01 Мамыр, 2013

«Достық» үйі ортақ байлыққа қызмет етуі тиіс

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Достық» үйі ортақ байлыққа қызмет етуі тиіс

Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:05

Қазақстан халқының ХХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Достық» үйлерінің маңызына және олардың алдағы уақытта қалай жұмыс істеуі керектігіне тоқталды. Расында, ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті нығайта беру үшін бұл нағыз керек мәселе деп білемін. Президент айтқандай, ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен достығы үшін қандай баға да, қандай жұмыс та көптік етпейді.

 

Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:05

Қазақстан халқының ХХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Достық» үйлерінің маңызына және олардың алдағы уақытта қалай жұмыс істеуі керектігіне тоқталды. Расында, ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті нығайта беру үшін бұл нағыз керек мәселе деп білемін. Президент айтқандай, ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен достығы үшін қандай баға да, қандай жұмыс та көптік етпейді.

Қазір ақпараттар ағыны заманында ұлттар мен ұлыстардың арасындағы кикілжің оқиғаларды және Жер шарының «ыстық нүктелеріндегі» жағдайларды күн сайын көріп-біліп отырмыз. «Ағайын тату болса – ас көп» деген қазақтың мақалы бар. Татулық болса бірлік болады, бірлік болса іске береке кіреді. Береке бар жерде барлығы да бар. Біздің елімізде бір-біріне алакөзденіп отырған ешкім жоқ. Бір ұлттан тұратын еңбек ұжымы жоқ. Қай ауылды, қай еңбек ұжымын алсаңыз да, онда түрлі ұлт өкілдері кездеседі. Олардың барлығының да мұңы мен қуанышы бір. Жұмысты бірге атқарса, мереке қызығын бірге көреді, той-томалақта да бірге болады.

Қостанайдағы «Достық» үйін 2006 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп ашқан болатын. Онда қазір 16 этномәдени бірлестік бар. Осыдан үш жыл бұрын қырғыз ағайындардың «Асаба» этномәдени бірлестігі тіркелді. Бұл – «Достық» үйіндегі ең жас ұжым. Олардың өздері де біраз қызықты шаралар өткізіп үлгерді. Украиндардың этномәдени бірлестігіне биыл он бес жыл толды. Олар жыл сайын фестиваль өткізеді. Татар-башқұрттың сабантойы да жылда аталып өтеді. Ал былтырдан бері әзербайжан этномәдени бірлестігі мүшелерінің бастамасымен Кавказ халықтарының фестивалі өтуде. Бұл шараны жақында ғана бүкіл қостанайлықтар тағы да тамашалады.

Қазір ұлттардың мұндай мәдени шарасына өзге ұлттар өкілдерінің барлығы да қатынасады. Мысалы, украинның делебеңді қоздыратын көңілді әндері мен билерін орындаушылардың арасында тек украин емес, орыстар да, қазақтар да, корейлер де жүреді. Қазір қазақтың әнін орыс та, корей де, өзбек те, чешен де нақышына келтіріп орындай береді. Басқа ұлттар жөнінде де осыны айтуға болады.

Қаланың орталығындағы тарихи ғимаратқа орналасқан «Достық» үйі бұл күнде үлкен есік болған. Онда күн сайын мәдени шаралар өтіп жатады. «Достық» үйі облыс орталығында ғана бар. Ал аудандар мен шалғай ауылдарда да осындай жұмыстар қажет. Президент сессияда Ассамблея жанынан «Достық» үйлері директорларының республикалық әдістемелік кеңесін құрып, жұмыстың ең озық және тиімді тәсілдерін табуды және орталықтандыруды тапсырды. Бұл алдағы уақытта «Достық» үйлерінің жұмысына үлкен көмек болар еді. Оған жастарды көбірек тарту керектігі де байқалады.

Қазір этномәдени бірлестіктер шараларында, көбінесе, орта және аға буын өкілдері жүреді. Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар өкілдерінің дәстүр-салты, мәдениеті – барлығымыздың ортақ байлығымыз. «Достық» үйлері осыған қызмет етуі қажет.

Антон ТРУХАНОВ,

Қостанай облыстық

«Достық» үйінің директоры.

ҚОСТАНАЙ.