Аймақтар • 04 Маусым, 2019

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді

2231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Боралдай» сақ қорғандарында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді. Дәстүрлі шарада көшпенді халықтардың таным-тарихынан сыр шертетін ұлттық ойындар ойнатылып, тарихи көрме салтанат құрады.

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді

«Шара аясында Қазақстанның 7 дүркін, әлемнің 2 дүркін чемпионы Гиннес рекордтар кітабына есімі енген отандасымыз Сергей Цырульниковтың бастауымен алыптар тобы арнайы шоу-бағдарлама ұсынады. Олар күш сынасу, шеге қағу, темір майыстыру, кір тасын көтеру бойынша сынға түседі. Орасан күш иелері шеберлік сабақтарын  өткізіп, көрермендер үшін түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ.

Мажарстаннан келген қонақтар Андраш Бироның жетекшілігімен ат үстіндегі әскери ойындарға қатысып, Бурят шаманы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін паш етпек. Оған қоса Башқұртстаннан келген айтулы мергендер садақ ату өнерін көрсетсе, бауырлас қырғыз топырағынан келетін «Салбуурун» тобы қыран құстар мен құмай тазылардың көмегімен аң аулау шеберлігін ұсынатын болады.

Ұлы даланы дүбірге бөлеген айрықша этнофестиваль 7-8 маусым күндері өтеді. «Бұл – Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жәрмеңкелер мен ұлттық ойындарды тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі», дейді ұйымдастырушылар.