Руханият • 05 Маусым, 2019

Сатира барда – шындық батыл

1197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Алматыдағы «Мерей» баспасынан жазушы, физик ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның «Жалғасы бар ұтыс» деп аталатын кітабы жарық көрді. Кітапқа бүкіл өмірін ғылым мен қаламгерлікке арнаған Мағрипа Шөжеғұлқызының соңғы елу жыл көлемінде жазған сатиралық туындылары топтастырылған.

Сатира барда – шындық батыл

Тереңге үңіліп, төңірекке ойлана қарасаңыз, жанды-жансыз дүниенің бәрінде де дыбыс бар, олардың айтып тұрған әңгімесі де жеткілікті. Бірақ біздегі көрер көз бен соларды еститін құлақтың күш-қуаты төмендеу. Осы кемшілікті ашық мойындап, қоршаған дүниедегінің тілін ұғуға тырысып көрелік. Сонда барып шындықты сезінесің. Шындық дегенің жіктеуге келмейтін жалғыз дана. Бүкіл әдебиетте сол шындықтың қорғаушысы сатира. Сатираның көркем әдебиетте болуы шындықтың жалауы заңғар биікте желбіреп тұрған сұлу екенін көрсетеді. Сатира сол сұлу мен біздің екі ортадағы байланысшы. Сатира барда шындық батыл түрде адымдайды» деп жазған автор кітаптың алғы сөзінде.

Сатириктің заман шындығын өткір де көркем тілмен бейнелеген сықақ әңгімелері, уытты қалжың, мағынасы терең мысалдары білім көкжиегіңді кеңейте түседі. Кітап «Сайтанның сақалы», «Бәріңнің айтқаныңа қосыламын», «Шолақ мылтық» деген үш бөлімнен тұрады. «Бұл кітапқа енген сатира жайбарақат үстел басында отырып жазылған емес, ұшақтың қанатында, көліктің қомында, пойыздың вагонында, күре жолдың бойында, жауын-шашын астында дүниеге келген шығармалар. Сондықтан да уақыт кезеңіне қарай тақырыптар да алуан түрлі» деп ескертеді автор.

Жазушы жайлы әдебиетсүйер қауым жақсы білуі тиіс. М.Жылқыбаева физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жылға жуық уақыт зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан ғалым ретінде де отандық ғылымға қосқан үлесі зор. Ең алғаш 1986 жылы бір топ сатирик жазушылардың еңбектері топтастырылған «Қисық шеге» деп аталатын жинаққа Мағрипа Шөжеғұлқызының сықақ әңгімелері мен мысалдары енген. 1993 жылға дейін «Қазақ радиосының» әдеби хабарлар, жастар редакциясы арқылы әдеби, публицистикалық әңгімелері беріліп тұрған. Қазақстан Жазушылар одағының «Найзагер» сатирик қаламгерлер қауымдастығының мүшесі болған ғалым-қаламгердің публицистиканың сатира жанры бойынша жазған шығармалары «Ара», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақстан-Заман», «Қазақстан мұғалімі», т.б. газет-журналдарда басылды, қазір де республикалық ақпарат құралдарының сатира қосымшаларында жариялануда.

Жазушы туралы осыдан отыз жылдай бұрын белгілі қаламгер Үмбетбай Уайдин былай деп жазады: «Жазушы болу дегеніміз, біздің тәжірибемізде – азап, бейнет: пойыз ішінде ме, пойыз үстінде ме – қайда жүрмесін, қайда отырмасын, ойдың тұтқыны болу. Сынға талану. Уақытты ма, ұйқыны ма, ұлы өнер жолында әйтеуір бірдемені құрбан қылу. Үлкенді-кішілі әр шығармасы үстінде дүниеден бөлініп, жалғыз қалу. Үлкенді-кішілі әр шығармасынан кейін сылынып қалу. Жазушының жаратылысы: шын қуанып, шын күлу, шын күйзеліп, шын жылау. Әуелі денсаулық, содан кейін осы «азап-бейнеттің» бәрін үйіп-төгіп, құрметті Мағрипа қарындас, өзіңізге тілеймін», дейді Ү.Уайдин.