Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Батыс Қазақстан облысында жаз басталғалы 107 өрт тіркелген

805 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жаз маусымы басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 5,6 га болатын 2 орман өрті және қураған шөп пен ағаштардың 107 жануы тіркелген. Бұл жөнінде жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубеков хабарлады.

Батыс Қазақстан облысында жаз басталғалы 107 өрт тіркелген

Бүгінде төтеншеліктер оқыс оқиғаның алдын алуға тырысады. Ол үшін жоғары өрт қаупі туған аймақтарда кең ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізіле бастады.

- Рейдтер жағажайларда, орманда, саяжай қауымдастықтарында, демалыс аймақтарында өткізіледі. Болған өртті сөндіріп, үлкен шығынға батқанша, оның алдын алған оңай әрі арзанға түседі. Рейд кезінде біз заңсыз от жағу фактілерінің алдын аламыз, өрт қауіпсіздігі жөнінде кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз, - дейді Нұрлан Сейдаханұлы.

Осындай рейдтің бірінде Орал қалалық ТЖБ қызметкері, азаматтық құтқару саласының аға лейтенанты Бақтияр Қатшеков Карьер су қоймасында азаматша А.Губаеваның бөбегін ажалдан құтқарып қалды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағы» күштері терең суға кетіп қала жаздаған 2009 жылы туған А.Айткешеваны аман алып шыққан. Бұдан басқа Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында Шаған өзенінде жүзу құралын пайдалану ережесін бұзып, белгіленген нормадан көп адам отырғызған және құтқару құралдарынсыз адам тасымалдаған екі шағын көлемді кеме анықталып, көлік құралы иесіне айыппұл салынды.

Облыс бойынша табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін 2759 адамнан тұратын ерікті өртке қарсы 150 топ құрылған. Елді мекендерді 126 су тасығыш, 367 трактор, 366 бейімделген техника, 1758 аспалы өрт сөндіргіш, 119 мотопомпа және 1648 басқа да бастапқы құралдармен қаруланған жасақтар қорғайды.

Қазіргі заң талаптары бойынша қоқысты өртеу – әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Жергілікті полиция басқармасы мен төтеншеліктер заңсыз от жаққан, қоқыс өртеген 93 жеке тұлғаға ҚР ӘҚБтК 336-бабы бойынша хаттама толтырып, 4 жеке тұлғаға ҚР ӘҚБтК 367-бабы бойынша 47 975 теңге сомаға айыппұл салыпты.

Тілсіз жаумен бетпе бет келіп, тіршілік иесін құтқарған төтеншеліктердің ерлігі қоғам назарынан тыс қалмаған. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Бақтияр Қатшековке алғыс хат табыс етті.

Батыс Қазақстан облысында жасыл желек – орман тапшы. «Облыстағы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі 8 мемлекеттік мекемеде орман-өрт станциялары ашылды. Олар өрт қаупі кезеңінің басынан соңына дейін қызмет етеді» дейді Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ихсанғали.

Өңірдегі орман шаруашылығы мекемелері мемлекеттік орман қорының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын қураған ағаштарды санитарлық кесу шараларын жүргізеді. 2018 жылы 446 га аумақтың 6000 м3 қураған ағашы кесілсе, биыл жыл басынан бері 170,4 га аумақ 1505 м3 қу ағаштан тазартылған.