұлының Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келуі.

«Маған Президентпен кездесуге барасың дегенде ерекше қуандым. Ақорданың ішін аралап, таныстық. Қасым-Жомарт Кемелұлы балалармен жеке суретке түсіп, бірге әңгімелесті. Ол кісі өте қарапайым кісі екен», дейді Нұрболат. Нұрболат озат оқушы, «Құрманғазы-200 жыл» атты республикалық конкурсының Гран-При иегері. «Маған алғаш домбыраны үйреткен анам. Қазір домбыраның 4 сыныбын бітірдім. Отбасында жеті адамбыз», дейді ол.

Ал Аяна Жаңбырбаева Атырау қаласы №34 көпсалалы мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы. Жастайынан зеректігімен ұстаздарының көзіне түскен оқушы гуманитарлық пәндерден алғырлығын танытып, облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі белестерді бағындырып жүр.

«Мемлекет басшысы еліміздегі талантты, үздік оқушыларды жинап, кездесу өткізді. Жастарға үміт артатынын айтты. Бұл сөзі маған ерекше сенім сыйлады, келешекте мықты маман болып, елге еңбек еткім келеді. Осы ретте ұстаздарым мен облыстық білім беру басқармасының бас маманы Айнагүл Жұмағазиеваға алғыс білдіремін», дейді Аяна.