Руханият • 04 Маусым, 2019

Қаратөбеде өлкетанушыны еске алды

1067 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында белгілі өлкетанушы, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Қайыржан Хасановты еске алуға арналған кеш өтті.

Қаратөбеде өлкетанушыны еске алды

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Марқұм Қайыржан Хасанов бүкіл ғұмырында Батыс Қазақстан, соның ішінде Қаратөбе өңірінің тарихын тірнектеп жинаған өлкетанушы еді. Осыдан бір жыл бұрын дүниеден өткен еңбекқор ғалымды туған жерінде жерлестері сағына еске алды. Кеште Қайыржан Хасановтың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы көрме ұсынылып, деректі фильм көрсетілді.

- Қайыржан Хасанов өз өмірі мен шығармалығы арқылы баянды өмір сүрудің үлгісін көрсетіп кеткен жан еді, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова.

Қайыржан Хасанов көзінің тірісінде өлке тарихына қатысты жүздеген кітап шығарды. Әсіресе саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы көп ізденді. 1930 жылдардағы нәубетте оның өз атасы – алғашқы халық мұғалімдерінің бірі болған Төлеген Иманғазиев те «халық жауы» атанып, атылып кеткен болатын. Қаратөбеде өткен Алаш съезіне қатысқаны үшін айыпты болған халық мұғалімінің өмір жолына қатысты архив деректерін талмай іздеп, тауып түгендеген Қайыржан аға ол қызмет еткен Сәуле ауылындағы мектепке ескерткіш тақта да орнатқан еді. Одан бөлек, өлкетанушы «Алашорда. Атылған арыстар» атты кітап жазды, Медеш Оралдиев, Қарабай Көзеев, т.б. аты-жөні ұмытылған алаш қайраткерлерінің есімін жаңғыртты. Санасы сергек, қаламы жүйрік қаламгер өмірінің ақырына дейін қолынан қаламын түсірмеді. Автордың аяқтай алмай кеткен кейбір еңбегін ұрпақтары түйіндеп, оқырман қолына тигізгені өте өрнекті іс болды.