Әлем • 05 Маусым, 2019

Саммит салқындық танытты

964 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

30 мамырда Мекке қаласын­да Сауд Арабиясының королі Салман ибн Әбдел-әзиз Әл Саудтың бастамасымен Араб Лигасына мүше барлық 20 мемлекет көшбасшыларының төтенше саммиті болды.

Саммит салқындық танытты
Онда араб елдерінің ли­­дер­­лері Парсы шығана­ғын­дағы Саудияның мұ­най құбырлары мен Бірік­кен Араб Әмірлік­терінің танкерлеріне қарсы жа­сал­ған шабуылдарды­ тал­­қы­лады. Эр-Рияд «Ан­сар Ал­ла» шииттік қозғалы­сының төң­керісші хусит­тер тобы жа­са­ған бұл ша­буыл­­дарының сыртында­ Иран тұр деп айыптады. Халықаралық агент­тіктер­дің хабарлауы­­­на қара­ғанда, Сам­мит­ке қатысқан араб мемлекет­те­рінің бас­шы­лары Сауд Арабиясының пі­кі­рін қолдап, Иранға қар­сы санк­цияларды күшей­ту керек деген шешім қа­был­­­даған. Кездесу қоры­тындысы бойын­ша жасал­ған мәлімдемеде жоғарыда аталған инцидентке төң­керіс­шіл-хуситтер кінәлі екен­дігі, ал олардың артында Тегеран тұрғаны ашып көр­сетілген. Сонымен қа­тар мә­лімдемеде Иран Сирия дағ­да­рысын жандандырушы және Бахрейннің ішкі ісіне араласушы деп айыпталады. «Иранмен ын­тымақтастық тек оның бас­­қа мемлекеттердің ішкі ісі­­не араласпағанда ғана бо­луы мүм­кін» деп атап көр­сетілген мә­лімдемеде.

Осы жиынның алдында Меккеде болған Парсы шы­ғанағы жағалауындағы Араб мемлекеттері ын­тымақтас­­тығының кеңесі де дәл осы мазмұндағы мә­лімдеме жа­рия­­лаған еді. Бұл кеңеске ал­ты мем­лекет мүше. Осы форумды да «Аймақтағы жағ­­дайдың күрт нашарлап ке­туіне бай­­ланысты» деген себеп­пен Саудияның королі ша­­қырған. 

Өз тарапынан Иран бұл мә­лімдемелердегі айыптар­ды жоққа шығарып, Эр-Риядтың қасиетті Рамазан айында АҚШ-ты қолдау сая­саты үшін саммит ұйым­дас­тырғанын айыптады. 

Біз бұған дейінгі «Таяу Шы­ғыс тағы толқып тұр» атты ма­қаламызда («ЕҚ», 31.01.2019 ж.) Иран мен АҚШ арасының қат­­ты суы­сып кету себептері туралы жаз­­ған болатынбыз. 

Осы саммиттердің ал­дын­­да Саудияның Сыртқы іс­тер жөніндегі мемлекеттік ми­нистрі Әдел әл-Джубейр Эр-Риядта жасаған баспасөз-конференциясында Сауд Ара­биясы Таяу Шығыста со­­ғыс отын тұтатпау жо­лын­­­да қо­лынан келген іс­тің бә­рін жасайтын болады деп жария­ла­ған. «Со­ғыс ай­мақтағы бар­­лық ел­дерге де қа­сірет әке­­ле­ді. Сондықтан біз оны болдырмауға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», деді ол.