Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Тарихқа тағзым етті

2610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

30-жылдардағы зұлмат пен оның қасіреті – қазақ тарихындағы айтуға да ауыр жағдайлардың бірі. Бүгінгі ұрпақ жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге түскендер мен ашаршылық құрбандарын еске алып, келешек ұрпақтың санасына сіңіріп отырады.

Тарихқа тағзым етті

Қасіретті тарихқа қатысты еске алу, тағзым ету шарасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұмыт қалдырған емес. Олар «Тарихтан та­ғы­­лым – өткенге тағзым» халықаралық жо­ба­сының іс-шараларын алғаш рет 2010 жы­­лы Астана қаласында ұйымдастырып, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде «Тарихтан – бүгінгі күнге» атты ТМД елдері тарихшыларының бірінші форумы өтті. Оған 300-ден астам академиялық тарих ғылым­дарының отандық және шетелдік ғалымдары қатысты. Форум нәтижесі бойынша тарихи мұраны зерттеудің бірыңғай жолдарын әзірлеу бойынша Астана Хартиясы қабылданды.

Биыл Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобаның шеңберінде Қарақия аудан орта­лығында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарих қасіреті» акциясын өткізді.

Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға және жалпы құндылықтарды қа­лыптастыруға ықпал етуге, тарихта із қал­дырған қасіретті оқиғаны келешек ұрпаққа тарихи дерек ретінде жеткізіп, оларды өткенді қаст­ерлеуге, ұлт тарихына және тәуел­сіздікке, татулық пен бейбітшілікке құр­мет­пен қарауға тәрбиелеу ісінде азаматтық қоғам мен мемлекетті біріктіру мақсатындағы акцияны Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қарақия ауданы әкімдігі қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға қа­тысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеяның мүшелері, мем­лекеттік органдардың, шығармашыл зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, саяси қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтар өкілдерінің ұрпақтары, музей және мұрағат қызметкерлері, БАҚ өкілдері үшін аудан орталығында орналасқан мұнай мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Одан соң «Қасірет» мемориалының алдында саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісі өтті. Митинг Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған концертпен аяқталды.

Ассамблея өкілдері ұйымдастырған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы Ақтау қаласында да жалғасын тапты. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Чосон» корей этномәдени бір­лестігі ұйытқы болды. Этномәдени бір­лестік өкілдері мен Маңғыстау облысы ҚХА мүшелері және еліміздің әр қала­сынан жиналған «Қазақстан корейлер қа­уым­дастығы» мүшелері есімі ел есінде сақ­талған қайраткерлердің бірі, қарапайым жұмыс­шыдан мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген тұлға Жалау Мыңбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Достық үйінде «Ұлы дала мұрасы» жә­не «Корей нақыштары» атты көрме өтті. Көр­меге «МартАрт» және тағы да басқа өнер студияларының көрнекті картиналары қо­йылды. «Чосон» этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова көрмедегі өнер туындыларының мәні мен мағынасын таныс­тырды. Көрме барысында қонақтарға қазақ­тың ұлттық тағамдары бауырсақ пен шұбат ұсынылды.

«Қазақтану» жобасы аясында қазақтың салт-дәстүрінің бірі «Тұсаукесер» ұйымдас­тырылып, шараның құрметті қонағы – «Қазақ­стан корейлері қауымдастығының» төрағасы Огай Сергей бір жасқа толған қазақ баласының тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан балдырғанға ақ тілегін арнады.

Корейлер қиын жылдары бауырына бас­қан қазақ халқына деген ризашылығын білдіріп, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарайтындығын жеткізді.

 

Маңғыстау облысы