Нұрсұлтан Әбішұлы сонау 2009 жылдың қазан айында Әзербайжанның Нахичевань қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 9-саммитінде «өңірлік саяси бірлестіктердің барлық қажетті белгілеріне, ұйымдастыру түзілістеріне және құқықтық мәртебеге ие» Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (Түркі кеңесі) құру жөнінде бастама көтерген. Мұнымен бірге гуманитарлық бағыттағы бірқатар жалпытүркілік институттарды: Түркі әлемін зерттеу орталығын, Түркі академиясын, оның құрамында Түркі тарихының және мәдениетінің орталығын, Түркі тілін зерттеу орталығын, Түркі кітапханасын, Түркі мұражайын құруды ұсынған еді.
Н.Назарбаевтың идеялары іске асып, бүгінгі күнде Түркі кеңесінің алты жиыны өтті. Қазақстанда Халықаралық түркі академиясы, Түркияда басқа да институттар жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркі кеңесі алғашқыда гуманитарлық мәселелермен шұғылданса, енді экономика, қауіпсіздік мәселелерін күн тәртібіне қоя бастады. Өткен жылы Қырғызстанда өткізілген Түркі кеңесінің алтыншы жиынында Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасына қол қойылды. Нұрсұлтан Әбішұлы кеңестің істеріне белсенді қатысып, бауырлас түркі халықтарының бірлігін бекемдеуге ұйытқы болуда. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, Кеңестегі төрт мемлекеттің қатарына Өзбекстан Республикасының да қосылу ниеті бар екенін өткен мамыр айында осы елдің Сыртқы істер министрлігі білдіргені мәлім.
Түркия Президенті Тайип Ердоғанның өзі қазақ халқының лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің ғұмыр бойғы Құрметті төрағасы мəртебесін беруге ұсыныс жасағаны әбден дұрыс болған. Оның осындай ұсыныс жасап, бастама көтеруіне толық хақысы бар. Түркі тілдес елдердегі халқы ең көп Түркия Ататүрік заманынан бері түркі халықтарының ынтымағын арттыруға күш салып келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлының бауырлас елдерге пейілін анық аңғартқан екі мысалды келтіре кетсем деймін. Елбасының «Түркияға дұшпан болғандар біздің де дұшпанымыз» деген сөзі бар. Ал енді қырғыз елі туралы бұл кісі «қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ» деген.
Қырғыз елі Нұрсұлтан Әбішұлын Түркі әлемінің көшбасшысы деп таниды. «Ағадан – ақыл, ініден – ізет». Ақылман ақсақалға қандай ізет көрсетілсе де жарасымды.
Бақтыбек МАҚСҮТОВ,
«Айкөл Манас баяны» қорының төрағасы,