Қазақ жерінен бақыт таптық – дейді әзербайжан қызы Айдан Эйвазова
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:08
Трамвайда келе жатыр едім, қасымда отырған қыздың ұялы телефонынан әнші Нұрлан Әлімжанов айтатын «Аққу құсым» ойнап қоя берді. Түрі-түсі бөлек жас қыз: «Әйгерім, қазір келемін, келесі аялдамаға жақындап қалдым», – деп телефон шалған құрбысымен қазақша сөйлесті.
Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:08
Трамвайда келе жатыр едім, қасымда отырған қыздың ұялы телефонынан әнші Нұрлан Әлімжанов айтатын «Аққу құсым» ойнап қоя берді. Түрі-түсі бөлек жас қыз: «Әйгерім, қазір келемін, келесі аялдамаға жақындап қалдым», – деп телефон шалған құрбысымен қазақша сөйлесті.
– Қазақ тілінде жақсы сөйлейді екенсің. Атың кім? Қай ұлт өкілі боласың? – деп сұрадым.
– Әзербайжан қызымын. Атым – Айдан, – деді ол әдемі жымиып.
– «Ән айтатын қыз» деген түрік сериалындағы Фэридэ деген қыздың рөлін ойнайтын актриса Айданның атын қойған ба? – дедім.
– Мүмкін. Түрікшеден аударғанда бұл есім Ай, Ай нұры, Айдың толысып тууы дегенді білдіреді. Қазақтар Айнұр, Айгүл, Айман, Айсұлу деп көп аттар қояды ғой. Сол сияқты. Бір мұсылман халқымыз. Тілдеріміз де ұқсас. Анам Шапағат, әкем Ғасан Эйвазовтар Екібастұзда, ал әжеміз, туған-туыстарымыз түгелдей Әзербайжанның Зардаб ауданында тұрады. Демалыс алғанда, каникул кездерінде барып тұрамыз, – деді ол тағы да.
Аялдамаға жеткенше байланыс телефонын алып үлгерген едім. Айдан Эйвазова облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің химия-технология факультетінің 4-курсында оқиды екен. Өткенде трамвайда келе жатқанда мұнай-химия зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезі екен. Екібастұздағы орта мектепті орыс тілінде бітіріпті. Қазақ тілінде жақсы сөйлеп кетуіне айналасы, дос-құрбылары, көршісі Алтын апайдың әсері болыпты.
– Ал Екібастұздағы политехникалық колледжде оқитын інім Әділ де қазақ тілінде жақсы сөйлейді, өйткені, достарының бәрі қазақ балалары, – дейді Айдан.
– Ал үйде, отбасында қай тілде сөйлесесіңдер?
– Әрине, әзербайжан тілінде. Әндерімізді білеміз, салт-дәстүрімізді сақтаймыз. Ал қазақ тілін білуіміз керек, ол – қажеттілік, біз осы жерде, осы Қазақ елінде тұрамыз, ата-анамыздың жұмысы бар, үйлі-күйліміз, тыныштық, татулық орнаған елде өмір сүреміз. Екібастұзда ата-анамыздың басқа да әзербайжан достары тұрады. Болашағымыз қазақ тілінде, сондықтан кішкентайымыздан қазақша сөйлеп, жазып үйрендік. Әкеміз Кеңес Одағы кезінде Екібастұзда әскер қатарында болып, осы жерде қызметте қалады. Әзербайжан жаққа барып сүйген қызы, біздің анамыз Шапағатты алып келеді. Әкеміз Ғасан айтқандай, біз қазақ жерінен бақыт таптық, енді ғұмыр бойы осы елде өмір сүреміз, – деді ол мақтанышпен.
Айдан қазір баянауылдық құрбысы Марина Навалихина екеуі пәтер жалдап тұрады екен.
– Марина да қазақша сөйлейді. Себебі, ол, Баянауылдың қызы ғой! – дейді Айдан. – Болашақ математик. Мүмкін, оқу бітірген соң, мұнай-химия зауытында бірге жұмыс жасайтын болармыз. Тағы бір жақсысы – біз пәтер жалдайтын үйдің иесі Рамиза апамызбен қазақша сөйлесіп, тіл байлығымызды одан әрі байытудамыз, тәрбиелік-танымдық бағытындағы әңгімелерін тыңдаудамыз. Біз соған қуанамыз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.