Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Солтүстік Қазақстанда уақытша патронатқа алу тәжірибесі енгізілді

914 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде шағын жиынтықты мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқандықтан, оқушылар жақын маңайдағы интернаттарда жатып оқуға мәжбүр.

Солтүстік Қазақстанда  уақытша патронатқа алу тәжірибесі енгізілді

Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, мұндағы білім мен тәлім-тәрбие сапасы көңіл көншіте бермейді. Сондай-ақ интернат үлгісіндегі білім ордаларына жұмсалатын шығын да  аз емес. Осындай түйткілді мәселелерді шешу мақсатымен биыл енгізілген «Уақытша отбасы» пилоттық жобасы өз тиімділігін көрсетіп, одан әрі жалғасын табатын болады.  

Облыс әкімдігінің отырысында «Уақытша отбасы» жобасының орындалу  барысы талқыланып, 485 білім ошағының 78 проценті  шағын  мектептерге жататыны белгілі болды.  229 елді мекенде оқу орындары мүлдем жоқ. Балалар көрші ауылдарға күнделікті қатынауға болмаса интернаттарда тұруларына тура келеді. Бағдарлама қолға алынғалы 31 мектептің оқушылары уақытша  патронатқа беріліпті. Балалар үйдегідей тәлім-тәрбие алады. Үнемі қадағалауда болатындықтан, сабақты негізсіз босату, ауа райының қолайсыздығынан мектепке келмей қалу секілді фактілердің азайғаны байқалады.

«Мектебі жоқ ауылдың оқушысын басқа елді мекендегі отбасы уақытша қолына алады. Олар баланың оқу үлгіріміне, тәртібіне толық жауап береді», дейді Гүлмира Райынбекқызы. Пилоттық жоба үш ауданда жүргізіліп,  61 бала 54 отбасыға орналастырылған. Мәселен, М.Жұмабаев ауданында 15 отбасы 17 баланы қабылдаса, оның 13-і– оқушылардың туыстары. Баланы қамқорлығына алған отбасыға ай сайын 45 мың теңге мөлшерінде еңбекақы мен 7 АЕК көлемінде қосымша ақы төленеді.

Аймақ басшысы Құмар Ақсалов  жобаға өзге аудардарды да тарту қажеттігін, жаңа оқу жылында оған қатысушылар санын екі есеге дейін арттыру мүмкіндіктерін қарастыруды, тұрғыны аз шағын ауылдар  уақыт өте келе жабылатынын алдынала ескеріп, күнібұрын қам жасауды тиісті орындарға жүктеді.

Солтүстік Қазақстан облысы