Қоғам • 04 Маусым, 2019

Халық әндеріне «ремейк» керек

1707 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ремейк» дегеніміз – әлемдік мәдениетте кеңінен қолданысқа ене бастаған тың термин. Кез келген шығарманы бастапқы күйінде айна-қатесіз қайталап орындау емес, оны жаңаша түрлентіп, жаңғыртып, заманауи нұсқада ұсыну деген мағынаны білдіреді.

Халық әндеріне «ремейк» керек

Жиын-тойда «Әу, демейтін қазақ жоқ» деген сыңайда бірін-бірі қолқалап, делебесін қоздырып, мәртебесін оздырып, ән салушының әуелі көңіл күйін, шабытын үстемелеп, жағалай жамырап қолпаштау арқылы сауықшыл жұрттың өзі де сонымен қосыла мерейленетіні, желектей желпінетіні қазаққа тән құбылыс еді.

Хайдолла Тілемісов ағамыздың құ­рас­ты­руымен 1991 жылы жарық көрген «Ауыл кеші көңілді» ән жинағына 90-ға жуық халық әні енген екен. Ал Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағына сүйенсек, мұнымыз таудың жанындағы төбешіктей көзге ілінбей қалатыны сияқты мардымсыз әсер қалдырады. Мұны сол кездегі Совнаркомның төрағасы Сәкен Сейфуллин А.Затаевичке қомақты ақша бөлдіріп шығартқаны тарихтан мәлім. Оған халқымыздың барлық зиялы қауымы атсалысқан. Мысалы, Қаныш Сәтбаев жиырма ән жаздырса, Ахмет Байтұрсынұлы да өз тарапынан жиырмаға жуық әннің атын ендірген екен. Ал енді соның ішінен естіп жүргендеріміз, білетініміз, теңіздің тамшысындай там-тұм ғана. Жұртшылыққа «Ақбақай», «Назқоңыр», «Япыр-ай», «Дайдидау», «Бір бала», «Әупілдек», «Әпитөк», «Қара торғай», «Шилі өзен», «Қамажай», «Ахау, Семей», «Дедімай-ау», «Гүлдерайым», «Сары бидай», «Үкілім-ай», «Құдаша», «Әдемі қыз», «Сары жез құмған-ай», «Қоғалы-ай» сияқты бар-жоғы жиырма шақтысы ғана мәлім де, ал біздің дәуірімізде жарық көрген жинақтағы 60-70-тейі көзі ашылмаған бұлақтай амалсыз тұншығып қала берген сыңайлы. Мысалы, кейінгі ұрпақ мұндағы «Аққұм», «Ардақ», «Екі жирен», «Баянауыл», «Шапибай-ау», «Қарға», «Кәмилә», «Жеңеше», «Шіркін, әннің бұлбұлы-ай», «Ой көк», «Топ шеңгел» әндерін біле ме? Әй, қайдам-ау. Ол түгілі өзіміз «Су ішінде метре», «Сұлу қыздың сыны», «Ідігай», «Жан қалқатай», «Абайкөк»... кімнің әні десе, қапелімде не дерімізді білмей абдырап қаламыз. Осыларды эстрадалық, фольклорлық, симфониялық, камералық тұрғыда қайта өңдеп, тірілтсек, қолымыздан кім қағып отыр? Шіркін, бұл идея жүзеге асса, осы арқылы бұлардың өнегелік, тәрбиелік мәні ашыла түсер еді-ау.

Бір ғана мысал келтірейік. Димаштың жанды дауыспен құлпырта орындаған «Дайдидауы» әлем жұртшылығы жүрегін жау­лап алғаны сонша, Франциядан, Швециядан, Испаниядан, Азияның көптеген елдерінен жанкүйерлер осы әнді айтқан видеоларын әлеуметтік желіге жүктеп отырған. Мұны іле-шала Ержан Максим баламыз сарынын сақтай отырып, өзгеше нақышта шырқау арқылы талайды таңдай қақтырды. Қазақтың халық әндерінің қай-қайсысы да дәл солай әлемдік мәдениеттің қазынасына, жақұт-жауһарына айналып кете алатыны ақиқат. Халық әндеріне «ремейк» керек деп отырғанымыз сондықтан. Бұл ретте өзбектің «Ялла» ансамблінің «Қара торғай», Юлдуз Усманованың «Дедімай-ау» әндерін түрлентіп шырқауы, сондай-ақ соңғы уақытта бұған түрік әншілерінің қосылуы бұл мәселеге әрі қарай терең үңіле түсуімізді қажет етеді. Бұлардың осы дүниелерді таңдауы жайдан-жай емес еді. Халық әндерінің мамық мақамы, салиқалы сазы қай таңдайға татқызса да тамылжып еріп кете баратынының мысалы. Мұншама ғажайып дүниенің еленбеуіне не себеп және де «алтын сандығымыз» бола тұра, соның құлпын ашып, түбінде нендей асыл қазынамыз жатқанына үңілуге неге самарқаумыз?

Рас, мұны халық әндерінің радиодан, телеарналардан аз беріліп, кем насихатталуымен байланыстыратындар бар. Қисынды-ақ. Алайда, мәселе тек соған ғана тіреліп тұр дей алмаймыз. Мұнымен біз сан ғасырдан бері ауыздан-ауызға тарап, бабаларымыздан мұра боп жеткен халық әндерінің қаймағын бұзбай, сонау Ақан сері, Біржан сал заманынан бергі дала дүлдүлдері ізін жалғап, төл өнерімізді дәріптеп жүрген дәстүрлі әншілеріміздің еңбегін жоққа шығармақ емеспіз.

«Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясының өзі ұлттық музыка мәдениетіне қосылған сүбелі үлес болып табылады. Жинаққа еліміздің әрбір өңір ерекшелігіне бейімделген 500-ге тарта халық әнінің енуі шексіз мол рухани қазынаны насихаттау ісінің мұнан кейін де еш бәсеңдемейтінін бағамдатады. Қазіргі тілмен айтқанда, осыларды «хит» әндерге айналдыру алдағы күндер еншісінде тұр. Дегенмен бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, ырғағы кез келгеннің ыңғайына жығыла бермейтін музыкалық мұраны өңдеуде аса сақ әрі мұқият болғанымыз абзал. Себебі ол – халықтың өмірі мен өткені, өткелі мен өзегі ретінде өзімен бірге мәңгі өріліп жатқан ұшан-теңіз байлық.