Қоғам • 05 Маусым, 2019

Ауыз сумен қамту ісінде нәтиже керек

1328 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды.

Ауыз сумен қамту ісінде нәтиже керек
68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсарады

Үкімет отырысында Ин­дус­трия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Роман Скляр, Ауыл ша­руа­шылығы министрі Сапархан Омаров халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов, Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Көшербаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және Қарағанды об­лысының әкімі Ерлан Қошановтың баяндамалары тыңдалды.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Р.Скляр­дың айтуынша, республика дең­гейіндегі 18,4 млн адамның 90,2%-ы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жаб­дықталған. Қалалардағы тұрмыс сапасын арттыру үшін биыл осы көрсеткішті 97%-ға дейін, ал 2023 жылы 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Ауылдарда орталықтанды­рыл­ған сумен 6,5 млн адам немесе 84%-дан астамы қамтылған. Бұл ретте басқа ауыл­дар ауыз су үшін жергілікті су көз­дерін пайдаланады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­­нистр­­лігі биылғы көрсеткішті 88%-ға дейін жеткізуді және 2023 жы­лы ха­лық­тың 100%-ын тиісті инфра­құры­лым­­мен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

− Халқының саны 200 адам­нан аз шағын ауылдарды сани­тарлық нормаларға сәйкес келе­тін ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында суды тазартатын ке­шен­ді блок-модульдер орнату жос­­парланған, бұл 1 333 ауылды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ал тұрғындары 200 адамнан көп 1 274 ауыл орталықтандырыл­ған сумен қамтылатын болады. Осылайша 2 607 ауылда тұра­тын 1,2 млн адам санитарлық нор­маларға сай келетін сумен қамту қызметімен қамтамасыз етіледі, – деді Р.Скляр. 

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі С.Омаров өз кезегінде өңір­лер­ді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі мем­лекеттік бағдар­ла­масы шең­берін­де топтық су құбырларын пайдалану, салу және реконструкциялау «Қазсушар» республикалық мем­­ле­кеттік кә­сіп­орнына жүк­тел­генін баяндады, бұл кәсіп­орын теңгерімінде ұзын­дығы 12 мың шақырымнан аса­тын 33 топтық су құбыры бар.
– 2011-2018 жылдары 1 035 ш­­а­қырым желі салынып, 1 441 шақы­рым желі реконструкция­ланды, бұл 49 объектіні пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде ха­лық саны 553 мың адамды құ­рай­тын 268 ауылдық елді ме­кен­­де сумен жабдықтау жағ­дайы жақсартылды. Жал­пы топ­­тық су құбырларындағы желі­­лердің тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін қысқарды, – деді С.Омаров. Белгілі болғандай қа­зіргі уақытта 2 281 шақырым желі­н­і реконструкциялау қажет. 

Бұдан өзге, тапсырыс беру­шінің барлық топтық су құбыр­ларын және олармен жалғас­қан ауылдардағы кент ішіндегі желі­лерді салу мен реконструкциялау функциясы бірыңғай опе­ратор­ға бекітіп берілмек. Со­ның нәти­жесін­де суды жеткізу оны топтық су құбырларынан субси­дияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түп­кілікті тұтынушыға дейін көр­сетілетін болады.

Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырылды

Мәселені қарау барысында сумен жабдықтау және су тарту секторына белсенді түр­де қа­ты­сатын ұйымдардың өкіл­дері сөз сөйледі. Шымкент қала­сын­­дағы «Су ресурстары – мар­ке­тинг» ЖШС жеке су арна­сы­­ның қадағалаушы кеңесінің төр­аға­сы А.Орман халықаралық қар­жы ұйымдары салған инвес­ти­циялардың нәтижесінде азамат­тарға ұсынылатын қызметтер­дің сапасы артқанын айтты. 2010 жылдан бастап 2 МВт бойынша күн және су қуаты стансалары салынып, пайдалануға берілді, 947 шақырым сумен жаб­дықтау желісі және 67 шақырым кәріз желісі реконструкциялан­ды. Цифр­лы технологияларды қол­дану арқылы ауыз суды өн­діру және тасымалдау тәсілдері жаң­ғыр­тылды. Бүгінде тазарту ны­сан­дары автоматты режімде бас­­қарылады.
Жиында Еуропа қайта құру және даму банкі өкілдігінің ди­рек­торы Агрис Прейманис ТКШ секторы аталған банк жұ­мысы­ның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ел өңір­лерінде іске асырылып жатқан сумен жабдық­тау және су тарту сект­орына 30 млрд-тан ас­там теңге и­нвес­тиция­­лан­ды. Бір­ле­сіп атқарған жұ­­мыс­тың нәти­же­сінде ауыз су сапа­сы жақ­­сар­тыл­ды, су беру көле­мі ұл­ғай­­тыл­ды, шығындар төмендетілді, жет­­кізілген суды есепке алу пайызы артты.

Жиында белгілі болғандай, Алматы және Қызылорда облыс­тарында ауылдарды ауыз сумен қам­ту мәселелері әлі күнге өзек­ті бо­­лып отыр. Үкімет басшысы тара­пы­­нан Жамбыл, Қостанай және Пав­­лодар облыстарының әкім­дік­теріне аталған бағыттағы жұмыс­ты жан­дандырып, ауылдарды сумен тұрақты түрде қам­тамасыз ету шараларын кү­шейту тапсырылды.

− Әкімдіктер атқарып отыр­ған жұмыстың нәтижесі халық­тың таза ауыз суға қол­жетім­­ді­лі­гін қам­та­ма­сыз етумен анық­­талды, – деген А.Мамин ауылдық, топ­тық су та­рат­­­қыш­тарды жақсарту мақ­­­са­тын­да осы функцияларды Ауыл шаруа­­­шы­лығы министрлігіне өт­кізу мә­­се­лесін пысықтауды тапсырды. Со­нымен қатар алдағы төрт жыл­­­да қалалар мен ауылдарды су­­­мен жабдықтаумен жүз пайыз қам­­та­­масыз ету мақсатында өңір­­лік жос­­парларға түзетулер ен­гізіп, барлық сумен қамту нысан­да­рын пайдалануға беру шараларын қабыл­дауды тапсырды.

– Қалаларда кәріздік тазарту нысандарын (КТН) салу және жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге жекелей көңіл бөлінді. Бұл бағытта КТН жобаларының инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көптеген халықаралық қаржы инс­титуттары осыған ұқсас жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытуда, – деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр халық­ара­­лық тәжірибені ескере оты­рып, мем­­лекеттік-жекеше­лік әріп­тес­тік ая­­­сында қаржылан­дыру тетік­терін пысықтауды тапсырды.

– Елбасының Қауіпсіздік кеңе­сінің отырысында азаматтар­дың тұрмыс сапасын, қолайлылы­ғын жақсарту, қала немесе ауыл­дық жер екеніне қарамастан, ха­лық­ты сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау бойынша алға қойған міндетін орындау қажет, − деді А.Мамин.